1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында апатты жарылыс болып, дүйім жұртқа қауіп төндіретін экологиялық қатер орын алды. Кеңес Одағы тарихында қаралы күн болып қалған осы оқиғаның салдары көптеген адамның тағдырын өзгертіп, ұмытылмастай із қалдырды.
Осыдан 38 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясының төртінші блогі жарылды. Жойқын апаттың нәтижесінде Украинаның және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамзат өміріне үлкен қауіп төнді. Сол себепті АЭС-тен радиусы шамамен 30 шақырым жерде тұратын ел-жұрт басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылып, оғашталған болатын. Мәліметтерге сүйенсек, радиоактивті түтін аймақтан асып, оннан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті.
Апатты залалсыздандыруға мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын атқарды. Алайда АЭС сепкен ажал уынан құтыла алмады. Қоршаған ортаға, тұрғындар мен құтқарушылардың денсаулығына орасан зиян тигізген апаттың зардабын жоюға Қазақстан азаматтары да тартылды. Чернобыль атом электр станциясындағы құтқару жұмыстарына елімізден 32 мыңнан астам адам қатысқан. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, Чернобыль апатының жүректерге салған жарасы жазылған жоқ. Чернобыль оқиғасына биыл 38 жыл. Осыған орай аудандық кітапхананың оқырмандар залында оқиға куәгерлерімен кездесу өтті. Олардың да қатары жыл өткен сиреп бара жатқаны өкінішті. Әрине ажал уын бойларына сіңіріп келгендердің бүгінде денсаулықтары сыр беріп, әртүрлі топтағы мүгедектік зейнетінде жүргендерін де білеміз.
Шара осы апаттан қаза болғандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаудан бастау алды. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев сахна төріне шығып, бұл мереке емес, қаралы күн екендігін айтты. Дей тұрғанмен сол апатты көздерімен көріп келген ағаларымыздың басын қосып, олардың әңгімелерін тыңдау біз үшін аса қажет екендігін де ескертті. Сонан соң Чернобыль қоғамдық бірлестігі әзірлеген арнайы төсбелгісін әрқайсысының кеуделеріне тақты. Өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.
Бүгінгі қонақтардың алды алпысты алқымдап, жасы елуден асқандар. Сол мезетте әскери борышын өтеп жүрген жігіттер апатты жерден адамдарды көшіру ісіне белсене атсалысты. Өздері де радиациялық уланудың бел ортасында жүрді. Мемлекет тарапынан жәрдемақыларын алып, дәрігерлік көмектерін көріп отырғанмен билікке айтар наздарын да жасырмады. Әсіресе ауруханаға емделуге келгенде кезексіз қабылдауға болмас па деген ұсыныстарын жеткізді. Күнде бастары қосылып жатпағандары айдан анық. Сондықтан бір сәт аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» мен «Арзу» ән-би ансамбльдерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ойға батырып, тереңге сүңгіткен әндермен қоса көңіл көтеретін музыка да қонақтарды қуанышқа бөледі. Шара соңында олар естелік суретке түсті.
Толғанай ҚАЙРАТҚЫЗЫ