Басты бет Иман ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

0
819

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқанша, басқа бір жаңалық жылт ете қалады. Ақпараттың жылдамдығына ілесу де кәдімгідей білім мен сананы қажет етеді. Ең бастысы ұлттық құндылығымызды, ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді бұзбасақ болғаны. Өзімізге ғана тән қасиеттерімізден айырылып қалмасақ болғаны. Дәстүрлі ислам дінімен ғұмыр кешкен бабаларымыз өзге ағымдарды тар жол, тайғақ кешу замандарында да қабылдамаған. Ал қазір ше? Қара жамылып, бет-аузын бүркеп, жап-жас жігіттер сақалдарын қауғадай етіп өсіріп, басқа бір ағымның жетегінде жүргендігін қалай түсіндіреміз? Материалдық қиындыққа тап болған адамдардың аз уақыттың ішінде баспаналы, тіпті кәсіпкер болып жатқандығын да көзіміз көріп отыр. Бұл бүгінгінің шындығы.

Кеңес үкіметіндегі жағдай белгілі. Атеистік  қоғам дінді құбыжық етіп көрсетіп, қазақ халқының санасынан өшіруге күш салды. 70 жыл бойы сең соққан балықтай адасқан халық, әупіріммен тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірақ сондай дін-апиын деген идеологияның жетегінде жүріп те дініне берік адамдар бес уақыт намаздарын тастамады. Ауылда өзіміз бала болсақ та наурыз көже салған үйлерді аралап, мәре-сәре болатынбыз. Әкем оразасын қаза етіп көрмеген сол замандардың өзінде. Ал енді егемендікпен бірге өзіміздің дәстүрлі дініміз ұлтына қайта оралды. Жер-жерлерде мешіттер бой көтерді. Ата дініне сусаған халық шөліркеп отырған кезде бұл жағымды жаңалық еді. Жастар шетелге  ағылып діни білім ала бастады. Сыртта тағылым алған шәкірттердің көпшілігі қазақтың ата-бабадан мирас боп қалған дәстүрлі түсінігіндегі емес, көбіне араб ұғымындағы діни түсінікпен елге оралды. Оның ішінде салафшыл-уахабшыл сияқты асыра сілтеуші бағытты ұстанғандар да табылды. Жасырын емес өзіміздің ауданда да ондай жастар болды. Оқыған құрандарының өзінде құлағымызға жағымды нәрсені сезінбедік. Билік пен дін екі ұғым деген ұстанымды ұстанған лауазымды орындар қол қусырумен отырған кездер де болды. Дін саласы шынын айтсақ бетімен кетті. Енді  міне, соның залалы дейміз бе, зардабы дейміз бе адамдардың түсінігін екіге бөліп тастады. Рас, дін атаулыны, оның қыр-сырын, ғибадат амалдарын әркім өзінше қабылдап атқаруы – бұл оның жеке ықтияры. Алайда өз ұстанымын ғана хақ санап оны басқаға мәжбүрлеп, келіспегенді кәпір деп сөгіп қыспаққа алу, басқаның пікіріне деген асқан төзімсіздік таныту діншілдікке жатпайды. Салафит дінін ұстанғандар өз дегендеріне әсіресе жастарды тарта бастады. Жүре-бара салафшылар ұлтымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпын, құндылықтарын жоққа шығарды. Оның арасында ата-бабаның аруағын қастер тұтуды, зират басында құран бағыштауды иә болмаса келіннің сәлем бергенін Аллаға серік қосқанмен теңеп болдырмауға тырысып баққандар да табылды. Бұл көкірегі ояу азаматтардың намысына тиді. Өткенге топырақ шашу ешкімге абырой әпермейтіні тағы анық. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап бір сенімнің жетегінде есейеді. Тылсым дүниенің ғажайыптарын көре келе, бір құдіретті күштің бар екеніне шүбәсіз сенеді. Оны тануға, білуге асығады.  Міне, осы кезде ұлттық таным, салт-дәстүрмен ауызданған, өткен тарихынан хабары бар адам  өзіне қажетін ала біледі. Ал ұлттық болмыстан жұрдай, өзгенің қаңсығына таңсық пенделер адасады. Тура жолға емес, бұралаң сүрлеуге түседі. Діннің жасампаз әлеуетінен гөрі оның атын жамылған қауіпті идеологияның етек жаюы, әлбетте, жекелеген мемлекеттің әлсіздігін білдіреді. Әсіресе, аталған жағдай материалдық құндылықтарды бірінші орынға шығарып, руханиятқа немқұрайлық танытқан елдерге тән.

Жалпы, экстремизм біткеннің бәрі шектен шыққандық дегенді білдіреді. Соның ішінде діни экстремизмге иә радикализмге тоқталсақ, оның артында жамағаттың сенім-нанымын саясиландыруды көздеген арам пиғылдың, сырт күштердің арандатуы жатқанын көреміз. Ал бұған мойын ұсынар болса, арты неге ұласатынын кезінде экстремизмнің жетегінде кетіп, бүгінде быт-шыты шыққан Сирияның, Ливияның, Йеменнің, Египеттің, Алжирдің тағдыры куә. Діни ағымдарға тосқауыл қоюға тіпті оларды жойып жіберуге мүмкіндік бар. Бүгінгі Өзбекстандағы ахуалға зер салайық. Ауғанстан мен Тәжікстандағы соғыстың жақындығына, іштегі алуан түрлі діншіл радикалдардың сесіне қарамастан, неліктен көршімізде уахабшы атаулылар тойтарыс алды? Себеп оларды қатқыл түрде басып-жаншуда ғана жатқан жоқ. Мәселе діннің құдіретін дұрыс бағалап, Өзбек билігі 1990-жылдардың өзінде-ақ дәстүрлі бағыттағы имам-молдаларына барынша қолдау көрсетіп жеткілікті түрде еркіндік бере алғанында. Жастарының діни тағылымын шетте емес, өз елінде алуын кешенді түрде қамтамасыз еткенінде. Осының негізінде олар елдің сана-сезімі үшін күресте бүгінгі заман тілімен айтқанда бәсекелестікке қабілетті болды. Сонымен қатар, ел ағалары ұлттық болмысты жаңғырту, қоғамды өзбектендіру тұрғысынан жалаң ұрандарға салынбай, жүйелі шаруаларды тындыра алды. Яғни, сенім мен наным сияқты өте сезімтал салада тек тыйым салумен шектеліп қалмай, балама идеология ұсыну арқылы қатерлі дерттің жолын кесті.  Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті оқып-білген, қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді. Бірақ соларды оқу, түсіну, түю өте кенжелеп қалды. Қазіргі жастарға басқаша мәдениет, басқаша өркениет жақынырақ. Сондықтан әлі буыны қатпаған жастарға дәстүрлі дінді түсіндіруде жаңылыспауымыз керек. Жаңа ғасыр басында аңқау елге арамза молда болғандығы, рухани тұрғыдан халықтың қорғансыз қалғандығы осының кесірі болар. Дін – қазір қаржыға тәуелді. Дін, бір жағынан, бизнес. Жат пиғылдылардың сойылын соғып жүргендердің дені діндарлар емес, өз қаржыларын айналымға салғандар. Олардың құрығына ілінгендердің, жасыратыны жоқ, ақыл-есі жадыланған. Тұрмыс тауқыметін тартып, қаржылай қиындықта жүрген адамдар үшін таптырмас әрекет. Олар жағдайын жасаған адамдарға міндетті түрде тәуелді болары тағы шындық.

Әрбір ата-ана өз перзентін мейірімге бөлеп өсіреді. Қыздың бой жетуіне, ұлдың азамат болуына көңіл бөледі. Табиғаттарына тән кәсіпті, мамандықты үйренуіне, игеруіне көмектеседі, кездескен қиындықтардан шығатын жолдарды көрсетеді. Ешбір ата-ана баласын діни теріс ағымдарға еріп кетсін деп ойламайды. Алайда бүгінгі ата-ана баласына материалдық жағдай жасаймын деп жүріп рухани жағынан ақсатып жатқаны өтірік емес. Қазіргі ата-ана діннен үркіп қалғандықтан балаларына ғибадаттар атқаруына қарсы болып жатады. Негізінде дінді жоққа шығармай, оның дұрысы мен бұрысын түсіндіру керек. Әлеуметтік желілерде ҚМДБ ұстаздарының уағызынан басқаларын тыңдатпауға тырысыңыз. Балаңыздың дінге қызығушылығын байқасаңыз бірден тыйып тастамаңыз. Оны орталық мешіттегі имаммен таныстырыңыз. Әңгімеге тартыңыз. Мысалдарды Абайдан, Шәкәрімнен келтіріңіз. Діни кітаптар сатып аларда да мұқият болып, еліміздің дін басқармасы сараптамасынан өткен, рұқсат етілген кітапты алыңыз.

Теріс діни ағымның негізі белгісі – сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жоққа шығару. Мысалы жеті шелпек пісіру, кісі о дүниелік болғанда жетісі, қырқы, қонақастарын беруге қарсылық таныту. Өмірлерін ұлтына, дініне қызмет етуге арнаған әулиелерімізді жоққа шығару. Бүгінгі теологтардың, мешіттегі имамдардың басты міндеттері де дәстүрлі дінді өз қалпында түсіндіру, насихаттау. Шағын ауылда кейде көздерін ғана жылтыратып тұмшаланған қыздарды кездестіреміз. Жараспаса да сақал-мұртын өсіріп алған жап-жас жігітті көреміз. Оларды тоқтатып уағыз айтуға қауқарымыз жетпей тұрады. Өкініштісі де сол шығар. Ата-баба дәстүрінен адасып жүрген жастарды дұрыс жолға салуға билік те, дін басқармасы да, жалпы аузы дуалы үлкендер де мүдделі болар. Жат діни ағымдардың діттегені бай, қуатты еліміздің жаймашуақ өміріне қол сұғу болар. Оған ешқашан жол берілмейді.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЯХШИЛИҚ – ИНСАНИЙЛИҚ БОРЧИМИЗ

Ғәрипниң вә шәриқниң философлири қедимдин та һазирғичә көп нәрсиләрдә ихтилаплашқан, һәтта…