Басты бет Мәдениет және руханият ЖАҚСЫ КІТАП – ЖАН АЗЫҒЫ

ЖАҚСЫ КІТАП – ЖАН АЗЫҒЫ

0
3,869

Қатты қажыған немесе жүйкең шаршаған кезде қолыңа жақсы кітап түссе жан сарайыңның сергіп сала беретіні бар. Аудандық кітапханамыз жаңа заманауи ғимаратқа көшкелі бері жаңа кітаптар легі де толастамай түсуде. Кітап қоры жылдан жылға көбеюде. Оқырмандар саны да артуда. Қазір адамдардың күйбең тіршілікпен кітапханаға келетін уақыттары жетпей жатқандығын назарға алып, кітапханашылар кезекпен халық көп топтасқан жерлерге кітаптарды насихаттау жұмысын қолға алдық. Әсіресе орталық базардың оқырмандары өте көп болып шықты. Қазір олардың тапсырыстарымен кітаптарды апарып беретін болдық.

 

Кітап оқитын адамдар азайды деген сөздің жаңсақтығына осы шара барысында көзіміз жетті. Бүгінде оқырмандарымыз көбейгендігімен мақтана аламыз. Кітапқұмар жандар үшін аудандық кітапханаға бірталай жақсы кітаптардың түскендігін айтқымыз келеді. Мықты театр сыншысы, жазушы, әнші кезінде мәдениет министрінің орынбасары, өнер институтының ректоры лауазымдарын атқарған, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың өмірі мен өнер жолына арналған жан жары Күләш Сығайдың «Сын сардары» атты кітабын оқырман қауымға оқуға кеңес берген болар едік. Еліміздегі театрлардың білгірі, қоғам қайраткері, талай шәкіртті шыңдаған өнер саңлағы Әшірбектің өмірден мезгілсіз кеткені тек отбасына ғана емес, жалпы халықтың басына түскен ауыр жағдай деп қабылдау керек шығар. Әшірбек Сығайдың өнердегі, жолдас болған жандарының естеліктері керемет нанымды баяндалған кітапты бізден алып оқыңыздар.
Белгілі жазушы, ғалым, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлының қазақ тарихын тереңінен зерттеген талай дүниелері оқырман қауымның қолына тиген-ді. «Қазына» атты шығармасы қазақ халқы тарихының ауызша жеткен деректерін жазба дереккөздерімен салыстыра зерделеу арқылы оқырманды шынайы төл тарихымен табыстыруға болатындығын жан-жақты дәлелдеген дүние. Авторлық пайымдаулары, таным-түйсігі қызықты тілмен жеңіл жетеді. Тілі көркем. «Қазақтың сал-серілері» атты ұлы даланың дара тұлғалары сериясымен шыққан танымдық жинақты да оқуға тұрарлық кітап деп мақтай аламыз. Қазақтың сал-серілік өнері туралы академик Әлкей Марғұланның көрнекті фольклоршы Е.Ысмайыловтың Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Шашубай сияқты көптеген серіліктің биік шыңдары болған тұлғалардың таланттары жөнінде мақалаларын қызықпай оқу мүмкін емес. Тағылымдық маңызы өте зор. Тарихшы ғалым Алмасбек Әбсадықовтың «Қазақ хандығы және тарихи аңыздар» атты зерттеу мақалалары ел билеген хандардың, билердің қазақ жерінің біртұтастығын сақтаудағы өлшеусіз еңбектерін, батырлардың ерліктерін тарихи жыр-аңыздарда қалай көрініс тапқандығын баяндайтын таптырмас дүние. «Қазақ салт-дәстүрлері» кітабы қазақтың бауырмалдық, қонақжайлы, сыйластық мінез-құлықтарын оның тұрмыс-салт дәстүрлерінен анық байқауға болатындығын дәлелдейді. Халқымызда қандай салт-дәстүрлер бар, соның барлығы түгелдей дерлік көрініс тапқан бұл кітаптан әсіресе мұғалімдер балаларға үйретер көптеген құнды дүниелерді табуларына болады. Қалжа, бесікке салудан бастап байғазы, көгентүп, қозы жасы, тұлым кекіл секілді салттарды үйренулеріне болады.
Сәнәм НАСИРОВА,
аудандық кітапхананың библиографы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдар…