Аса жауапты жұмыстардың бірі – полиция қызметі деп айтуға болады. Әрине сан түрлі пікірлер, әртүрлі сыни көзқарастар болып тұрады. Бұл өмір шындығы. Кез келген жұмыстың өзіне тән қиындықтарымен қатар қызықты сәттері болатыны ақиқат. Біздің сала да адам тағдырына жауапты, ең қымбат қазына адам және оның құқығы десек, сол құқықтың бұзылмауына, тапталмауына біз жауаптымыз. Мемлекет басшысы «Құқық қорғау органдарының жұмысы ашықтық пен айқындыққа негізделуі тиіс» деп айтқанын басшылыққа ала отырып, азаматтармен өзара қарым-қатынас сервистік моделін енгізу бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын айта кеткім келеді. Ол халықтың сенім деңгейін арттыруға және кері байланысқа шығуға бағытталған.
Біздің аудандағы жалпы жағдай тұрақты. Тұрғындарымыз заңдылықтарды сақтап, өз құқықтарын қорғауда сауатты дей аламын. Өзіміздің төл мерекеміз қарсаңында ең алдымен барлық әріптестерімді осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Жұмыстарына табыс тілеймін. Адалдық пен тазалықты ту етіп ұстағанда ел сенімін арқалаймыз. Осы жолдан таймайық дегім келеді. Полиция қызметкерлеріне қатысты әртүрлі қаңқу сөздер, сенімсіздіктер айтылып қалып жатады. Ал шын мәнінде басына іс түсіп немесе қиын жағдайға тап болған тұста бірден бізбен хабарласады. Яғни біздің жұмыстың да өзіндік ерекшеліктері болғандықтан. Алдымызға араша сұрап келген адамды сыпайылықпен қарсы алып, оның айтқанын сабырмен тыңдап, оң нәтиже шығаруымыз керек. Сол үшін де құқық қорғау органы деп атайды бізді. Шен мен шекпенді бұлдап, адамдарға төбеден қарауға болмайды. Керісінше арызын тыңдап, заңдылық жағынан көмек көрсетіп, келген адамның батасын алуымыз керек. Бұл біздің ұстаным. Жоғарыда айтып кеткенімдей біздегі криминогенді жағдай қалыпты. Аса ауыр қылмыс жоқ.
Статистикалық деректермен айтар болсам үстіміздегі жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 35,4% төмендеген. Нақтырақ айтар болсам ауыр және аса ауыр қылмыстар 42-ден 20-ға, ал ауырлығы орташа қылмыстар 99-дан 70-ке төмендеген.
Қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны 17-ден 6-ға дейін, көшеде жасалған қылмыстар, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар саны да азайған. Барлық бағыттар бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы ашылуы 86,9% немесе 65,5%-дан 73,4%-ға дейін өскен. Оның ішінде, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 52,2%-дан 75,0%, аса ауыр емес және орташа қылмыстар 65,0%-дан 72,7%-ға дейін өскен. Ұрлық бойынша қылмыстың тіркелуі 2,5 есеге азайған, яғни 2023 жылдың салыстырмалы кезеңімен есептер болсақ 30 ұрлық тіркелген болса, 2024 жылы 12 ұрлық тіркеліп, ашылуы 80% құрады. Оның ішінде пәтерге түсу 4-тен 1-ге төмендеген, ұялы телефондар ұрлығы 2 ден 1-ге төмендеген, мал ұрлығы 31-ден10 ға кеміген.
Соңғы кезде алаяқтық қылмыстың түр-түрін еститін болдық. Адам ақылының шексіздігіне таңғалмасқа шарамыз жоқ. Табан ақы, маңдай терімен тапқан табыстарын аңқаулықтары мен сенгіштіктерінің арқасында біреудің есепшотына аударып, өздері жәбірленіп қалған жағдайлар етек алып бара жатыр. Ол біздің ауданда ғана емес, жалпы еліміз бойынша. Алаяқтықтың жолына түскендер біреудің ақысын жеп отырмыз деп қымсынбайтын болған. Енді бұл бағыттағы қылмыстарды азайды дей алмаймын. 2023 жылы 23 қылмыс тіркелсе, 2024 жылы ол 43 ке өскен. 43 алаяқтықтың 28 і интернет арқылы. «Инстаграм», «ОЛХ», «КОЛЕСА KZ», «Каспи ГОЛД» немесе «Киви-Кошелек» карталары арқылы төлем жасауды сұрайтын әртүрлі заттарды сату туралы хабарландыруларымен көптеген жағдайларда алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырады. Сізге қандай ұсыныс түссе де алдын-ала төлем жасамаңыз, ешқандай жағдайда да өзіңіздің банктік карталарыңыздың деректерін жоғарыда көрсетілген әлеуметтік желілер бойынша жібермеулеріңізді сұраймыз.
