Басты бет Тағзым ШӨБЕРЕ ҚОЛЫНАН МАЙ ЖАЛАҒАН

ШӨБЕРЕ ҚОЛЫНАН МАЙ ЖАЛАҒАН

0
219

Қазақ отбасында көп айтылатын тілектердің бірі  – ата, әже атанып, немере қолынан су іш, май жала. Шындығында бұл ұзақ өмір сүр деген тілек қой. Балаңнан немерең ыстық деп жатады, немереңнен шөберең балдай тәтті. Ұрпақтар сабақтастығы осылайша жалғаса береді. Өзіміз әже атанғанда бұл жастың да қадірін түсіндік. Әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Қазақта әдетте жас отау иелерінің тұңғыш баласын әжесі бауырына салады. Бала ата-әженің кенжесі саналып, немерені әжесі тәрбиелеп, бағып-қағады. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік.

Балажан ұлт үшін ата мен әжеге сәби жай ғана ермек емес, тәрбиеленуші ерекше тұлға деп қаралған. Тарихта күллі рулы елге ана болып саналған Айпара әже, Домалақ ене, Би Батима, Айша Бибі,Зере, Айғаным секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда нағыз тәрбие бесігі ретінде сомдалған. Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің алдын көрген балаға былайғы жұрт тәрбиелі бала деп баға береді. Әрине әжелердің бәрі білімдар, ақылды, саналы бола бермес. Дей тұрғанмен олардың көбісінің бойында туа біткен ұлттық код бар. Бүгін осындай бір әже туралы жазудың сәті түсіп тұр.

Шарын ауылының тұрғындары өте еңбекқор, тіршілікке мықты деген түсінік қалыптасып қалған ел арасында. Шын мәнінде бұл ауылдағы әр ауланың өзіндік тынысы мен кәсібі басқа ауылдармен салыстырғанда көш ілгері. Жылыжай да дамыған. Мал бордақылаудың хас шеберлері болып алған. Жүгері өсіруде де алдарына жан салмайды. Нарықтық бәсекелестік мәдениетті түрде дамыған ауыл десек артық мақтағандық бола қоймас.

Гүлсара Тұрлыбекқызы Нұрпейісованың жасы сексеннен асса да қимыл-әрекеті ширақ. 22 маусым күні дүниеге келген. 1943 жылы әкесі соғысқа аттанғанда іште қалған шақалақ екен. Сол кеткеннен әке туған жерге қайта оралмайды, сүйегі жат жерде қалады. Дүние есігін жетім бала болып ашқанмын деп әңгімесін бастаған әженің ішкі әлемінде бір арпалыстың болып жатқанын сезіндім. Оны ешкіммен бөлісе алмасымды да түсіндім. Ажарының сыры кете қоймаған әженің осы тұста жүрегінің шым ете қалғаны да рас еді. Бүкіл өмірлері еңбекпен өткен, еңбекпен шыңдалған адамдардың әңгімелері де еңбек туралы өрбитіні заңдылық қой.

1960 жылы Нұрпейісов Тоқтасынмен сөз байласып шаңырақ көтеріп, өмірге 4 ұл, 6 қызды әкелген алтын құрсақты ана 35 жыл мал бағып, соның соңында жүріп, балаларын оқытып, шоқытқандағы қызықты сәттерін, қиындықтарын айтты. Малсақ адам ғана оның өнімін көбейтіп, сол өнімнен бизнес құрайды. Малдың арқасында бүгінде жеке шаруа қожалығын құрып, қарашаңырақтың иесі атанған кенжесі Айдынның бие сауып, қымыз, саумалмен тұрғындарды қамтамасыз етіп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Кезінде ет те, қымыз бен сүт те сатылмайтын, бала-шағадан артылғанын туған-туыс, дос-жарандар келгенде олармен бөлісіп тіршілік кешкенбіз. Бүгінгі заман талабы өзгергендіктен еңбегіміздің ақысын алып отырмыз. Саумал мен қымыз сатылымда. Сұраныс өте көп. Сүт пен май, құртпен айналысып жатқандардың қатары көбейгендіктен қымыздың саудасына қарай ойыстық. Яғни бүгінгі ортаға қажеттілікті түсінгенде ғана кәсіпкерлікті өрге дамытуға болады, – деген әженің әңгімесі қуантты. Яғни қажеттілікті өтейтін тауар өндіргенде ғана ойлаған ой мен көздеген мақсатқа жетуге болады. Гүлсара әжеміз де осы ережені мықтап ұстанған жан болып шықты. Қолындағы келіні Гүлнус ауыл мектебінде мұғалім. Жұмыстан қолы қалт еткенде шаруа қожалығының жұмысына белсене кірісіп кетеді, – деп келінін де мақтап алды. Бүгінде 33 немере, 37 шөбере сүйген Гүлсара әжеміз ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, ұлттық тағамдарды көбірек пайдаланып, келін, қыздары мен немерелерінің бойына ұлттық тәрбиені сіңіруде әлі де шаршамағандығын білдірді.

Белі бүгілмеген, жанарының оты сөнбеген, еңбектен қажымаған бүгінгі әжені көрдім. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келіп, бақыт деген сезімді басынан кешірмесе де, есейген шағында өзінің балаларының бақытты ғұмыр кешуіне аянбай күш шығарған ананы көрдім. Сексеннің сеңгіріне шықса да ұрпағына ақылын айтып, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажыратып отырған қарияны көрдім. Немере мен шөберенің қызығына батып, солардың қылығына мәз болған бақытты апаны көрдім. Тоқсанға аяқ басқан қадамына құтты болсын айтайық. Қаақтың әр анасына осындай салиқалы қариялықты тілейік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …