БАЛДАҚТЫ АДАМ

0
101

Жол беріңдер келеді балдақты адам,

Аман қалған соғыста қан қаптаған.

Баласын қан майданға шығарып сап,

Анасы ауылында зарлап қалған.

Жол беріңдер келеді ардақты адам.

Жол беріңдер келеді балдақты адам,

Сүйген жары ауылында аңырап қалған.

Туып-өскен қасиетті ақ шаңырақ,

Дәл қазір иесіз үйдей қаңырап қалған.

Құрметтеңдер келеді балдақты адам.

Ажалменен өмірді салмақтаған,

Тіршілікті алтындай ардақтаған.

Бір аяғын қалдырып Берлинінде,

Бір аяқпен келеді солдат бабам.

Тұрыңдар келе жатыр балдақты адам.

Ақын ағамыз Мамытқан Құдайбергеновтың осы өлеңі бұдан 24 жыл бұрын №2 орта мектебі оқушыларымен кездесуге келген Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, абыройлы қариямыз Естемес Әликеевке арналған екен. Жеңістің 45 жылдығына арнайы ұйымдастырылған кеш осы өлеңмен басталыпты. Біз де атамыз туралы әңгімемізді осы өлеңмен бастағанды жөн көрдік. Естемес ағамды аудан емес, республика жұртшылығы жақсы таныған кезінде. Соғыс ардагері болғаны үшін емес, белсенді, қайраткерлік қабілетімен қоғамдағы әр бастамаға өзіндік үн қосып, ойын, пікірін ашық айтқаны үшін. Ұсақ-түйектен бастап, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерге бей-жай қарамайтын мазасыздығы үшін.

Әр кезеңнің өз батырлары болатыны сияқты біздің өткен шағымыздағы аты үлкен әріптермен жазылуға тиісті бір адам болса, ол – Естемес Әликеев дер едім. Бір үйдің жалғызы, әкесі бес жасында қайтыс болып, ананың тәрбиесінде өседі. Өжеттігі мен бірбеткейлігі, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы әке қанымен дарыған мінез болуы керек. Бойшаң, сымбатты жігіт 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда қолына қару алып, жалғыз ананың көз жасына қарамай соғысқа аттанады. Берлинге дейінгі шайқастарға қатысып, аяқтан айырылып, туған жеріне тек 1946 жылы ғана оралады. Аяғының кемдігі оны ешқашан жасытып көрмеген, төрт мүшесі сау адамдармен бірдей деңгейде соғыстан кейінгі қирап қалған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру ісіне, ауданның экономикасын тұрақтандыру жұмыстарына белсене қатысқанының куәгерімін. Соғыстан кейінгі қиын жылдары зоотехник болады. Сонан соң қаржы мамандығын алады. Қайсарлығынан болар техникумдық білімін азырқанып, сол кездердегі С.М.Киров атындағы Қазақтың маңдайалды универсиетінің қаржы факультетіне оқуға түседі. Балдақпен жүріп аудандық қаржы бөлімінде бас есепші, инспектор, «РСХО» мекемесінде бас есепші, аудандық орман шаруашылығында экономист болады.

