Бодандықта жүргенде өз тарихымызды жоғалтуға шақ қалып, рухани кедейлік деңгейіне түсе ждаздағанымыз өтірік емес. Шүкір делік, егемендігіміздің, еркіндігіміздің арқасында батыр бабаларымыздың аттары жаңғырып, есімдері елге оралып, ұрпағымен қайта қауыша бастады. Кезінде халық жауы атанған арыстарымыз, ұлты үшін жанын құрбан еткен батырларымыздың аттары қайта жаңғырды. Тәубе делік. Рухани өрлеу бабаларды қастерлеуден бастау алады. Өткенді айтып отыру, әрқашан халық жадынан шығармай, құрметпен еске алып отыру – ұрпақ парызы. Осындай парызын өтеуді қолға алған Қарақұл батыр Татанұлының ұрпақтары біраз шаруаның басын қайырды.
Сонау 1999 жылы ұрпақтар сабақтастығы деген жыл аясында Қарақұл батырға Сүмбе ауылында ескерткіш орнатылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болғандықтан ескерткіштің жан-жағын абаттандыру, көркейту сияқты жұмыстар кенжелеп қалғаны жасырын емес. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін соңғы жылдары бұл жұмыстаны қайта қолға алынды. Қарақұл баба ұрпақтары арнайы қор құрып, соның нәтижесінде ескерткіштің тұғыры қайта жасалды. Жан-жағын көк желеңге айналдыру мақсатында әртүрлі ағаштардың көшеттері тігіліп, саябақ жасау қолға алынды. Бабамыздың маңдайына жазылған тағдыры дейміз бе, басқасы ма, әйтеуір тоғыз әйел алғаны тарихтан белгілі. Оны да ескеріп ескерткіштің артына «Аналар монументі» жасалды. Тоғыз анамыздың белгісі болсын деген ниетпен тоғыз уық жасалды. Тоғыз анамыздан 30 ұл дүниеге келген екен. Отыз найза да осы отыз ұлдың белгісі ретінде қойылды. Тарихи деректерге сүйене отырып жасалған бұл ескерткіштің мағынасы тереңде жатыр. Сол отыз ұлдың 16-сы әртүрлі шайқастарда жан тәсілім етеді. Аңырақай, Ойрантөбе шайқастарында ерлік көрсетіп, батыр бабаның нағыз батыр ұлдары екендіктерін танытады.
Осындай батыр бабамыз Қарақұл Татанұлын ұлықтауға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция Шонжы ауылында өтті. Алыстан ат арылтып атақтары дардай ғалымдар, аттары жер жаратын профессорлар, тарихшылар мен арнайы шақырылған қонақтар келді. Халықаралық деген атқа ие болғандықтан Қырғыз Республикасынан тарихшы, ғалым, Тынчтыкбек Чоротегин, Ресейден денсаулығына байланысты келе алмаса да онлайн қатысқан Елена Наземцевалардың болғандығын айту орынды болар. Сүмбе ауылының тумасы, атағы шетелге дейін шарықтаған «Әлем кардиологы» деген атқа ие Армен Рысмендиев ағамыз бастаған бір топ ғалым, тарихшылар бір күн бұрын келіп, Әлмерек абыздың басына тәу етіп, құран бағыштап, сонан соң Қарақұл бабамыздың ескерткішіне келіп, оның айналасындағы жүзеге асып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көріп, алақан жайды.
14 маусым күні аудан орталығында мәдениет үйінде халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады. Мәдениет үйінің кіре берісіне арнайы әзірленген көрме орналасыпты. Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Әділет Шүкеновтің арнайы әкелген экспонаттары шара көрігін аша түскен. Онда ұлттық нақыштағы қазақтың бұйымдары орын алған. Музей жәдігерлерімен мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхаметова таныстырып, тарихшы ретінде қай заттың қай кезде, не үшін қажет болғандығын түсіндірді келгендерге.
Залда ауыл ақсақалдары, жігітбасылары, әр ауылдан шақырылған қонақтар, жігітбасылары, ауыл әкімдері болды. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Бота Елеусізова алды. Тарихты ұлықтау – бүгінгінің парызы. Батыр бабаларымыздың ерлігін дәріптесек, жаңа бастамалар арқылы нәтижелі іс атқарсақ, аруақтарды құрметтегеніміз болып есептеледі. Ертеңгі ұрпаққа аманаттап кететіндей ауқымды істеріміз көп болсын. Сырттан келген ғалымдарға, қонақтарға айтар алғысым шексіз. Бүгінгідей жаймашуақ бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың есімдері ұлықталып, аттары жаңғырып, болашаққа сеніммен барайық. Осындай рухани іс шараларды жалғастырайық. Аудан халқының ауызбірлігіне ризамын, – деп ақжарма тілегін ақтарды.
Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Алиев мінбеге шығып, ең алдымен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді. Сонан соң мынандай халықаралық деңгейде өткізіліп отырған шараның мән, мазмұнына тоқталды. Өткенімізді ұмытсақ, болашағымыздың бұлыңғыр болатындығын ескертіп, аталар жолына адалдық танытайық, – деген ниетін жеткізді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Армен Рысмендиев Қарақұл бабасының ерлік жолдарын, оның өмірдерегінен мысалдар келтіріп, рухани жаңғыру арқылы бабаларымыздың аттарын жадымызда мәңгі сақтай аламыз, – дей келе бүгінгі конференцияның биік деңгейде өтуіне тілегін білдірді. Ауданның, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов ғылыми конференцияның жұмысына сәттілік тіледі. Алыстан ат арылтып келген қонақтарға ауданның жақсылығын, игі істерін айтты.
Құттықтау тілектерден соң конферецияның ресми бөлімі басталды. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов беташарын жасаған соң Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы «Қарақұл өмір сүрген заман» атты тақырыпта баяндама жасады. Қырғыз елінен келген Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Тыныштықбек Чоротегин «Жетісу аймағы қазақ-қырғыз бірлігінің тарихи бесігі» атты тақырыпты өз парасат, пайымымен ашты. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұқаметханұлы «Қазақ-жоңғар қатынастарындағы өзгерістер және Қарақұл батыр дәуірінің ерекшелігі» атты тақырыпты қаузады. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шамек Тілеубаев «Қарақұл батырдың ұрпағы Көкімет Баялыұлы жөнінде» әңгіме өрбітсе, ҚазМудың профессоры Меңдігүл Ноғайбаева «Ортағасырлар кезеңіндегі Іле аймағының тарихи географиясы» атты тақырыпта баяндама жасады. ҚазМудың доценті Маржан Дауытбеков, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға қызметкері Рашид Оразов, «Қарақұл» қоғамдық қорының төрағасы Жанболат Қайыңбаев, жазушы Тұрдақынбай Битыманов, профессор Тұрсынбек Баймолдаевтар өздері әзірлеп келген тақырыптары бойынша сөзге шықты. Қордың төрағасы Жанболат Тұрсынғожаұлы қорытынды сөз алып, Қарақұл баба ұрпағының бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарын тізбелеп, алда атқарылар шаруалар легімен таныстырып өтті. Бәрінің діттегені – батыр бабаның жүріп өткен жолын тарихи деректермен насихаттау, дәріптеу. Ғылыми конференция өз мәресіне табысты жетті деуге болады.
Баян МАМЫРБАЕВА