Басты бет Мәдениет және руханият АБЫЗ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МӘНІ МЕН МҰРАЛЫҚ МАҒЫНАСЫ

АБЫЗ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МӘНІ МЕН МҰРАЛЫҚ МАҒЫНАСЫ

0
51

Әлмерек абыз Жаншықұлы 17-18 ғасырда Қазақ хандығы тарихынан шежірелер арқылы белгілі ірі тұлға. Тұлғаның қызметін ашып көрсету үшін, оның халық арасында абыз атанғаны, абыздық қасиеті туралы, батырлық мінезі жайлы  анығын айту лазым. Сөздің басы әуелгі замандарға жалғасатыны заңдылық, өйткені әрбір мәдени және рухани дәстүрдің бастауы болады, соның сабақтастығын көрсету қажет. Оның себебі дәстүрдің тарихи негізін көрсету, абыздықтың мән-мағынасын, маңызын ұғынуға негіз болады. Басқасы басқа, әр өркениеттің өзіндік мәдени ерекшелігі болады, сол ерекшелік қазақ тарихында түркілік мәдени бастауға біздің заманымызды жалғайды.

Жетісу жері қазақтың жазиралы кең даласының өзге өлкелеріндей, тау-жоталы биік сеңгірлеріндей, табиғаттың қазыналары, ұлы тұлғалары мол, бай, берекелі аймақтың бірі. Табиғатты тау-тас, өзек-сайларды аралап, ақ бастау бұлақ басына барып тамашалайтын болсақ, ел қадірлеген тұлғалар жайлы тек қана қария сөзінен, шежіре таратылуынан, ескілікті әңгімелерден ғана ел аралап жүріп, сұрап-біліп, тоқумен ғана қанық болуға болады. Ондай қария сөз үлгілерінің сақталуы қазақ қауымының ру-тайпалық ортасымен орайлас, және ол ғасырлар бойы жалғасқан мәдени дәстүр болып табылады.

Жоңғармен шайқасқан атақты Райымбек батыр, әйгілі Сүйінбай ақын Аронұлы жырлаған «Сұраншы батыр» дастаны, Саурық батырдың ерліктері, Ұзақ батыр, басқа да халық қаһармандары туралы көптеген тарихи мәліметтері көбіне- көп халық ауызында айтылатын аңыздардан белгілі. Аңыз болғанымен жалған емес, аңыз болса-дағы болған оқиғалардың. желісін өзгертптпей, нақты баяндайтын халық жадысы бұл. Абыз, батыр, қариялар жайындағы әңгімелерді де баяндайтын көбіне ел үлкендері, ақсақал адамдары.

Шоқанның «Ұлы жүз қырғыз-қайсақтары туралы» атты еңбегінде, ол «Дулат қайсақтары Ұлы жүзде баска ру-тайпалардың барлығынан өздерінің көптігімен, байлығымен ерекшеленеді. Олар Ұлы жүздің басқа ұсақ үш есе көп. Дулаттар мен албандардың кейбір ұрпақтары және қонып жүреді. Бұл екі ру әрі қарай тағы да бөлінеді, оларды тарату реті келгенде сөз етіледі» деп көрсеткен [1].

Әлмерек абыз Жаншықұлы өзі абыз, әрі батыр болған адам. Ол албан руының жерлерін қалмақ басқыншылығынан азат етуге қатысқан ер. Жоңғар хандығы күшейген уақытта, албан руы өз аталарымен атажұртынан ажырап, өзге жерге ығысуға мәжбүр болды. «Қалмақтарды қуып шыққан соң Қаратау мен Қазығұрт, Сарыарқа өңірінде жүрген Албан руы кешегі өз ел жұртына қарай қайта ағылды. Алғашқы келгендердің бірі Қызылбөрік руының ұрпақтары еді. Олар Найманбайұлы Әжібаймен Құланаян Құлбарыс батырлар басқарып, Алатауды бөктерлей жүріп Түрген өзенінің бойындағы Шөладыр етегіне жетеді. Қоныс еткенде бұл өңірді алғашқы өрттен кейін қалпына келтіруге бел байлайды. Әжібай батыр ағайын, ел-жұртымен ақылдаса келе Түргенен Адырға қарай су көтермек болып, екі жүздей жігіттің басын құраған.

