![](https://qaradala.kz/wp-content/uploads/2024/08/ТАЗА-БОЛСА-ТАБИҒАТ-1-850x491.jpg)
Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алғалы бірталай шаруаның басы қайырылды. Негізгі мақсат – халық арасында қоғамдық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жанашырлық пен құрмет құндылықтарын дәріптеу. Мемлекет басшысының өзі бастама көтерген бұл акция әлі күнге жалғасын тауып келеді. Жалпы елді мекендерді абаттандыру жұмыстары дәстүрлі түрде жүргізіледі. Бірақ дәл биылғыдай форматта акция алғашқы рет ұйымдастырылды. Оның нәтижесі де байқалды. Шенеунік те, ханы мен қарасы да бір кісідей атсалысқан акция барысында тонналаған күл-қоқыстар, қураған шөптер мен тасталған бөтелкелер жиналды. Айнала жасара түсті. Табиғат-Ана бусанды, жақсарды.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың басты міндеті. Тұрған жерің таза болса, айналаң көк желекке бөленсе, аулаңда түрлі гүлдер өссе көңілің де көтеріледі. Биылғы жыл Қазақстан үшін тазалық жылы, экологиялық жыл саналады. Әр адам өзі тұрған үйінің ауласынан бастап, айналасын, қоршаған ортасын таза ұстағанда табиғат та, жануарлар әлемі де гүлдене түсері анық.
Өткен жұмада Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерімен Шонжы ауылық округі «Жасыл ел» жасағының мүшелері «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» тақырыбында экологиялық акция өткізді. Оның мақсаты – туған өлке, тұрғылықты жеріміздің тазалығын сақтау, сол арқылы тұрғындардың бойындағы экологиялық мәдениет деңгейін көтеру. Ең алдымен қонақтардан үзілмейтін Әлмерек бабамыздың саябағын тазаланды. Әрі-бері өткен адамдар көз тоқтатып, тоқтап тәу етер жерінің тазалығына жастар ұйымшылдық танытты. Бір сәтте-ақ саябақ аумағы қоқыстан тазартылды. Одан кейін ауылымызға кіреберіс жолдың екі жағына жиналып қалған қоқыстар шығарылды. Тазалық акциясы күні бойына созылды. Алдағы уақытта ол жалғасын табады. Ауыл жұрты бір кісідей атсалысып табиғатты аялайтын болсақ, табиғат та бізге бар мейірімін төгері анық.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