Астана туралы сөз қозғасақ, көкпен таласқан, көркі көз тойдырар ғимараттарын еске аламыз. Олардың әрқайсысының таң-тамашасын таңды таңға ұрып сөз етеміз. Ал солардың ішінде Хазірет Сұлтан мешітінің жайы тіптен өзгеше. Елбасымыз да «Түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз –Құран» демеп пе еді? Ендеше бас қалада зәулім мешіт салдыру әу бастан-ақ Ұлт көшбасшысының идеясы болғандығы анық.
Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды нысандармен іргелес жатқан ғибадат үйі 13 га. аумақта орналасқан, мешіттің жалпы көлемі 17, 7 мың шаршы метрді құрайды. 2009 жылы басталған Хазірет сұлтан мешітінің құрылысы 2012 жылы 6 шілдеде салтанатты түрде ашылды. Небәрі 5 жыл ішінде мешіт еліміз бен шетелден келген қонақтардың тамсана қарайтын үлкен орнына айналған.
Мешітке аяқ басқаннан-ақ өзгешелігін ұғынасың. Тазалыққа мығым қызметкерлер де әрбір келген қонақтың арнайы киімдер киіп, дәрет алуына жол нұсқап тұр. Ондағы әрбір қызметкер сыпайылық танытып, қажетіңе көмек қолын созып, ықылас білдіргенінің өзі асыл дініміздің діңгегінің мығымдылығын, қарапайымдылығы мен ерекшелігін танытса керек. Ғибадат үйіне кіргенде киетін киімдер де ойластырылған. Кіргеннен-ақ қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтерін аңғаруға болады. Күмбездегі ұлттық нақыштағы орнаменттерді жергілікті сәулетшілер қолдан құйып жасағаны бірден көзге ұрады. Мешіт ішін әрлендірген әрбір тас та, әрбір темір де қиюымен келген. Сәулет өнерінің хас шеберлерінің қолынан шыққан туындылар екені сөзсіз. Классикалық ислам үлгісінде жасалған мешіттің әрбір шегесі әсер қалдырады. Жалпы сыйымдылығы 12000 адамға арналған мешіттің сәні мен сәулеті келісіп, Ислам дінінің рухани ордасына айналып тұрғаны анық. Сұлулық пен жылулықтың мекені болып отырған бұл мешіт астаналықтар-дың ғана емес, барша еліміздің дінге деген құрметін көрсеткендей.
Имандылық ордасы үш қабаттан тұрады. Мешітте ерлерге арналған 4000 адамдық намаз залы, әйелдерге арналған 1 000 орындық намаз залы, имам, наиб имам, азаншы бөлмелері, неке қиюға және дәрет алуға арналған бөлмелер, Құран оқуға және оқу ағартушылық топтың сабақ оқуына арналған залдар, 500 адамға арналған ауызашар, құдайы ас беретін асхана бар. Міне, осының бәрі де ерекше ықыласпен салынған.
«Хазірет Сұлтан» мешіті – Қазақстан бойынша ең үлкен күмбезді мешіт болса, әлемнің ең көрікті, ең үлкен 10 мешітінің қатарына енген екен. Еліміздегі бұл мешіттің құрылысына 100-ден астам жергілікті және шетелдік құрылыс компаниялары ат салысқан. Ал құрылысқа қажетті заттар әлемнің 11 елінен алып келінген екен. Үлкен намаз залындағы күмбез Орталық Азиядағы ең үлкен күмбез. Оның биіктігі – 51 метр, ені 28 метр. Ал мешіттегі Люстра арнайы осы мешіт үшін жасалған. Әйнегі таза хрустальдан болса, темірі латунь. Салмағы тіптен таңғалдырады, бақандай 3 тонна.
Ислам дінін жанына серік еткен бабаларымыз қай кезде де мешіт салу ісіне үлкен құрметпен қараған. Ол адамның бағасы пенденің ғана емес, Жаратқанның алдында да биік деп есептеген. Ендеше Сарыарқаның төсіне айбынды Астана орнатып, ол жерге келісті мешіт салдырған Елбасының құрметі де елі үшін ерек. Жаратқан қазақ елінің мәңгілік болуына жар болып, бейбіт күннің шуағын мәңгі шашса екен деп тілейміз!
Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