Адырдағы жылғаларды қуалап жүріп арық қаздырады. Атты кісі кешіп өте алмайтын асау өзенге бұғалық тастаған Әжібай кемерлетіп қазылған кең арықты, түскен қойды ағызып кететіндей екпінді мол суға толтырады. Айналасы бес-алты жылдың ішінде Қаракемер төңірегі егінді, жемісті, бау-бақшалы аймаққа айналды да кетті. Бертін келе тоғанның суы Жалпақсаз (Ақши) бен Атамқұл ойы (орыс билігі кезінде Маловодный деп өзгерген) деген жерге дейін ағып баратын болды. Туыс-бауырлары Атамқұлды – Құлжа жол бойына, Бақтиярды – Таукемерге, Жанботаны –  Шилікемерге (Казатком деп жер аты өзгерген) дейін орналастырады. Демек, Қаракемер өңірі Қызылбөрік ұрпақтарының еңбек сіңіріп (Әжібай тоғаны күні бүгінге дейін аталады), тарихи үлес қосқан мекені, еншілес жері десе артық болмас» [2].

Ғұлама, академик Әлкей Марғұланның зерттеулерінде аталатындай, әуелгі ғұндар дәуірлерінен, ежелгі түрік заманынан-ақ ерлік мінез, абыздық қасиет, қазылық ғаділет, далалық қауымдардың әлеуметтік құралуы нәтижесі ретінде дамыған. Оның барлығы ең алдымен ежелгі бақташылық, жылқышы шаруашылығы, көшпенді тұрмыс жағдайында елдесе біліп ел болу жолындағы қалыптасудың мән-мағыналарын, әулеттердің құралуы, рулардың одақтасуы барысында пайда болған маңызды роль атқарған ерекше тұлғалардың бірі — абыз, би-шешен, батырлар, қазы, хан, қағандар болған.

Ә.Марғұлан тарихи, мәдени тұрғыдан ғұн мен түркі арасындағы байланысты былай түсіндіреді: «Түріктердің есінде сақталған екі ұлы бейнесі бар. Бірінші, ескі дәуірден бері қарай олар ұлы апатқа ұшырамаған, жер сілкінуді білмеген. Екінші олардың табынатын сәуегей орны аспан мен жер. От, аспан, жер-су, жерге қарап бас ию олардың әдетті ісі. Аспанды «Тәңірі» дейді, оған арнап жылқы, сиыр, қой сойып құрбандық шалады, сәуегейлік жыр шығарады. Олардың арасында бақсы, абыз деп аталатын ойшылдары бар, олар ілгеріні болжап аңыздар шығарады» [3].

Мысалы, Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі еңбегінде көрсетілгеніндей, «тоғыз атада би болған қадірлі әулеттер ғана түрік саяси дәстүрінде хан әулеті қатарына қосылған». Бұл мағыналар, әрине, «Оғыз-нама» кітабында баяндаған түркілердің ежелгі саяси дәстүрін көрсетеді. Демек, саяси элитаның заңдылы болуы, ресми легитимациясын бекітетін тұлғалар, олар абыздар еді. Абыздар өздерінің ерекше қасиетімен адамның тылсым күшін, харизмалық қасиетін де білетін болған. Оларды санаткер абыздар білетін болған сыңайлы. “Абыз деп әдетінде көпті көрген үлкен, ұзақ жасаған қария, көп білетін адамды атаймыз. Ерте уақытта есепші, ақылман, сәуегей, көріпкел, жұлдызнамашы, шешен, насихаткер тұлғаларды абыз дейтін болғанға ұқсайды. Дегенмен, абыз ерекше түйсік, сезгіш сана иесі, ал абыздық – дәстүр әрі білім мектебі, рухани өшпес құндылық өзегіне айналған ерекше құбылыс. Ол түркілік шамандық, бақсылықтан жалғасқан. Абыз тұлғасы көне тарих уақыттарында қалыптасып жетілген» [4].

