Басты бет Денсаулық ДӘРІГЕРЛЕРГЕ РИЗАМЫН

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ РИЗАМЫН

0
445

Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің деп үлкендер бекер айтпаған ғой. Басың ауырып, балтырың сыздап, жаның мұрныңның ұшына келгенде Алладан медет, дәрігерден көмек сұрайсың. Жақында өз басымда осындай келеңсіз оқиға болды. Инсульт алдым. Сырқаттанған адамның жай-күйі белгілі. Ешнәрсеге құлқың болмай, жан-жағыңа да, өзіңе көңілсіз күй сыйлайсың. Дәрігерлерге рақмет. Барлық ем-домды дұрыс бергендіктен, бетім бері қарады.

Енді ауруханадан шыққан соң «Батыр клиник» оңалту орталығына сауықтыру шараларына баруыма кеңес алдым. Ондай орталықтың бар екендігін білмейді екенмін. Жаның үшін дәрігердің әр сөзін қалт жібермеуге тырысасың. Бұл орталыққа бас сұққаннан байқағаным – жылы шырай, жылы сөз, жылы қабақ. Көңілің пәсейіп тұрғанда алдыңнан жарқылдап шыққан жандарды көргенде бірден сергіп қалады екенсің. Барлық жағдайымды ұққан соң бірден массаж, инемен емдеу, физиоемдеуге кірісті. Үзіліп бара жатқан үмітім қайта жалғанғандай болдым. Басшылары Қымбат Кегенбаеваның қабылдауы ерекше. Кішіпейіл мінезімен бірден баурап алды. Бәрінің жақсы болатындығын айтып, көңілімді көтеріп тастады. Реабилитолог дәрігерлер Сәтбек Жалғас пен Гүлназ Аблимитова, инемен емдейтін дәрігер Еркінжан Әбіш, массажбен емдеуші Жанна Ноғайбек, физиокабинеттің медбикесі Әсем Дәрубай, массажист Айтолқын Әжікенова, аға медбике Селимям Акбарова, медбике Саяра Мурадилова, Гүльшахидам Русулова, кіші қызметкерлер Ранагүл Усманова мен Аягүл Тойбағаровалардың еңбектеріне алғысым шексіз. Менікінен де ауыр халде келгендердің сауығып шыққандықтарын айтып, жүрегіме жылулық сыйлаған жандардың бәріне ризамын. Сырқат он пайыз дәрі-дәрмекпен емделсе, тоқсан пайыз дәрігердің жылы сөзімен деген, жазылмаған қағидат бар. Бұл жердегі атмосфера дәл сондай екен. Қай бөлмеге кірсең де жылышырайлы, күлімдеп тұрған жандар. Қолдары шипалы, мінездері мамықтай жандарға газет арқылы рақмет айтқым келді. Әр сырқаттың жанына демеу болып, олардың оңалуына мұрындық болып жүрген осындай жандардың арамызда көп болғанын Алладан сұраймын. Қоғам қатыгезденіп кетті, ешкімге ешкімнің жаны ашымайды деген ой-пікірлер көп айтылатын мына кезеңде өз басым жақсы адамдарға кездескеніме шүкіршілік еттім. Адам жанына араша болып жүрген үлкен жүректі адамдардың амандығын тілеймін. Бұл орталықтың аудан тұрғындарына көрсетіп жүрген қызметтерінің ұшан-теңіздігіне көзім жетті. «Батыр клиник» орталығының  жұмысы жанданып, көптің батасына кенелсін деп тілеймін. Әр сырқаттың жан-дүниесіне үңіліп, тәніне шипа болып жүрген оларға Алланың нұры жаусын.

Итахун БАКРИЕВ,

зейнеткер

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…