Басты бет Заң және қоғам ЗАҢ БАРШАҒА ОРТАҚ

ЗАҢ БАРШАҒА ОРТАҚ

0
1,209

Заң дегеніміз — мемлекет белгілеген құқықтық актілер, жалпыға бірдей міндетті ережелер. Оны бұзуға ешкімнің құқы жоқ. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді, заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтауды, жоюды және құқық қорғау мен өзге де мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін айқындау міндеттерін прокуратура қызметі қамтиды.

Прокуратура барлық уақытта мемлекеттік органдар жүйесінде айрықша орын алатыны анық. Жыл сайын 6 желтоқсанда Қазақстан прокуратурасы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып аталып келеді. Қазақстан прокуратурасы өзінің  ғасырдан аса тарихында ұзақ қалыптасу және даму жолынан өтті. 1922 жылы Қазақстанның мемлекеттік прокуратурасы Әділет халық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастағаны бәріміз жақсы білеміз.

Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін прокуратураның құрылымы мен міндеттері өзгерді, бірақ оның қызметінің басты бағыты – ел заңдарының сақталуын бақылау болып қала берді. Жоғары қадағалаудың конституциялық өкілеттіктерімен қамтамасыз етілген прокуратура Отан игілігі үшін қызмет етуге, заңды қорғауға, әрбір азаматтың құқығын, мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғауға арналған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бекіткен құқықтық саясат тұжырымдамасында прокуратура құқық қорғау жүйесінің өзегі болып табылады. Осыған сәйкес, бағдарламалық құжатта прокуратураның қадағалау қызметі мен үйлестіру функцияларының тиімділігін арттыру, оның процессуалдық негіздерін жетілдіру, сондай-ақ, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саладағы құқықтарын қамтамасыз ету бойынша қосымша міндеттер белгіленген. Осы айтулы күннің  Тәуелсіздік күні қарсаңында тойлануының да өзіндік айшықты маңызы бар деп ойлаймын. Егемен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақтап нығая түсуі үшін Ата Заңымызбен бекітіліп, өмірлік қағида — ережелерге айналған заң талаптарының қатаң сақталуы бірінші кезектегі қажеттілік болып табылары сөзсіз. Шынайы тұрғыдағы құқықтық мемлекеттің құрылуы мен заң үстемдігінің өріс алуы – өркендеп өсуіміздің түбегейлі алғы шарттары болып табылатынына өмірдің өзі көз жеткізіп отыр.

Еске сала кетсек, осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 5 қарашасында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Конституциялық заңы қабылданды. Жаңа Заңның қабылдануының да өзіндік тарихи маңызы бар. Елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе беріліп, бұл жаңа Конституциялық заң ең алдымен прокуратура органдары қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін нақты белгіледі. Бүгінгі таңдағы жаңа кезеңнің талаптарына сәйкес, прокуратура қызметіндегі тәсілдер өзгергенімен, прокурордың ең бастапқы міндеті ғана емес, парызы болып табылатын мемлекет мүддесін қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығына қорған болу қағидалары өзгерген жоқ. Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанда басты қадағалаушы орган прокуратураның алатын орны орасан зор. Оның беделі, әлеуметтік маңыздылығы және өсіп келе жатқандығы тиісті деңгейде айқын көрініс тапты. Әсіресе, ақпараттық технологиялардың тұрақты дамуы мен құқық саласының өркендеуі кезінде Бас прокуратура республика азаматтарының өтініштерін қарау мәселесін жеңілдетуге бағытталған тиісті шараларды қабылдады.