Бұл саяси-әлеуметтік және этносаяси-мәдени процестер мемлекеттілік, қауымдардың елге айналуы, хандықтардың біртұтас қағандықтар империяға қалыптасуын көрсетеді. Мемлекет ол халықтың ұлтқа айналып, қуатты елдігі болуын көрсетеді. Советтік ғылыми танымда ұлт тек қана капитализм немесе коммунизм заманында ғана пайда болады деген жансақ ой санаға орнықтыру үшін еңбектенді. Бірақ ол тарих шындығына келмейді. Өйткені, адамзаттың тарихында ежелгі ұлттар да, ортағасырлық ұлттар да, жаңа заман ұлттары да болған. Олардың ең басты көрсеткіші халықтың ұйымдасып, тобыр болмай, ықтымақты елге айналуы, сол арқылы мемлекет болуға қол жеткізуі еді.

Теориялық тұрғыда бұл көзқарас еуропалық ілімдердің ұстанымдарына келуі де, келмеуі де мүмкін, бірақ түркі өркениетінің мәдени болмысы туралы ой толғамдарына толық сәйкес келетіні анық. Ол ойдың дәстүрлі танымдары мен құндылық түсініктеріне сай келетінін тұжырымдарын түркілердің «Оғыз-намасынан», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Мақмұт Қашқаридің «Түрік сөзі жинағы», Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Қадырғали бидің «Жылнамалар жинағы», Мәулана Өтеміс қажының «Шыңғыс- намасы», Мұхамед Қайдардың «Рашиди тарихынан» таба аламыз. Ол ойдың түпқазығы түріктің ел болуы, мемлекет құруы, әулеттерінің қалыптасуы тарихында тұр.

Мемлекет іргесін берік ұстау, ұлттық мүддені ту ету, ел іргесін сөкпеу, халық ынтымағын арттыру кез келген қауым үшін ұйымдасып, бір болу, бір болып, ортақ мақсаттарға қол жеткізуді жолы болып табылады. Оның басты іргелі негізі елдің іргесі тұрғызылатын жер екені анық нәрсе. Ежелгі ғұндар билеушісі Бөде қағанның айтқаны да сол ұстаным «Жер мемлекеттің іргелі негізі» деген. Бөде қағанды тарихнамада Мөде қаған, Мөде шаньюй деп тарих жылнамалары арқылы атайды. Ол жауынгерлік қасиетімен, мемлекет басқару қабілетерімен, ғұндардың елдігін берік болу жолын көрсеткен. Сол ғұндардың билеушісі Бөде тәңірқұты заманында болған абыздардың міндеті қоғамды рухани тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып отыру. Тұрандық халықтардың ертедегі қаңлы, үйсін, ғұн елдерінің билік жүйесі көп сатылы мемлекеттік лауазым қабаттарында «абыз» лауазымы болғаны тарихи деректерде айтылады.

Көне үйсін елінің басты шешім қабылдаушы Күн бидің әкімшілігі дұғлы – бас уәзір, бас қолбасы, дарту – бас жасауыл, абыз — бас бағам, ұлыс бегі, орда бегі, атқосшы сияқты тоғыз сатылы қабаттан, ғұндардың басты шешім қабылдаушы Тәңірқұттың басқару жүйесі — 24 әскери-әкімшілік шен мансаптарын құраған. Оның он екісі Тәңірқұттан төмен сол Білге сол қанаты шығыс жақта тұрады, оң қанаты батыс жағында тәңірқұттан төмен оң Білге бастаған тағы 12 шенді мансаптылар. Барлық 24 дәрежелі Тәңірқұттың шенділері өзіне қарасты мыңбасы, жүзбасы, онбасы, кіші хан, ақылман жасауыл, дувей, даңға, сақа қатарлы мансаптыларды тағайындаған.

Бұл абыздар жаңа жылдың алғашқы айында халықты басқаратын ел басылары тәңірқұттың ордасына жиналып, көктемгі құрбандық шалған. Жаңа жылды көктемде атау түркілік рәсім. Ақылға қонымды құбылыс. Тәңірқұт дегені – Күн Ұлықтың бейнесі аспандай Тәңір құты деген сөз. Мемлекет басқарудың шен дәрежелі мансапты сатылары дәстүр ретінде өзгеріссіз жалғасын тауып, абыздар атқаратын тәңіршілдік дүниетаным негізінде жаңғырған [4]. Көне үйсін ұлысында 15 лауазымды ұлық, ең биік мемлекет басқару орнын игерген. Осы тұрандық ғұн, үйсін әскери-әкімшілік шенді құрылымдарының ортасында маңызды лауазым бас ақылгөй абыз, санаткер абыз, төреші абыздар болған. Ақылгөй абыз көріпкелдік өнер иесі, қоғамның келешек тағдырын барлап, қандай тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз есепші, жұлдызнамашы, табиғат білгірі, әртүрлі өнер атаулының, терең ғылым-білім иесі, бойына біткен өнердің күшімен даму жолын танып біліп, елдің рухани ұйытқысы болған, қалың қауымды саясат маңына сүттей ұйытып отырған [5]. «Ескі кездегі шамандарды абыз деп ру бастықтары, ру ақсақалдары, бақсы-балгерлер мен қобызшы, домбырашы, әншілердің барлығы да абыздардан өрбіген» деп көрсетеді Құдайберген Жұбанов [6].

Абыздардың ішінде «төреші абыз» қоғамның әділет, құқық, заң, жол, тәртіп, әлеумет қарым-қатынасын реттеу әдеттерінен жөн сілтеп, төрешілік еткен. Қазақтың атақты билерінің түп-төркіні мен билік қызметі осы абыздықтан бастау алған әдепкі құбылыс. Абыз үшін қоғамның саяси- әлеуметтік мүддесі шешуші әрі басты нәрсе саналған. Ол үшін қоғамның рухани тұтастығын сақтау маңызды. V-VIII ғғ.

Түркі қағанаты заманында абыздық қызметін Тоныкөк, Қорқыт ата атқарған. Тоныкөк қоғамның ақылгөй көріпкелі болудың үстіне, Қытай мен Түрік елі арасындағы идеологиялық күрестің дәл ортасында қызу атсалысып, жау жақтың теріс ниет, аяр айла-тәсілінің шырмауына түсіп қалмау жағына ескерту жасап отыруында көп мағыналы сырлар жатыр. Әз Жәнібек заманында ханның абызы Асан Қайғы [7]. «Бұдан соң қилы-қилы заман болар, заман азып, заң тозып, жаман болар. Қарағайдың басына шортан шығып, балалардың өмірі тамам болар», — деп ханға болжау айтқан ақылгөй болған, қазақ қауымының келешегі туралы көріпкелдік пікірін толғаған. Отарлану қасіретінен құтылудың жолы ретінде Желмаясына мініп жаңа қоныс іздеп, Жиделі-Байсынды жақсы қоныс деуі жай қиял емес еді.

Ғұндық Бөде қағанның мемлекет құрудағы далалық ескі дәстүрлерді жалғастырып, оң қанат пен сол қанатынан әскер құрып, қаған ордасындағы кеңеске абыздар мен баһадүрлерді топтаған. Абыздар билеуші қағандардың ақылман кеңесшісі, жазарман бітікшісі, бітікнама иелері, уәкілетті уәзірлері болған. Батырлары қаһарман, ержүрек, даңқты батыл қолбасшы, беделді рубасы ағаманы, хандардың, қағандардың аталығы болған. Бектері болса билік жарлықтарын түзушібілік иелері, әділ қазылық би-шешендері болған. Бірге болып, елді ел қылғандар. Ол жер осы Үлкен Жетісу мен Кіші Жетісу өлкелері мен өңіріне қатысты ескі тарих.

Жер – мемлекеттің аумағы, ұлыстың территориясы, хандардың ордасын тігетін аймақтары, қасиетті атажұрты, киелі атамекені болып табылады. Қазақ халқы үшін жер қасиетін қадірлеу басты құндылықтардың бірі. Қазақ жерлері деген тұтас ұғым болғанымен, ежелгі замандардан-ақ ол жер қазақ қауымының одағына кірген көне түркі ру-тайпаларының қасиетті атажұрты болған. Үйсін, дулат, жалайырлардың, арғын, қыпшақ, найман, керей, меркіт, қоңырат, қият, уақ, қаңлылардың, жағалбайлы, алшын, адай, табын, тама, кердері, кетелердің ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеті атамекен жерлері Алаш Мыңы, Үш Алаш, Алты Алаш, Қазақ Одағы болып қалыптасуы барысында мөрдей басылғандай, іргесі сөгілмейтін біртұтас қазақ жеріне айналды.

