Елдің ұлы болып, ел бірлігі үшін ынтымақтың атқаратын орнын терең түсінген Әлмерек батыр, Әлмерек би, Әлмерек абыз өмірі және оның халық үшін жасаған үлгілі істері толық зерттелді деп айтуға әлі ертерек. Десек те бір тұлғаның бойындағы үш белдеулі ғибратты өміріндегі әрбір кезеңдеріндегі, баба айтыпты деген ұлағатты сөздеріне тоқтала кетуді жөн санап отырмыз.Ақиқаттан аңызға айналып отырған баба ой-тұжырымдарын, оқиға желілері мен қабыстыра отырып, шындық фансапасына келетініне негіз бар екен.
Бүгінде Қарадала өңірінде бой көтерген мағынасы зор, еңселі ескерткіш баба өмірінің кредосын аша түскендей.
– Ұлы бабам Әлмерек, шын сиынсаң әл беред – дегендей, туған жеріне ыждағаттықпен көз тастап тұрған баба ескерткіші, көңілге қуаныш сыйлап қана қоймай, баба ынтымақ пен бірлікті аманат етіп тұрғандай.
Әлмерек – батыр ретінде ерліктің небір ғажайып үлгісін көрсетіп, елі үшін сардар сарбаз ретінде басын бәйгеге тіккен, жанкештілігімен аты аңызға айналған тұлға. Әлмерек би – лауазымында ел тізгінін ұстай отырып, ел бірлігіне жетер жолдың ынтымақпен, ұлтжандылық болатынын шегелеп тұрып айтып, сол жолға қалтқысыз қызмет ете білген адал билік өкілі. Өмірде көргені мол, данагөй би ретінде келешектің кілті ұрпақ тәрбиесі болуға тиіс екендігін және де оны бір сәтте босаңдатуға болмайтынын баса айтып отырған дуалы ауызды абыз.
ХҮІІ ғасырдағы Қазақ-Жоңғар соғысының алғашқы кезеңіндегі қазақ жауынгерлерінің жауынан ойсырай жеңілуі. Сол сәтсіздіктің кесірінен елдің Ташкент-Шыршыққа дейінгі шегініс салдары, алауыздылықпен, бытыраңқылық, ел басқарудағы жүйесіздікте екендігін көре біліп, дөп басып айта білген Әлмерек би секілді тұлғаларымыз екені даусыз еді. Айналасына емес, алдыға қарай білген Әлмерек жүрек шешімін ірікпей айта білген абадан болды.
Сол кездері болған үлкен алқалы жиындардың бірінде Албан бірлестігінің бас биі Әлмерек Жаншықұлы елдің көкейіндегі қордалы мәселені былай деп түйіндеп жеткізгені ұрпақтан-ұрпаққа жатталып, бүгінде мәнін жоғалтпай отырғанына бәріміз куәміз. «Қазақтың үш баласы, ошақтың үш бұты секілді. Бір шеңберге байланса ғана ешбір жау ала алмайды».Нағыз абыз айтатын сөз.
Бірде Әлмерек би Найман елінде болған үлкен асқа барады. Ас дәстүрі бойынша әртүрлі өнер жарыстары өтеді.Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібек садақ ату мен найзаласудан, Құрман палуан күресінен, Бабаның аттары бәйгенің алдын бермейді. Ал Қаракісі мен Тоқан да қаражаяу қалмай дүйім жұртты өз өнерлерімен тәнті етеді. Бес ұлының да өнерлерінің озып тұрғаны Әлмеректің мерейін көтеріпті. Асқа жиналған көпшілік ризашылықтарын айтып отырып, Әлмеректі мақтай отырып сөзге тартыпты.
– Бес саусақтың да бірдей болатын кезеңі бар екен ғой, – десе керек.
Сонда Әлмерек:
Саусақ бесеу болса да,
Білекке барып бірікпей ме.
Бес саусақ бірдей десек те,
Басып айтар бармақ емес пе.
Суырылып шығар сұқ саусақ бар емес пе, – деп өз уәжін айтқан екен.
ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Жетісу жері Жоңғар басқыншыларынан азат етіле бастайды. Албан елі байырғы жеріне оралады. Бір-екі жыл болса да, өзбек жерін мекендеген албандар, сол елдің отырықшылдық өмірінен мағлұмат алады. Енді ел мал шаруашылығымен қоса егін шаруашылығына да ден қоя бастайды. Диқан тіршілігі, егіншіліктің жемісі –тоқшылықтың негізі болатындығына көзі жеткен Әлмерек бастаған ел, жартылай отырықшылдыққа бет бұра бастайды. Қосалқы кәсіпке мойын бұрған ел тоған қазып, егін еге бастайды. Бүгінгі Шелек өзенінің бойындағы Миляпан-Баба тоғаны, Байсейт тоғаны, Малыбай тоғаны, Киікбай тоғаны егіндікке су апару үшін қазылады. Егіндікке арпа, бидай, тары секілді дәнді дақылдар егіледі. Сол бабалар қазған тоғандар көпке дейін іске жарағанын көзіміз көрді.
Тоған қазған тоқ болар,
Тоғай аралағанға ырыс қонар.
Бау байлағанның байлығы артар.
Құрман руынан шыққан Адыр шешен айтқан мына өлең жолдарының ғасырларды артқа тастап бізге жетіп отырғаны ешқандай дәледеуді керек ете қоймас.
Сартылдақпен шуылдатып маңды,
Қуып бердік мал мен торғай жанды.
Егістікке төккен терім төленді.
Бала жеді қазанжаппа нанды.
Заманы жаугершілікпен өткен Әлмерек баба аузы дуалы, арғы бергіні болжай білетін ақылгөй, дана ретінде де ел есінде сақталғаны белгілі. Оның бір дәлелі ел аузында Әлмерек би 30 ға тарта қазақ батырларына ақ батасын берді деген деректер. Соның ішінде бізге жеткені 17 жасқа толған Хангелді немересі Райымбекке бата беріп, жас та болса үлкен үміт артып Ұлы жүздің бас батыры деп тағайындауындағы кателеспегендігі бабаның данагөйлігін мен көрегендігін көрсетеді. Батаның бізге жеткен мәтініне көз жүгіртсек, жүректен шыққан ақ бата, алға жетелер ақ бата болып отыр.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Жоңғарға қару суырғанда,
Хангелді бабаңның қайраты қонсын.
Ақ сақалым түгелді,
Ет жүрегім сөгілді.
Атаң ардақ туған Хангелдіге тартып туыпсың,
Иллиһи, Аумин, бәрекелді.
Бірде Әлмерек би жолаушылап келе жатып, жолай бір үйге түсіпті. Әртүрлі мінезді үй ішінің берекесі жұтаңдау,тіршілігі қожыраңқы екендігін байқаған құдайы қонақ Әлмерек аттанып бара жатып, былай ақыл айтқан екен отағасына:
Қазымыр болсаң ұлың кетеді.
Қытымыр болсаң қызың кетеді.
Сиымсыз болсаң келінің кетеді.
Тынымсыз болсаң серігің кетеді.
Қатал болсаң жұрағатың кетеді.
Сұраншақ болсаң ұятың кетеді.
Әр нәрседен көңілің кетеді.
Мұратқа мінін түзеткен жетеді.
Ұлы мен қызына айтқан ақылы:
Ұлдың жақсы болғаны өмір ізі,
Ұлдың жаман болғаны көңіл сызы.
Келін жақсы болғаны келген дәулет,
Келін жаман болғаны бітпес бейнет.
Қыздың жақсы болғаны Нұры тамғаны,
Қыздың жаман болғаны қырсық шалғаны.
Ел аузында сақталып, ұрпақтары арқылы бүгінге жетіп отырған ғибратты сөздерін, өміршең ой-тұжырымдарының біразын жариялауды жөн санадым. Кемін толықтырып, хатқа түспеген мұраларын жинайтын уақыт та келер.
Таласқан кезде,тас екеш тас та кәдеге жарайды.
Тұрағың белгің болсын,
Туарың келешегің болсын.
Осы екеуіне жеріңнің тағдырың табыс ет.
Елдің ырысы жерде, ердің ырысы елде.
Елдің ырысын көбейтетін бірлік,
Ердің ырысын көбейтетін бірлік. Бабамыздың кез келген сөзінің түп тамыры бірлік пен ынтымаққа келіп саяды.
Ағайынмен алысқан, абиырынан айырылады,
Алыстан дос тапқан жауынан қорған салғаны.
***
Бала ашықса анаға қарайды,
Ана ашықса әкеге қарайды.
Ит ашықса далаға қарайды,
Аштық меңдегенге ақыл қонбайды.
***
Ағайының ала болса,басына бұлт орнайды,
Жауы жанына келіп, пұшық пен таз сөз бастайды.
Сайлаубай АҒЫБАЕВ,
өлкетанушы, заңгер