Басты бет Қазақ елі ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

0
289

Бүгінгі желбіреп тұрған көк туымыз бен төрдегі елтаңбамыз, қазақтың дарқан даласын әуелеткен әнұранымыз — біздің осы күнге дейінгі бүкіл тарихымыз бен ұлттық болмысымыздың айқын айғағы. Ата бабамыздың асқақ арманы, тағдырдың тәлкегімен, тар жол тайғақ кешумен келген Тәуелсіздігіміздің жемісі. Еркіндіктің жолында табанын тағдырды ң тасы тіліп, басынан бұлт арылтпаған нәубет күндердің шырмауынан шыға алмай, қайғы мен қасіреттен көз ашпаған ата бабаларымыз асыл мұратына жетіп, баға жетпес байлықты бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Ол аманаттың жүгі жеңіл емес екендігін жас ұрпақ жанымен ұғына білуі керек!

Елдігіміз бен еркіндігіміздің белгісі — мемлекеттік рәміздеріміз әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен орын алуы тиіс. Әлем елдері мойындаған мемлекеттік рәміздерімізге жету қаншалықты қиын болса оны мәңгі сақтап өту одан да қиын. Осы орайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы “Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы, – деп түйінді сөзін айтып, Рәміздердің құны ешнәрсемен өлшенбейтіндігін шегелеп өткен болатын.

Мемлекеттік рәміздерді ұрпақтың санасында сілкінтіп, қоғамдағы орны мен өлшеусіз дәрежесін айқындай отырып, ел ішінде кеңінен насихаттау үшін жыл сайын маусым айының бірінші аптасында мемлекеттік рәміздер күнін атап өту игі дәстүрге айналған. Ағымдағы жылы да айтулы мереке қарсаңында аудан аумағында айрықша дайындық жұмыстары жүргізілді. Рәміздер күніне қарай аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ауылдық округтердегі әкімдіктердің ғимараттарында орналасқан ұлттық нышандардың жалпы жай күйіне, дұрыс насихатталуына, сапасына, құжаттарына толықтай зерделеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның зерделеу жұмыстары барысында мемлекеттік рәміздердің ішке және сыртқа орналасу тәртібі, олардың ескіргенін уақытылы ауыстыру және ескі рәміздерді талапқа сәйкес жою жұмыстарының дұрыс дәрежеде жүргізілуі зерделеніп шықты. Тәрбиенің бастауы мектеп болғандықтан әр ауылдық округтердегі және елдімекендердегі білім ордаларына кіреберістегі мемлекеттік рәміздер бейнеленген көрнекіліктер, мектеп ғимаратының сыртқы жағында орналасқан мемлекеттік ту мен елтаңба, директордың кабинетіндегі ұлттық нышандар толығымен назардан тыс қалмай тексеріліп шықты. Білім саласындағы мемлекеттік рәміздердің жалпы жағдайына байланысты өткен жылғы зерделеу жұмыстарында анықталған кемшіліктердің бірқатары жойылып, ретке келтіріліп жатқандығын аңғардық. Еліміздің әр өңіріндегі әкімшілік бөліктері болып саналатын ауылдық округтердің әкімдік ғимараттарында да Тәуелсіз елдің еркіндігі мен егемендігін айқындап желбіреп тұрған көк ту мен Мәңгілік елдің белгісі мемлекеттік елтаңбаның орналасу тәртібі, уақытылы ауыстырылуы, үтіктелуі, тазалануы, түнгі уақытта жарықтандырылуы сынды заңды талаптардың орындалуы бойынша мәселе бүге шігесіне дейін қаралып шықты. Әлі де кемшіліктер мен қателіктер жоқ емес. Алайда осы бағытта комиссия тарапынан тағы да әдістемелік көмек көрсетіліп, тиісті кемшіліктердің жойылуына ескертулер айтылды.

Жалпы мемлекеттік рәміздерге көрсетілетін құрмет уақытпен өлшенбеуі тиіс. Ол үздіксіз орындалатын біздің азаматтық парызымызға айналуы қажет. Шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшы қиырсыз  ұлан-ғайыр атыраптың арасындағы киелі мекеннің елдігін айқындайп тұрған біздің көк туымыз мәңгілік желбіреп, елтаңбамыз жанында жарқырап, әнұранымыз ғасырлар мен дәуірлерге жалғасқан Тәуелсіз елдің болашағында шырқала берсін!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

Ел арасында қазір баласын әскерге жіберуге қорқатындар саны артқан. Бойларын үрей билеген.…