Шыңғыс қаған өз заманында «Мен киіз туырлықтылардың біртұтастығы жолында Ұлық Ұлысын құрдым» деген. Бұл ұстаным «Киіз туырлықты қазақ, Уыз үйлі» атымен белгілі, ертедегі Оғыз қағанның, немесе Бөде қағанның Алаша үйлі, ағаш керегелі, алтын шаңырағын, тоқсан екі баулы қыпшақтың, (бау деген уықтар мен керегені байлап, бекітетін киіз үйдің құрылымдық элементі М.А.), яки тоқсан екі баулы өзбектің (дұрысы — уызбектің — М.А.) аталуы да сол бір ортақ, тұтас ел болу идеясын қамтиды. Осының барлығы ой тұрғысындағы ежелден жалғасқан Тұран мен түркінің біртұтастығы менен ынтымағын, ажырамас бірлігін айқындайды. Соның қайнар көзі, іргелі негізі салт атты, сабау қамшылы, алаша атқа қонған жауынгер қазақ болғаны белгілі.

Берік ұлттық танымды, тұтас мәдени бірегейлікті, ажырамас мәдениет болмысын сақтаушылары да абыздар мен жыраулары, жыршы, ақындары мен би-шешендері, қаһарлы батырлары, киелі әулет болған төре хан-сұлтандары, диуана, бақсы, сопылары, ел билеген беделді рубасы ақсақал, қариялары мен шежіре тарқатқан ескі сөз иелері, асыл қарттары болған. Соның барлығы ғасыр мен мыңжылдықтар бойы, көне мық, ежелгі сақа-ғұн, ертедегі үйсін-қаңлы, ескілікті түркі қағанаты, ортағасырлық оғыз-қыпшақ, оңғыт-найман, қарлық-қарахан, кимек-қидан, басмыл, жалайыр-ұйғыр қағандықтары тұсынан бері аражігі ашылмаған, байланысы үзілмеген сабақтастығын сақтап, беріде Ұлық Ұлыс, Жошы Ұлысы, Әбілқайыр мемлекеті, Қазақ Ордасы кезіне дейін өзінің мәдени дәстүрлерін өзгермес мирастыққа жалғастырды. Қазақ хандығы сол саяси дәстүрді үзбей сақтады. Түркілік жолына берік болып, Шағатай Ұлысы, Моғолстан, Сібір хандығы, Маңғыт Жұрты, Шайбан мемлекеті жұртын бірте-бірте біріктіріп, біртұтас Түркістан болудағы жолда, Алаш бірегейлігін сақтап жалғастыруға, мәдени мұраларды жалғауға, өзіндік болмысын жоғалтпауға қызмет етті. Сыртқы ықпалдарға қарсы тұрып, жау шебінен шегінбеді, дұшпаннан киелі жерін қорғады, қасиетті жұртын сақтады, баянды елдігін нығайтты.

