Басты бет Әлеумет ЕНЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ, КЕЛІНІ ЖАҚСЫ БАЛДАЙ-ДЫ…

ЕНЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ, КЕЛІНІ ЖАҚСЫ БАЛДАЙ-ДЫ…

0
3,232

Бүгінгі заман зымырандай зуылдаған, ешнәрсеге мұрша таппай жүгіріскен қауырт заман десек қателеспеспіз. Бұрынғыдай арқаны кеңге салып, кешкі уақытта бас қоса қойып әңгіме-дүкен жасауға да уақыт тапшы. Ондай кездесулердің де өзіндік мағыналы жақтары көп болатын. Кімнің қызы тәрбиелі, кімнің ұлы нағыз жігіт боп өсіп келеді деген сияқты мазмұнда әңгіме жасалатын. Сосын үлкендер өнеге айтып, жақсы өсіп келе жатқан жеткіншектерді мақтайтын. Тіпті кейде құда түсісіп, жастарды бір-бірімен жақындастыратын. Біздің халықта әсіресе қыз тәрбиесіне үлкен мән берілетін, қазір де солай болуы тиіс. Дей тұрғанмен уақыттың талабы кейде ол ойымызды быт-шыт етіп қоятыны бар. «Пәленшенің қызы керемет қыз боп бойжетіпті», «Түгеншенің қызының тәлімдісі, зерегі-ай», «Шешесінен аумай қалыпты, үстінде кіршік жоқ, бармағы майысып, он саусағынан өнер тамады, әуезінің өзі қандай әдемі, сөзі қандай әдемі»,- деп тамсанып отыру үрдісі де соңғы кезде онша мәнге ие болмай қалғандай, ма қалай?..
Ене мен келін жайында сөз қозғалса әркім өз басындағы дүниені ойлайтыны рас. Сосын жан-жағындағы адамдардан ене мен келін арасындағы сыйластықты немесе керісінше бір-бірімен «жау» боп кетіскендер туралы ой елегінен өткізе бастайды. Өмір болғасын әртүрлі жағдаяттар болуы заңдылық. Төрт құбыласы тең, барлық жағдайы келіскен, ешқандай проблемасы жоқ жандар кемде-кем. Солардың ішінде ұлдары ұятты, қыздары қылықты, келіндері ибалы деген отбасыларын үлгі еткізіміз келетіні тағы шындық. «Қырық жылғы көршім» дейтін бірге туған туысыңнан жақын боп кететін жандар болады. Абайбек ағамен көрші болғалы сыйластығымыз еш үзілген емес. Барлығымыз осы шаңырақтағы ұлдардың тәрбиелілігін мақтан тұтамыз, өз балаларымызға үлгі етеміз. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген Абайбек аға мен Айбаршын тәтенің ұлдары ержеткен кезде «Қашан үйлендіресіздер?» — деген сұрақты көп қоятынбыз. Бағланы мен Батырланы институтта оқып жүргенде ортаншы ұлдары Русланы келісімшартпен локатор бөліміне жұмысқа тұрды. Ата-анасының жағдайына қарап, көмектескісі келгендігін ұқтық. Сосын осы Руслан бір күні аяқ астынан келін түсірді. Ағасы әлі үйленбеген-ді. Улап-шулап, қуанысып, өз баламыз үйленгендей құтты болсын айтыстық. Сұрастыра келсек келін өзіміздің ауылдың Сембек пен Каминурдың Назерке деген қызы екен. Тойларында, құдалықтарында жүгірістік. Сосын араға аз-ақ уақыт салып үлкен ұлы Бағлан, кенжелері Батырлан да ауылдың бір-бір қызын жетелесіп, аяқтанды. Назеркенің аяғы құтты болды. Сонан соң қыздары Мақпал тұрмыс құрды. «Келіннің аяғынан» деген мақал дәл Назеркеге арналғандай. Тәубе дедік. Русланның ата-анасына болысқысы келген ниеті ақталды. Кейін келген екі келін жұмыс, қызмет бабымен қалаға кетті. Назерке ата-енесінің қолында қалды. Содан бері де он