Аудандық кітапханада «Рухтың күші әкеде» атты тақырыпта әкелер сайысы өтті. Бұл сайысқа барлық ауылдық округтерден үлгілі шаңырақтың отағалары, көп балалы, өнегелі, жастары 45 жасқа дейінгі әкелер қатысулары тиіс екен. Белгілі, белгісіз себептермен он төрт округтің жетеуінен ешкім қатыспады. Бұл байқау қоғамдық келісім және даму орталығы аудандық филиалы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында «Рухтың күші әкеде!» деген тақырыпта көп балалы, толық отбасылы әкелер арасында өткізілген аудандық байқаудың мақсаты – шаңырақтағы ынтымақтастықты дамыту, әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін нығайту, отбасы мүшелерінің бойына рухани-адамгершілік, ата-салт дәстүріндегі тәрбиелік құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақтың бойына сыйластықты сіңіру, сенімділік, адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал ету. Шынында біздің әкелер мектебі кезінде қандай еді, қазір оның құны неге төмендеді деген сұрақ әркез мазалайтындығын жасырмаймын. Бұл байқаудың түпкі ойы түсінікті. Осындай шаралар арқылы әкелердің рөлін өзінің биігіне шығару.
Жеті округтен келген әкелердің көбі көп балалы әке деген атқа ие азаматтар болып шықты. Атқаратын қызметтері де әралуан. Төрт кезеңнен өткен әкелерге баға беру де қиынға соққандығын айтпасқа болмайды. Мектепте мұғалім болып жүрген азамат пен егіс даласында өз шаруасын тындырып жүрген әкенің ортаға шыққандағы аражігі де бірден сезіліп жатады. Сонда да әр әке өз мүмкіндіктерін пайдаланып, бар өнерлерін ортаға салды. Таныстыру кезеңінде алдын ала дайындалған бейнероликтерін ұсыну арқылы ортаға шыққан әкелер арасында ауызекі тілде өз шаңырақтары туралы мағлұмат та берді. Осы тұста бахарлық Шайрдин Бишаров пен шарындық Нұрәлі Мырзабайдың өздерін таныстырулары басқаларға қарағанда шынайы шықты дей аламыз. Өзінің шаруа қожалықтағы жұмысымен спортты өмірлік серігіне айналдырған Шайирдинның балаларына көрсетіп жүрген өнегесі мақтарлықтай екен. Үй шаруасына да, спорттық жаттығуларға да әкелерімен бірге жүргені қуантты. Шарын ауылынан келген Нұрәлі де 7 баласын ұйқыдан тұрғызып, сабағына, басқа шаруаларға аттанған сәттерін көрсеткен тұсы ұтымды шықты. Уақытты ұзақ алып, көпсөзділікке, ресмилікке бой ұрғандар да кездесті. Сұрақтарға жауап беру кезеңі тіпті қызық шықты. Онша қиын емес, тіпті бастауыш сыныптың баласына қойылатын сұрақтардан мүдіргендер болды. Өздерінше жаңашылдық енгізіп, сұрақтың мәнін сан құбылтқандарға қуанып, күлісіп алдық. Мақал-мәтелдің соңын жалғастыру да біразын тығырыққа тіреп қойды. Өнер сайысында ән айтқан мәдениет саласының маманы тасқарасулық Данияр Бейсенбеков өзінің бүлдіршін ұлының қолына домбырасын ұстатып шыққаны ұтымды тұс болды. Ақтамдық Аршалым Давлетов өз жанынан шыққан өлең шумақтарын Отаным Қазақстанға арнадым деп патриоттық сезімін жеткізді. Күзетші болып жұмыс істейтін шарындық Нұрәлінің орындаған махаббат әні де жанды шықты.
Осы байқауда жеңімпаз болған әке облыста ауданның намысын қорғайтын болғандықтан әділқазылар алқасы жан-жақсы сараптама жасап, бас жүлдені Тасқарасу ауылынан келген Данияр Бейсенбековке берді. Екінші орынды бахарлық кәсіпкер, спортшы жігіт Шайирдин Бишаров алды. Екі әке облыста топ жарады деп сенеміз. Үшінші орынды Ақтам ауылынан келген Аршалим Давлетов иеленді. Қысқа толқынды пеш, шаңсорғыш, мультиварка жүлделі орын иелеріне табыс етілді. Ынталандыру сыйлығы жеті баланың әкесі шарындық Нұрәлі Мырзабайға бұйырды. Қырғызсайлық Мухидин Хапизов, сүмбелік Жұман Боранбай, үлкен ақсулық Нурзат Идимовтар белсенділік танытқандары үшін алғыс хат арқалап қайтты.
Байқау діттеген жеріне жетті. Әрине кемшін тұстары да, шалағай дайындықтары да байқалып қалды. Дей тұрғанмен басты миссия орындалды. Рухы мықты әкелер бар екендіктерін танытты. Әкелер мектебінің мығым қаланған қабырғасының сөгілмегендігіне, іргетасының мықтылығына тағы бір рет көз жеткіздік. Бұл әр ауылдың таңдаулылары. Көп балалы әкелердің өнегелерін осылайша дәріптесек оншақты ұлдарымыз мен моншақты қыздарымыздың көбейетіндігіне дау болмайды.
Баян МАМЫРБАЕВА