Мемлекет шекарадан басталады. Еліміздің ішінің ырыс, сыртының тыныш болуы шекара күзеткен азаматтарға байланысты екендігі аян. Тәуелсіз ел атанып, егемендік туын тіккеннен кейін өз еліңнің іргесін өзің күзетуің заңды құбылыс. Еліміздегі бейбіт өмір, қызу еңбек пен отбасылық тұрмыс мемлекетіміздің, туған ұямыздың амандығына байланысты. Тыныштық, бейбітшілік, достық пен ынтымақ орнаған ел ғана алға қарыштап дами алады. Ал осынау қастерлі мақсатқа біздің шекарашыларымыздың өз үлестерін қосып отырғаны айрықша қуаныш және үлкен абырой.
Шекаралы ауданда тұрғандықтан ел іргесін қорғау тек қана шекарашыларға ғана қатысты емес, сол маңайдың тұрғындарының қырағылығы мен сақтығына да байланысты. Ерікті жасақ деген түсінік бар. Ол шекарашылардың сенімді серігіне айналған. Жақын маңда тұратын тұрғындардан құрылған бұл жасақтың мүшелері тәулік бойы мемлекеттік шекараны қорғап жүретін шекарашыларға көмек көрсетуден жалыққан емес.
Шекара күзеті – үлкен абыройлы істердің бірі. Өйткені туған еліне қызмет ету және қорғау – әр азаматтың Отан алдындағы борышы әрі міндеті болып табылады. Ел шекарасының берік болуы үшін шекарашы жауынгерлермен бірге жүріп тұру емес, ол күнделікті өмір сүру кезінде, өзің тұратын ауыл-аймақта мемлекеттік шекараны бұзу белгілерін немесе күдікті адамдар мен техникаларды байқаған жағдайларды шекара бөлімі мен бөлімшелеріне жергілікті әкімдік пен құзырлы органдарға хабарлау – болайын деп жатқан құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен септігін тигізетіні анық. Осы ретте жергілікті тұрғындардан құралған «Ерікті жасақ» мүшелерінің көмегі орасан зор.
Егер бұл ерікті жасақ мүшелерінен уақтылы, нақты әрі сенімді ақпарат жеткізілсе және ол белгілі бір нәтиже берсе, олар берген ақпаратқа байланысты жоғарғы басшылықтан марапатқа ие болады. Жалпы осы ерікті жасақтардың көмегімен көптеген шекара бұзушыларының жолы кесілді. Қазіргі таңда шекарашыларға үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан Қалжат, Кіші Диқан ауылдарында ерікті жасақшыларымыз бар. Сұңқар шекара бөлімшесінің ерікті жасақтарының көмегімен шекара бұзу белгілерінің жолы кесілді. Атап айтқанда 2024 жылдың шілде айында 2 Молдова елінің азаматтары ұсталды. Қазақстан Республикасының шекаралық ережесін бұзғандары үшін айыппұл салынды. Осыған орай, жуырда атқарған адал қызметі мен мемлекеттік шекарамызды күзетуге қосқан үлесі үшін белсенді жасақшыларға алғыс хаттар беріліп, «Ерікті жасақ» құрамына қосылған азаматтарға куәліктер табыс етілді. Елді қорғау ісіне шекарашыларымызбен бірге қарапайым азаматтардың атсалысуы – патриотизмнің нағыз үлгісі. Ортақ іске бірге жұмылған елдің тыныштығына ешқандай қауіп төнбесі анық. Өз қалауымен «Ерікті жасақ» құрамына кіремін деушілерге шекара бөлімдері мен бөлімшелерінің есігі әрдайым ашық.
Азат АЛТАЙҰЛЫ,
«Сұңқар» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан