Басты бет Спорт ВЕЛОСИПЕДШІЛЕР ДОДАҒА ТҮСТІ

ВЕЛОСИПЕДШІЛЕР ДОДАҒА ТҮСТІ

0
878

Өткен жұмада  Республика күніне орай аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері арасында аудандық веложарыс өтті. Аудан әкімдігінің алдындағы алаңға жиналған велосипедқұмар жандар қаз қатар тұрды. Арнайы шақырылған спорт ардагерлері мен жарысты қызықтап келген адамдардың қарасы көп көрінді. Алдағы үлкен мереке қарсаңына лайықтап ұйымдастырылған шараға аудан әкімдігі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі және Шарын Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Паркі мемлекеттік мекемелері мұрындық болған.

Жарыс басталмас бұрын жүргізуші жігіт спорттың адам өмірінде алатын орны жайында татымды дүниелер айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында  «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп айтқан сөзін мысалға келтіріп, додаға қатысушыларға ақ жол тіледі. Мемлекеттік Гимн орындалды. Сонан соң құрметті қонақтар таныстырылды.  Қазақ ССР-нің жүгіруден рекордшысы, 1954 жылғы КСРО халықтары спартакиадасының қатысушысы, ауданның «Құрметті азаматы», Еңбек ардагері Ушуров Армия Сыдыкұлы, ауданның «Құрметті азаматы» спорт саласының ардагері Ахметов Болат Әлиасқарұлы, ауданның «Құрметті азаматы», аудандық спорт бөлімін ұзақ жыл басқарған Хитахунов Турсун, спорт саласының ардагері Исламов Низамдун Усенұлы. Алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтады. Сонан соң саламатты өмір салтын ұстанған жандардың бүгінгі жарыста жеңімпаз атануларына тілектестігін білдірді. Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы – сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер спорт құдіреті жоғары. Cпорт – денсаулық кепілі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, намысты қолдан жібермеуге барлық күш-жігерлеріңізді саласыздар деген ойдамын. Төрешілерге әділдік, қатысушыларға сәттілік тілеймін, деп сөзін аяқтады.

    Жарысқа 50 ге жуық велосипедші  қатысты. Көбісі жастар. Бұл қуантарлық жағдай. Алдын ала жасалған маршрут бойынша велошабандоздар жарыс сызығын кесті. Спорттың ең салмақты түрі саналатын велосипед жарысы соңғы кезде трендке айналды. Бұрын үлкен қалаларда ғана өткізілетін жарыстар қазір бізде дәстүрлі түрде өтетіні қуантарлық. Саламатты өмір салтын ұстанып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін осындай шаралардың көптеп өткізілуі керек-ақ. Артымыздан келе жатқан ұрпағымызға үлгі көрсетсек, олар да дене шынықтыру мен дене тәрбиесіне дендеп кірісері анық.

Жарыс қорытындысында ешкімге дес бермей мәреге бірінші жеткен Фарух Турсунжанов жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Аманжол Мұхамеджанов, үшінші орынды Данияр Ишкуллаевтар иемденді. Аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы жеңімпаздарға ыстық ықыласын білдіріп, оларға тиеселі марапаттарын ұсынды.

Көңіл-күйлері керемет, бір биік шыңды бағындырмаса да, өздеріне берілген шақырымды аса жылдамдықпен басып келген олардың жеңісіне бәріміз риза болыстық. Алдағы уақытта осындай спорттық мерекелердің көп болуына мұрындық боламыз деген ойдамын. Спортты әлемнің елшісі деп жатады. Спорт арқылы әлемге таныламыз. Осындай шараларымыз жиі өтіп, ауданымызда спортсүйер қауым көбейсін деп тілеймін.

Құндыз САБЫРБАЙ,

мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Спортты серік еткен

Жас буынның арасында бүгінде спортқа ден қойып, бос уақытын саламатты өмір салтына арнап, …