Басты бет Ақпарат ағыны ЖАҢА ЖОБА ЖАҢҒЫРДЫ

ЖАҢА ЖОБА ЖАҢҒЫРДЫ

0
4,313

«Қалжат» кеден өткізу пунктіне ҚР Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Госман Кәрімұлы Амрин Қытай Халық Республикасынан шыққан біраз делегацияны қарсы алды. Үлкен басшыны қарсы алған кеден қызметкерлерінің ішінде аудан әкімі Шухрат Нурахунов та болды.


«Қалжат» өткізу пунктіндегі жаңашыл жоба көліктік логистикалық орталықтың ашылу салтанатында сөз алған Госман Кәрімұлы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы, сыртқы экономикалық байланысты нығайту халықаралық ықпалдастыққа әсер ететін тағы бір игі бастама жүзеге асқандығын айтып, мұндай жобалардың көптігін тілге тиек етті. «Қалжат» өткізу пунктінде кедендік рәсімдік аумағында көліктік-логистикалық орталығының ашылуымен барша жиналған қауымды құттықтады. «Ұлт жоспары 100 нақты қадамның» 38 қадамын іске асыру шеңберінде электрондық декларациялауды дамыту мақсатында «Астана-1» ақпараттық жүйесінің де іске қосылғандығын мақтанышпен жеткізді. Бұл жоба ендігі жерде транзитке байланысты кедендік операцияларды жүргізу уақытын қысқартып, жүйе шекарада кедендік рәсімдерге мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін операциялардың жариялылығын көрсететін болады деп сөзін сабақтады. Бұл тек бюджет қаражатынан ғана емес жеке инвесторлық топ «Еуротранзит» сияқты үлкен компанияның мемлекетпен әріптестігі арқылы жүзеге асқан жоба екендігін де түсіндірді. 2018 жылы осындай тағы бірнеше көліктік-логистикалық орталықтар құрылысы қолға алынатындығын айтты. Кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолы ретінде осындай жобалар ел аумағында жүзеге асатындығына сендірді. Қытай Халық Республикасы Үрімші қаласынан шыққан әріптестеріне алғысын жеткізді.
Сонан соң сөзге шыққан «Еуротранзит» компаниясының басшысы Ерлан Диқанбаев жаңа жобаның іске қосылуымен құттықтап, кәсіпкерлік пен бизнесті өркендету үшін жасалып жатқан осындай игілікті істер жалғасын табуына, шекаралық аймақтағы кеденде жұмыстың оңтайлана түсуіне тілектестігін білдірді. Шалғай жатқан аймақта орналасқан бұл орталық адамдардың осы жерден барлық құжаттарын дайындауларына мүмкіндік туғандығын, әсіресе кәсіпкерлікке жол ашылғандығын қуанышпен жеткізді. Үрімші қаласы кеден басшысының орынбасары Еркін Омар мырза да амандық сұрасқан соң әріптестерінің жаңашыл жобасына құтты болсын айтты. Екі мемлекеттің экономикасын дамытуға өзіндік үлесін қосатын осындай орталықтың жұмысына табыс тіледі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ассоциациясының өкілі Рустам Жанабилов ұлттық палата атынан орталықтың жұмысының жандануына ақжарма тілегін арнады.
1998 жылдың 26 қазан күнінен өз жұмысын бастаған «Қалжат» кедендік өткізу пунктінің жұмысы бүгінде қарқындап алға басып отырғандығын осындай игі шаралардан көруге болады. Шекаралас Қытай Халық Республикасындағы «Дулата» кеденімен бірлесе отырып екі мемлекет арасында сыртқы экономикалық байланысты жақсарту жолында алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың көптігіне көзімізді жеткізді. Елсіз шалғай жерде орналасқан «Қалжат» кедендік өткізу пунктінде ең жоғары технологиялық жабдықтар келтіріліп, ақпараттық байланыс жұмысы жанданғандығына кездесу соңынан өткізілген журналистерге арналған баспасөз конференциясы дәлел бола алады. Шекарадағы жеке инвестиция негізінде салынған алғашқы жобалардың бірі болған көліктік-логистикалық орталық бюджетке ешқандай ауыртпалық салмайды. Керісінше жолаушылар мен көліктердің жылдам жүріп, тұруына, заманауи жабдықталған қоймаларды пайдалануларына барлық жағдай жасалынған. Аудан аумағындағы ірі жобаның бірі болғандықтан біз үшін бұл жаңалық та жағымды.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында ауыл тұрғындары мобильді қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгінді

        «AMANAT» партиясының мобильді қабылдау тобының ауылдарға сапары жалғасып жатыр    …