бес жыл уақыт көз ілеспес жылдамдықпен өте шығыпты. Көшеден әрі-бері өткенде келіннің осы шаңырақты өз үйіндей бағалап, томпаңдап тіршілік етіп жүргенін көргенде ішіміз жылып қалады. Бүгінде келініміз төрт баланы өмірге әкеліп, атасы мен енесінің бабын тауып, Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінде мұғалімдік қызметіне де үлгеріп жүрген сүйкімді жан. Келін деген киелі атаққа қылау түсірмей, үлкен бір қарашаңырақтың түтіні түзу шығуы үшін жүгіріп жүрген ибалы жан.
«Ене» деген онша құлаққа жағымды естіле қоймайтын атқа ие болып жүрген Айбаршын тәтеміз үш келіннің басын бір шаңыраққа жиып, абысындардың татулығы үшін үлкендік танытып, әр баласының өмірдегі орындарын жаңылмай табуларына жанұшырып, немерелерінің ауырмай-сырқамай өсулеріне қолғабыс жасап жүргенінің куәсіміз. Өзі Сүмбе ауылындағы сыйлы, абыройлы Қата, Бүбілердің шаңырағына келін болып түскенде ол үйде тағы екі келін болыпты. Үшінші келін болып түсіп, үш келін бірге бірнеше жыл бір шаңырақтың астында енелерінен алған тәлімдерін өмірлік ұстанымдарына айналдырғандығын бүгінде мақтанышпен өз келіндеріне айтып отырады. Енесінің жақсылығын ендігі жерде өзі де келіндеріне көрсеткісі келіп тұратындығын жасырмайды. Сондай аналардың көрсеткен, бағыт берген жолдарынан шықпағандығынан да болар, өзі де келіндеріне сүйікті ене болып отырғаны. Тұңғыш немересі Аружан да апасының қызы атанған. Сабағы кілең бес. Атасы мен апасының көз қуанышы. Айбаршын Мәмбеталиева кезінде халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тігінші болып ұзақ жыл еңбек етті. Қазір зейнеткерлікте, 11 немеренің әжесі атанып, Алматы, Сарыағаштағы балаларына ай сайын болмаса да қонақ болып, немерелерінің амандығын біліп, шауып жүргені. Үлкен келіні Ғалия, кенжесі Зина да ене алдынан қия өткен емес. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген бабалардан қалған сөздің мәнін осындай шаңырақ шаттығына бөленген жандарды көргенде еріксіз есіңе аласың. Енесін сыйлаған келінге өзін сыйлайтын келін келді. Айбаршын тәтенің үш ұлы, үш келіні, қызы барлық көршілерге өнеге бола алатындай дәрежеге жетті. Әрине Абайбек ағаның қаны, Айбаршын анамыздың ақ сүті арқылы балаларының барлығы да елімізге адал қызмет етіп жатқан жақсы азаматтар болып тәрбиеленді. Ең бастысы бұл шаңырақта ене мен келіннің арасындағы татулық, ынтымақ, жарасымдылық орын алған. Сондықтан да үйінен қонақ үзілмейді, дастарқаны әркез жаюлы.

«Енесі жақсы қандай-ды, келіні жақсы балдай-ды» — деп өлең жолдарын өзімізше өзгерткендегі мақсатымыз жақсы енелер мен келіндер көбейсе деген ниет қана еді. «Келін қайынененің топырағынан жаралады» дейді екен дана халқымыз. Ене жақсы болғанда оның келінінің жаман болуы мүмкін емес. Ендеше жақсы ене атанып, жақсы келіндердің қатарын көбейтелік.

 

Баян
МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕКЕ КУӘЛІГІН АЛУ. ӘРЕКЕТТЕР АЛГОРИТМІ

Қазақстандықтарға алғашқы жеке куәлігі 16 жасында беріледі. Ол республика аумағында жарамд…