Көпшілік полиция қызметкерлерінің жұмысына неліктен сенімсіздік білдіреді деген сұраққа жауап іздер болсақ, ең алдымен ол мал ұрлығы кезінде деп сеніммен айта аламын. Малдарын өріске айдап қойып, іздемей, сосын ол қолды болғанда арызданып келеді. Мал иелері өздері де мұқияттылық танытып, күнделікті жүрген малдарын түгендеп тұрса мұндай ұрлықтар болмас па еді. Сосын табылмаған мал үшін полиция қызметкерлері іздемеді, солардың ым-жымдары бір деген сияқты қауесетті таратады. Қылмыстың ашылуына бейнебақылау жүйесін енгізу, сигнализацияға қосылу сияқты уақыт талабы туындатқан шаралар қолға алынуы тиіс. Бейнебақылау камераларын орнату жеке мүлікті қорғауға ғана емес, қандай да бір қылмыс жасалған жағдайда оны тез ашуға айтарлықтай көмек көрсетеді.
Барлық жерде көшелер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары орнатылады. Сондай-ақ, біздің бастамамыз бойынша аудан әкімдігінің қолдауымен адам көп шоғырланатын жерлерінде бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Алматы облысы ПД тарапынан ағымдағы жылдың соңына дейін 28 дана «Сергек» жүйесі бойынша бейнебақылау камералары қойылады деген жоспар бар.
Бізде қылмыстың алдын-алу жұмыстарын жақсарту және қылмыстарды ашу мақсатында жедел топтар құрылған. Олар өздеріне бөлінген учаскелерінде күндіз-түні күзетте. Елді мекендерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында патрульдердің жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп және есепте тұрған тұлғалармен жұмыс күшейтілді.
Біздің ауданның аумағында криминогенді 2 аймақ бар, олар Шонжы және Дардамты ауылдық округінде орналасқан Арасан демалыс орындары. Аталған ауылдарда полиция қызметкерлері екі ауысымдық режимде қызмет атқарады, күндізгі уақытта учаскелік полиция инспекторлары қатарынан жаяу патруль жұмыс атқарса, түнгі уақытта екі 2 автоэкипаж кезекшілікке түседі.
Бүгінде учаскелік полиция инспекторларына зор мүмкіндік берілген. Олар тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеулері керек. Бұл бағытта белгілі нәтиже бар. Жол көлік оқиғасын азайту бойынша шаралар қабылдануда. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобымен барлығы — 760 әкімшілік істер бойынша 3 552 920 теңге айыппұл салынып, оның 2 628 432 теңгесі өндірілген. Учаскелік полиция инспекторларымен барлығы – 1851 әкімшілік істер бойынша — 5 246 755 теңгеге айыппұл салынып, оның 4 162 428 теңгесі өндірілген.
Аудан әкімдігімен бірлесіп қараңғы көшелер мен қиылыстарды жарықтандыру бойынша нақты шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Жұмыс жүрген жерде кемшіліктер болуы заңдылық. Кейде біздің қызметкерлер тарапынан тиісті деңгейде профилактикалық жұмыстардың болмауы кесірінен қылмысқа жол беріліп жатады. Біз тұрғындармен бірлесе отырып, келеңсіз жағдайларға жол бермегенде қылмыстың азаятындығы анық. Барлық жұмысты полицейлерге итеріп қойып, көріп тұрған заңсыздыққа көз жұматын болсақ, онда жұмысымыз ілгері баспайды. Сондықтан халықпен бірге жұмылғанда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз. Мереке қарсаңында оқырманмен байланысқа шығып, атқарған жұмыстарымыздың біразымен хабардар еттім. Әркім өз жұмысын аса жауапкершілікпен атқарғанда оның жемісін көреді. Біздің аудандық полиция бөлімі де өзіне жүктелген міндеттер үдесінен шығып отыр.
Кәсіби мерекеге орай өз жұмыстарын жауапкершілікпен арқалап жүрген біраз қызметкерлерімді мақтап кетсем артық етпес. Криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дамир Меліс, Мейіржан Ботабеков, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Эльдар Тұрысбеков, полиция капитаны Азиз Қали, тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция майоры Фархат Илиясов, анықтау тобының анықтаушысы, полиция капитаны Мадияр Ержанов және 6 офицер қыздарымыз штабтың аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Ұлбосын Баймұқанова, көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция майоры Айнұр Төртбаева, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Асем Сыдыкова, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Карина Айсаева, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Арай Аубакирова, Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Аяжан Аватбековаларды ерекше атап өтейін. Мерекеміз құтты болсын. Басты мақсатымыз – ел тыныштығы. Сол тыныштықтың бұзылмауына мұрындық болайық.
Ерлік ҮРКІМБАЕВ,
аудандық полиция бөлімінің бастығы