Заңды сақтай білсең, заңсыздыққа жол берілмейді. Оның айқын мы­салын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Айталық, қылмыстық іс бойынша сот қаулыларының заң­дылығын тексеру біз үшін басты міндеттердің бірі бо­лып табылады. Одан бөлек тұрғындардың арыз-шағымдарын қадағалап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, түсіндіру де біздің құзырымызда. Үстіміз­дегі жылдың өткен 11 айы ішінде біздің прокуратура тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Ең алдымен тұрғындар арасында заңдылықты, өздерінің құқықтарының қорғалуына арналған көптеген кездесулер өткіздік. Аудан прокуроры ретінде өзім аудан жұртшылығымен кездесіп, бүгінгі таңдағы орын алмауға тиісті мәселелерді түсіндірдім. Әсіресе алаяқтыққа жол бермеу үшін аса сақ болуды, қылмысты болдырмаудың алдын алу үшін заңсыз әрекеттерге бармау керектігін айттым. Екі рет көлемді түрде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ауданда қылмыстық жағдайлар асқынып тұр деп айта алмаймыз. Қаржылық алаяқтарға жем болғандар кездесіп отыр. Бұл әрі қарай жалғаса беруі әбден мүмкін. Әртүрлі көрнекіліктер іліп, брошюралар таратып, бейнежазбалар арқылы тұрғындарға ескерту жасадық. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы оңай жолмен қаржы табу жолына түсуге болмайтындығын түсіндірдік.

Конституциялық құқық бұзушылыққа қатысты ешқандай іс қаралмады осы мерзім ішінде. Өткен айлар ішінде әрқилы 4 тексеру жүргізіліп, 14 сараптама жасалды. Бұлардың барлығына да заң аясында дұрыс шешім қабылданды. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты өтініш-арыз қаралып, олардың құқықтары толықтай қорғалды. Жер телімдерін алуға байланысты арыз, өтініштер азаймай тұр. Бағасын аспандатып немесе конкурс өткізуде жіберілген келеңсіздіктер анықталды. Ветеринарлық заңдылықтардың бұзылғанына қатысты 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, үй, сәулет, құрылыс бойынша заңсыз салынған ғимараттар анықталды. Бармақ басты, көз қысты деген ұстаныммен салынып кеткен заңсыз 28 құрылыс анықталды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамдардың да құқықтары прокуратура тарапынан қорғалғандығын айтып кетуге болар. 23 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мектеп оқушылары арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының, суицидтің саябырсымай тұрғандығы алаңдатады. Осыған орай аудан мектептерінің бәрінде оқушылармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желілерде таралатын қоғамға жат, біздің ұлтымыз бен салт-дәстүрімізге қарсы әрекеттерге барып жүрген мектеп жасындағы балаларды дұрыс жолға салу үшін тек мектеп пен ата-ана ғана емес құқық қорғау органдары да атсалысқаны дұрыс. Діни ағымдардың дәстүрлі емес жолының жетегінде жүрген жастарды қайта тәрбиелеу, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде де прокуратура қызметкерлері шет қалып тұрған жоқ. Діни экстремизм мен терроризм белең алып тұрған кезеңде бұл да біздің әркез бақылауымызда. Кепебұлақ ауылында интернет жоқ, Рахат пен Кіші Ақсуда, Ұзынтамда, Тасқарасуда байланыс жүйесін жақсарту керек, Ұзынтамда ауыз су жоқ, осындай әлеуметтік мәселелер де әркез біздің назарымызда. Пайдаланылмай жатқан жерлердің қайтадан мемлекетке қайтарылуы жолында біраз ауқымды шаруалар жүзеге асты. Жұмысымызға байланысты біраз мағлұмат бердік.

Кәсіби мерекені жыл сайын ұжым мүшелерімен қарсы аламыз. Жыл бойғы жұмысымызға есеп береміз. Лайықтыларды марапаттаймыз. Бізден зейнетке шыққан азаматтарды құттықтауды дәстүрге айналдырғанбыз. Тұрар Мұңайтпасов ағамызға жылы лебізімізді білдіріп, әріптестерімізге табыстар тілеп, мәре-сәре боламыз. Облыс прокуроры Б.Адамов Назира Қасымжанованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Біз үшін мақтанарлық жайт. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып ұжымдағы барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтап, халықтың құқығының қорғалуы жолындағы жұмыстарының жемісті болуын тілеймін.

Заңдылықты сақтау – біздің басты міндетіміз. Ал заңдылық сақталған жерде әділет салтанат құрады. Тәртіпке бағынған адам құл емес деген Бәукеңнің, Бауыржан атамыздың ұлағатты сөзі заң қызмет­керіне де, басқамызға да үлгі-өнеге болуы тиіс.

Бауыржан ҚЫБРАЕВ,

аудан прокуроры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…