Жылына бір рет әр кәсіп иелері өздерінің төл мерекелерін тойлайды. Маусымның үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандарға арналады. Бұл күн адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің, медбикелер мен дәрігерлердің ерен еңбегінің дүйім жұртпен бағаланатын күні. Ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын барша дәрігерлерге алғыс айтатын күн.
Дәрігерлік – жүрек қалауымен таңдалатын мамандық. Оған жайдан-жай келе салуға болмайды. Өйткені адамның амандығы, оның саулығы және ауырмауы осы мамандық иелерінің қолында. Сондықтан бұл мамандық иелерінің бағасы тым биік. Бүкіл әлемдегі сияқты біздің аудандық ауруханада еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері ерен. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан болмайды. Сондай сәтте алғашқы жәрдемді дәрігерден көреміз. Гүлнұр Байнүсіпқызы Қабиеваны терапевт дәрігер ретінде аудан жұртшылығы жақсы таниды. Өз ісінің нағыз білгірі. Алдына келген сырқаттың емін жасап, оның құлан-таза сауығып кетуі білім де, тәжірибесі де жетеді. Зейнет жасында жүрсе да адам жанына араша түсіп, тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға бар білгенін үйретумен келеді. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні Гүлнұр Байнүсіпқызы облыс көлемінде өткізілген байқауда «Үздік жедел жәрдем дәрігері» деген номинацияны жеңіп алып, 2000000 теңгенің сертификатына ие болды.
Облыс орталығы Қонаев қаласында өткен үлкен салтанатты шарада арнайы алғыс хатпен бірге ақшалай сыйлыққа ие болған дәрігеріміз Гүлнұр Байнүсіпқызына марапатыңыз құтты болсын дейміз. Төккен тердің, еткен еңбектің жемісін көрген ақ халатты абзал жанға өзіңіз де ауырмаңыз, қызыңыздың, немерелеріңіздің қызығын көріңіз дейміз. Басты байлық саналатын денсаулықтың күзетінде сақшы болып, көптің батасына бөленіңіз. Сый, құрметіңіз артып, үздік дәрігер деген атағыңыз сізге қызмет етсін. Марапатыңыз құтты болсын!
Б. ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