«Тәуке ханнан кейін хандық дәуірдің бытыраңқылық кезеңдері басталады. Оның ішінде «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», шартты түрдегі «Екінші Аңырақай», жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету жылдары бар. Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдарына көз жүгіртсек, онда оның хандық дәуірдің соңғы екі кезеңі мен бытыраңқылық дәуірдің алғашқы төрт кезеңіне сәйкес келетінін көреміз» деген қорытынды жасайды «Әлмерек баба қазақ хандығы дәуіріндегі ұлы тұлға» атты мақаласында» [8]. Әлмерекабыздың шығу тегін айтар болсақ, оның арғы бабаларына шолу жасау қажет: ол Албанның Сары бұтағынан тарайды, Сарыдан Таубұзар (Сүйменді), одан Бозым, Бозымнан Жаншық, одан Әлмерек абыз. Қазақ халқының тарихи жадында Әлмеректің есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Хангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Әлмеректен өз белінен бес бала болған, олар: Жәнібек, Баба, Құрман, Қаракісі, Тоқан, әрі рпақтарының ішінен елге сыйлы батырлар, би-шешендер шыққан. Жетісу өңіріндегі 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісінің басшыларының бірі Ұзақ батыр, күйші Қ. Назарұлы, жазушы Б.Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал қалмақтарға қарсы жігерлі күрескен Байсейіт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпақтары. Әлмеректің екінші баласы Бабадан – Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден Қорам және Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың жадында Әлмеректің шығарған даналық сөздері, қара өлең шумақтары сақталған [9]. Албанның руларыелді мекен жерлері, Жетісу аймағы, ұзақ уақыт бойы қалмақтардың қол астында қалып, оларға қарсы шын мәнінде үздіксізқарсылық шайқас салуға мәжбүр болды. Осы соғыстардың басы-қасында Әлмерек абыз болды. 1745 жылы Наурызбай батыр бастаған әскер Албанды қалмақ құлдығынан құтқару мақсатымен Сапы-Саты көлі арқылы жартысы Доңызтауға, жартысы Мұзартқа қарай бет қойды. Бұл шайқасында Әлмерек батырдың ұйымдастыруымен Албан батырлары ерлік көрсетті. Құмтөкейде бес күн ұрыс болып, Албанның Оңқа батыры ерлік танытты. Үш жүздей жараланған қалмақтан басқа жаудың сарбаздары түгел қырылды. Жетісудың оңтүстік жағы жаудан тазартылды [10].

Тарих есебімен алғанда күні кеше ғана жақын, осыдан бірнеше ғасыр бұрын ғана орын алған оқиғалардың ішінде болған тарихи тұлғаның бірі, әйгілі Әлмерек абыз абыздығымен қатар батырлық қасиеті бірге болған, ол Жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқасқа түсіп, қасиетті қазақ жерін жаудан қорғаған. Іле ауданында Әлмерек абыз кесенесібар. Өзі жас кезінде батыр болып ел қорғаса, кейін ел басқарған, билік айтқан би болды. Оның үш әйелі үш жүздің қызы болған. Қартайған шағында болашақты болжайтын көріпкел, абыздық деңгейдегі қасиетімен елге танылған. Ол 22 жасында қалмақтың бас қолбасшысы Шонжыны жекпе жекте жеңгенітуралы Қытайда қайтыс болған жазушы Ә. Тойғанбекұлы «Қайран елім» романында жазған.

Тарихшы ғалым Т.Омарбеков атап өткеніндей, 1697-1727 жылдары Жоңғар мемлекетін басқарған Цебан-Рабданның қазақ жерін біржолата жаулап алуды мақсат еткені белгілі. Албандар мекендеген Жетісу аймағы бірқатар уақыт қалмақтың қол астында қалып қояды, алайда бұл жоңғарлар қазақты біржолата женді деген сөз емес, себебі Әлмерек батырдың ұйымдастыруымен басқыншыларға қарсы күрес бір сәт те тоқтамаған, барлық іс-әрекет партизандық соғысқа ауысқан. Албан руы «Ақтабан шұбырынды» жылдары басқа тайпалар секілді батысқа қоныс аударған жоқ. Олар атамекеннің орманы мен тауларын қорған етіп, қарсыласу шайқасын жүргізді. Әлмерек батырдың елді азат ету үшін қолбасшылық танытқаны осы 1723-1745 жылдар еді [11]. Қазақтың шежірелік сөзінде бұрын өткен белгілі абыздар қатарында Қойлыбай абыз, Нысан абыз, Құрманбай абыз, Сабырбай абыз, Сары абыз, Ботан абыз, Қараман абыз, Көшербай абыз, Мәстек (Құдайберген) абыз, Дәнсат абыз, Өтеміс абыз, Байқонақ абыз, Құрманбай абыз, Шаншар абыздар бар. Бұл абыздар заман ағымын алдынан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе төгілген шешен, ой ойласа — көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға абыздық деңгейге жете алған [4].

Әлмерек абыз бірталай үлгі сөздер айтып, елге тәлім үйретеді. Халық бұл кісінің сөзін зейінмен тыңдайды. Оған деген құрмет сезімдері күшті болған, бәрі Әлмерек абыз сөзіне ынтыға құлақ түріп, сонда абыз: «Жаратқан Құдайдан жақсылық тілемейтін пенде жоқ. Сол тілекке Жаратқан иісе, адам баласы мұратына жетеді, ендеше ғибратты сөздерге ден қойыңыздар» деп, жұртты даналық сөзге бейімдейді екен.

Әлмерек абыздың сондай насихат сөзінің біреуі:

Қазымыр болсаң – ұлың кетеді,

Қытымыр болсаң қызың кетеді.

Сиымсыз болсаң келінің кетеді,

Тынышсыз болсаң серігің кетеді.

Қатал болсаң – жұртың кетеді,

Сұраншақ болсаң ұятың кетеді.

Ақылсыз болсаң бауырың кетеді,

Ақымақ болсаң –  ауылың кетеді.

Аз нәрседен көңілің кетеді,

Мұратқа мінін тү түзеткен жетеді. Міне, осы тәлімді есте сақтаңыздар, –  дейді [12].

Әлмерек абыз кісі атаулы адам баласына жақсылық тілеуші әулие адам екен, тәлімі бұлжытпай ұстануға лайықты екен. Ол балаларға «өздеріңе тиесілі балалық борыштарыңды бұлтақсыз, адал орындаңдар, өйткені, ұл мен қыз, келіннің ата-ана алдында жақсы болуы қажет» дейді екен. Насихатында:

Ұлдың жақсы болғаны – өмір ізі,

Ұлдың жаман болғаны –  көңіл сызы.

Келін жақсы болғаны –  келген дәулет,

Келін жаман болғаны –  бітпес бейнет.

Қыздың жақсы болғаны – нұры тамғаны,

Қыздың жаман болғаны – қырсық шалғаны.

Содан бастап бұл үйдің адамдары бірін-бірі елжірей сыйлап, үлкенінің айтқанын кішісі екі айтқызбай орындауды әдет етеді. Өзара сөздері де сыпайы, көзқарастары да мейірімді. Маңайдағы ел де енді бұларды үлгі тұтатын болыпты. Әлмерек абыздың қасиеттері ұрпақтарына да жалғасқан, олардың қатарынан батыр, би, мықты ғалымдар шыққан [13].

Әлмерек абыздың тағы бір айтқан насихат сөзі, бата беруі де абыздық қасиетін көрсетеді. Зерттеуші ғалым С. Негимов «латын жазушысы Ермий Созоменнің бақылауынша, «күндерде бір күн сәйгелден мазасы кеткен бұқа көлді жүзіп өтіп оның арғы бетіне шығады, оның ізімен бақташы бірге шығады. Ол жер созылып жатқан бір шүйгін жер, оны еліне келіп айтады. Жаңа туған балаларға: «Ер алпауыт болсын» деп Өгіз (Өкір) қоятын болды» [14]. Қазақтың бата беру дәстүрі ғұн заманынан басталатынын көруге болады» деп жазады, яғни бата беру, алғыс айту дәстүрі де ерте замандардағы абыздардың салған жолы деп білу қажет.

Әлмерек батыр қазақ-жоңғар соғысына қатысқан батыр. Өмір соңына қарай қартая бастағанда Әлмерек абыз әскерге жас сарбаз жаттықтырумен айналысқан. Сондай шәкірттерінен тылсым қасиетімен танылған Райымбек батыр шыққан, және өз немересі Саурық батыр шыққан. Ел тарихында елеулі орны бар Ұзақ батыр да осы кісінің тікелей ұрпағы екен [15].

Қорыта айтқанда, Әлмерек абыз тәлімі зор тарихи тұлға. Ол қазақ халқы тарихында жаумен шайқас салып, елге насихат айтқан абыз ретінде танылды.

Алпысбес Махсат Алпысбесұлы, Л.Н. Гумилев атындағы

ЕҰУ-нің Евразиялық зерттеулер кафедрасының

профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТҰҒЫРЛЫ МЕРЕКЕМЕН ҚАТАР КЕЛГЕН ТАРИХИ КҮН

Осыдан 33 жыл бұрын ата-бабамыздың асыл арманын, ақ тілегін орындадық, Егеменді ел болдық!…