Басты бет Денсаулық АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН

АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН

0
282

Аудандық мәдениет үйі көрерменге лық толды. Жарық сөндіріліп, «Қарадала» театрының әртістері дәрігерлердің күнделікті тіршілігін паш ететін сахналық қойылыммен шараның шымылдығы ашылды. Бір сәтке  демімізді ішімізге алып, қарбаласқан жұмыстың ішіне еніп, ақ халатты абзал жандардың адам жанын арашалаудағы жанқиярлық жұмысына алғыс айтып отырдық.

Әлемде қаншама мамандық иелері болса, соның ішінде дәрігердің алатын орны ерекше. Сахна төріне шыққан қыз бен жігіт дәрігерлерге арналған жыр шумақтарын төкпеледі. Сонан соң сөздерін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сіздер халықтың денсаулығын жақсартып, ұлт сапасын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Қазақстанда медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөледі. Көптеген заманауи емдеу орындарының салынуы, білікті мамандарды даярлауға бөлінетін грант санының көбеюі, осы сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуі – соның айқын дәлелі. Түптеп келгенде мұның бәрі салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Сіздер сындарды сәттерде өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып, ел сенімін ақтай білдіңіздер. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымызды білдіремін» – деген тілегімен сабақтастырды. Жиналған медицина саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, сахна төріне аудан әкімі Бота Елеусізованы шақырды.

Аудан басшысы өзінің ақжарма тілегін ақтарды. Медицина саласында тер төгіп жүрген жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жанкешті еңбектерінің әрдайым жоғары бағаланатындығын айта келіп, адам жанына араша түсіп жүрген мейірімділіктері үшін шын жүректен алғысын жеткізді. Зейнетте жүрсе де жұмыстан қол үзбей жүрген жандардың аттарын атап, түстерін түстеді. Олардың еңбектеріне ризашылық сезімін айтты. Еңбектеріңіз жемісті болсын, денсаулықтарыңыз мықты, өмірлеріңіз қуанышқа толы болсын деп, біраз еңбек майталмандарына өзінің алғыс хаты мен сый-сияпатын табыс етті.

Сонан соң сахна төріне шыққан «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Болатұлы да өзінің жүрекжарды тілегін айтып, партия атынан алғыс хатын табыстады. Аудандық аурухананың директоры Әлия Ақжолтайқызы да әріптестеріне ыстық ықыласын жеткізіп, күндіз-түні денсаулық күзетінде жүрген ақ халатты абзал жандарға шынайы пейілін айтты. Өз атынан біраз әріптестерін марапаттады. Аудандық ұйғыр этномәдениет орталығының басшысы Арлен Османов та дәрігерлерге алғыс айтатын сәттің келгендігін қуанышпен жеткізіп, мәдениет орталығының медалі мен алғыс хаттарын табыс етті.

Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарламалары ақ халатты абзал жандарға арналды. Сыйлық пен алғысқа бөленген жандар мәре-сәре күйде болды. Жылына бір рет келетін мерекеде ғана емес адам саулығының күзетінде жүрген жандарға күнделікті алғыс арқалатқан артық болмас еді. Өз жұмыстарының жемісін көріп, мадақ естіп, алғыс хат арқалаған адамдардың қуанышты сәтін көрудің өзі бір бақыт. Зейнетте жүрген әріптестерін ұмытпай оларды да сый-сияпатқа ұсынғандары сәтті шықты. Үйде отырған зейнеткерлер туралы түсірілген бейнебаян да керемет әсер берді. Кәсіби мерекелерінде жақсы көңіл-күйге бөленіп, бірін-бірін құттықтап, мәре-сәре болған ақ халатты абзал жандар салтанатты шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…