Қазіргідей ағылған көп көлік жоқ. Аудандық аурухананың алдындағы үйінен орман шаруашылығы мекемесіне жаяу жүретін. Киіміне қылау түсірмейтін. Тап-тұйнақтай, айналасына бей-жай қарай алмайтын жан еді марқұм. «Әкем» деп құшақтап қоятынмын көшеде кездесіп қалған сәттерде. Билік басында отырған адамдардың кейбір оспадарсыз қылықтарын көргенде бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын. 1990 жылдары кадр мәселесі жиі-жиі көтерілетін мезеттер болған. Облыстық партия комитетіне үшбу хат жазылып, оған қол қойған азаматтарды сол кездегі партия комитетінің бірінші хатшысы Мұратбек Насыров кабинетіне жинады. Естемес ағам сөз алып, нақты деректер мен дәйектерді ортаға салып, өз тұжырымын айтқанда басқа ешкім ләм дей алмай қалды. Ауданның бар мүмкіндіктерін зерттеп, термелеп жүретін қасиеті бар-тын. Өзінің жеке басының немесе балалары үшін емес, жалпы ауданға қатысты мәселеде міндетті түрде өз пікірін нақты цифрлармен түйіндейтін. Аппақ жейдесі мен қара костюмі өзіне сондай жарасатын. Адамдардың талғаммен киінуіне де мән беретін. Жалпы адамдардың мұнтаздай болып жүргенін қалайтын. Киген киімің немесе шашыңның түсі ұнамай тұрса алыстан сөз бастап, бір құрдасының әйелінен мысал келтірген болып жетер жеріне жеткізетін де қасиеті бар еді.

Мәскеуден шығатын газет-журналдарды түгелдей дерлік жаздырып алатын. Олардағы сөзжұмбақ, қызықты есептерді шығарып, оны поштаға арнайы хат арқылы ақысын төлеп жіберетін. Жеңсек, ақысын аламыз деп мені де арқаландырып қоятын. Кейде екеулеп жатып шешетінбіз. Қайран кездер-ай. Бүгін соның бәрі елес, сағым сияқты. Қағаз, құжатқа өте мұқият еді жарықтық. 1950 жылы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған есеп-жоспар (учетно-плановая школа) мектебін кіл бес деген бағалармен бітірген құжаттарын көрсеткенде таңғалғанмын. Қазақ мектебін бітіріп, бірақ орыс тілінің кез келген байқауларына қатысатын. «Техника быстрого чтения» деген оқуға қатысып, одан арнайы диплом алып шығыпты. Бастапқыда бір минутта 780 сөз оқыса, оқудың соңында 3000 сөзге жеткізген. Бұл да менің Әкемнің ізденіс пен алға ұмтылысының бір көрінісі. Шаршауды, шалдығуды білмейтін, өзінің білімін кез келген жерде шыңдап, кеудесін өрге сүйрегенінің арқасында абырой мен беделге ие болды деп баға беремін өз басым. Қорқыт атаның дерегін білмейді екенмін, жерұйықты неге іздеді, маған кітабын тауып бер, – деп әбігерге салғаны әлі күнге есімде. Ол кісімен қосылып өзімнің де сауатым ашылып қалатын.

Естемес Әликеевтің арамыздан кеткеніне 20 жыл болыпты. Туғанына 100 жыл болады күзде. Төсбелгілер мен медаль, ордендермен кеудесін толтырмаса да, елдің алдындағы абырой, беделі биік еді. Қандай ортада болсын өзін еркін ұстап, ойын ашық айтып, кемшіліктерді шыжғырып басып, мәймөңкелемейтін қасиетімен ол биік тұлғаға айналды. Балдақты адам атанса да ешкімнің алдына барып көмек сұрап көрмеді. Бір аяғымен-ақ бүкіл ауылды аралап шығатын. Көмекке зәру адамдарға қайырымдылық жасап отыратын. Зейнетақысының бір мөлшерін мұқтаж жандарға беретінін де білетінмін. Осындай көл-көсір мінезінің арқасында жақсы ұрпақ тәрбиеледі, өзіне лайықты адал азамат деген атын қалыптастырды. Достарына жанашыр, туған-туысқа ақылшы, жалпы аудан жұртына көшбасшы аға бола білген Естемес Әликеев туралы әлі талай естеліктер жазылатындығына күмәнім жоқ. Көзкөргендердің әңгімесі де таусыла қоймас жуық арада. Саналы ұрпағы бүгінде әке сеніміне селкеу түсірмей, оның өнегесімен ғұмыр кешуде. Одан артық қандай бақыт керек…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында 9 мамыр мерекесінде бүгін “AMANAT” партиясы Ұйғыр…