Ғ.Садвақасов атындағы Үлкен Ақсу орта мектебінің алды мерекелік көрініске бөленіп, гүлге, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген ғажайып мекенге айналған. Анадайдан менмұналап, ұлттық ою-өрнекпен айшықталып, гүлдермен, шарлармен безендіріліп, үлкен тойдан хабар беріп тұрды. Келген қонақтарды ән-күймен қарсы алған бүлдіршіндер билерін билеп, көктемнің келгенін білдіріп, ұлттық киімдермен шараның беташарын ашты. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев бастаған аудандық ақсақалдар, аналар кеңестерінің төрағалары, ауыл мектептерінің директорлары, қоғамдық кеңестің мүшелері, ауыл үлкендері мектеп ауласына жинала бастады. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен ұлттық нақышта жасалған ыдыс-аяқ, ат әбзелдері, тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар мектептің алаңынан орын алған. Наурыз тойының жаршысы сияқты олар да мерекеге сән беріп тұрды. Келген қонақтардың психологиялық көңіл-күйін қөтеру мақсатында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері қазақ әндерінен попурри жасап, жиналғандарды тәнті етті.
Ашық сабақтың алғашқы кіріспе сөзін мектеп директоры Гүлзадам Ражапова алып, ең алдымен жиналған қауымды жыл басы Наурыз мерекесімен құттықтады. Мектептің тыныс-тіршілігін баяндап, жаңашыл бастамаларын санамалап шықты. Қол жеткізген жетістіктерін де, үлгілі, озат оқушыларын да мадағына қосты.
Садвақасов атындағы орта мектебінде біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Ұлттық құндылықтар – тәрбие бастауы» тақырыбында аудан деңгейіндегі шараға аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев алғашқылардан болып ізгі ниетін жеткізді. Ұлыстың ұлы күнімен жиналған қауымды құттықтады. Ұлттық құндылықтарды отбасынан, сонан соң мектептен сусындатудың қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді.
Ашық сабақ барысында қазақ халқының салт-дәстүрі көрсетіліп, әр пән мұғалімдері Г.Насаева, Д.Аббасова, Г.Набидинова, М.Ибрагимова, Г.Усенова, Б.Мансурова, Р.Рысякова, Б.Турлыбакиева, Р.Ашимжанова, Д.Хетахуновалар сынып сағаттарын өткізді. Онда балалардың ұлттық дәстүр мен салтқа қаншалықты жүйрік екендіктерін дәлелдеп, сұрақ-жауап, суреттер сөйлейді бағыты бойынша өз ойларын ортаға салып, балаға ұғынықты тілмен, жеңіл түрде өткізуге тырысты. Қыздар жағы сәби бесікке бөлеуді көрсетіп қана қоймай дастарқан мәзірін де дайындауды көпшілік назарына ұсынды. Құрт, май, ірімшік, бауырсақтың қалай әзірленетіндігін түсіндірді. Ағаштан жасалған бұйымдар, жіппен тоқылған бұйымдар, ою-өрнектер көздің жауын алды. Бұлардың барлығы сабақта қолданылды.
Дене шынықтыру пәні мұғалімдері ұлттық ойындардан асық ату, бес тас, арқан тарту спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырды. Ұмыт бола бастаған, тіпті шынын айтсақ бүгінгі балалар ойынына жатпайтын бес тас, асық ату өте қызықты шықты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева да балалармен бірге отыра қалып, бес тас лақтырып, додаға түскені өте тамаша шықты. Балалар да жарысып, жеңуге тырысты. Қара жорға биін де нақышына келтіре билеген Мөлдір Ахметжанқызы жиналған жұрттың ризашылық сезіміне бөленді. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Р.Алимов «Жас сарбаз» шекарашы әскери клубымен дефели ұсынды. Әскери киімдегі балалар аса мұқияттылықпен, қатаң тәртіппен керемет көрініс көрсетті. Патриоттық тәрбиенің бұл білім ошағында қандай деңгейде өтіп жатқандығын бірден байқауға болды. Үшінші бөлімде бастауыш сыныбының мұғалімі Л. Даутованың ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама койылып, мерекелік көңіл-күй тасқындай түсті. Сонан соң ауданнан келген қонақтар кері байланысқа шығып, алған әсерлерін, пікірлерін, түйген ойларын ортаға салды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметжанқызы мектеп директорының ұйымдастырушылық қабілетіне ризашылық сезімін жеткізіп, жалпы өткен шараға, оған қатысқан мұғалімдер мен оқушыларға 105 деген бағасын берді. Аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов та ақжарма тілегін ақтарды. Көптен бері мынандай тамаша көріністің куәгері болмағандығын, әр баланың дайындығы мен әр пән мұғалімінің ерекше әзірлігін тіліне тиек етіп, мақтады. Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева да тәрбие бастауы болған ұлттық құндылықтар тақырыбының жан-жақты ашылғандығын, терең сараланғандығын айтып, шынайы, таза ниетпен жасалған дүниенің өте тартымды болатындығын жеткізді. Жиналған қауым зор ризашылықтарын айтып, мәз-мейрам болып тарасты.
Фарид ЗАЙНИДИНЖАН,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары