Дін – ғаламның ажырамас үлкен бөлшегі. Дін — бүгінгі таңда қоғамның күретамырына айналған рухани сала. Әлем елдері өздерінен дінді мүлде бөлектеп қарай алмайды. Өткен тарихы мен тамырына сай әр қауым өзінің ата-бабалары қабылдап, аманат етіп кеткен дінін ұстанады. Алайда діндердің ішіндегі ең асылы әрі ақыреттік дін, таза дін, ақиқат дін – Ислам діні екендігі күмәнсіз! Осы орайда біздің елімізді көбінесе мұсылман халқы мекен еткендіктен ұстанатын дініміздің басым бөлігі сәйкесінше Ислам діні. Һақ дініміз Ислам барша адамзатты ең әуелі тазалыққа, мейірімге, имандылыққа, адалдыққа және әділеттілікке тәрбиелейді. Бұл біздің ата- бабамыз ұстанғар асыл дін. Бізге аманат қалдырған рухани құндылығымыз. Ал қазір сол атадан қалған асыл діннің қадір-қасиетін қаншалықты дәрежеде ұғынып жүрміз?
Бүгінде қоғам сан түрге еніп, адам өзгеріп, заман ағымы аласапыран күйге түсіп жатқанда біз айтып отырғана асыл дініміз де өзгеріссіз қалмады. Дін өзгерген жоқ. Оны адамзат өзгертіп, сан тарауға бұрмалауға тырысып жатыр. Осылайша бүгінгі қоғамға бүлік салып, бейбіт елдердің шаңырағын ортасына түсіріп, өркениеттің күлін көкке ұшырып, ойран салғысы келетін дінбұзар топтардың көптеп пайда болғандығы жасырын емес. Бұл әрекеттердің барлығы дәстүрлі дініміздің қоғамның қабырғасынан алыстатып бара жатқандығы бізді алаңдатуы тиіс. Ал оны алыстатып алмас үшін, адамзат ізгілікпен өмір сүріп, көп этностар мекен еткен еліміздің зайырлы мемлекет болып қалуы үшін, тату әрі тұрақты ғұмыр кешуіміз үшін елімізде тиісті оңтайлы саясат жүргізіліп жатыр. Осындай игі істерді, мемлекеттің саясатын баршамыз қолдап, татулық пен тұрақтылық орнаған бейбіт елде өмір сүруді мақсат етуіміз керек.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» атты пленарлық отырысты ашқан Мемлекет басшысы «Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз», — деген түйін сөздерімен әділетті бағасын берген болатын. Біздің елімізде әлемдік діндердің бас қосып, келісім мен бейбітшілікті ту етіп, татулық турасында тақырып қаузайтындығы да біз үшін баға жетпес қуаныш.
Өйткені бір елдің байлығы мен жеріне көз алартқан теріс пиғылды топтар дін жамылып, қоғамға іріткі салып, адамды улайтын теріс ағымдарын таратып, талайлаған тату елдің іргесін сөгіп, тыныштығын тас –талқан еткендігін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жатырмыз. Ал ата-бабаның ұстанған дәстүрлі діні мен Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы арқылы айқындалған Абу Ханифа мазхабынан адаспай алға қадам жасасақ, дәстүрлі дініміздің қаймағын бұзып алмай ұрпаққа аманат етсек біз рухани берік қамал соғып алғанмен бірдей болар едік.
Дәстүрлі ислам құндылықтарын бүгінгі жастарға жақсылап түсіндірду қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ұйымдастырылған ауызашар барысында шегелеп айтқан болатын. «Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет», деген ескертпелері елдің құлағына айтылған алтын сырға болатын.
Шындығында ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз айтып отыратын тыйым сөздер мен нақылдар, тәрбиелік бағыттағы мақал-мәтелдердің барлығы біздің дәстүрлі дінімізбен егіз ұғым және өнегелік жағы ұштасып тұрады.
«Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзінің өзі исламдағы тәрбие мен тәлімнің қайнар бұлағы. Атадан қалған дәстүрлі діннің тәрбиесі бір дінді ұстанған қауымыңды немесе ұлтыңды ғана емес, бүкіл адамзаттың барлығына тең қарап, барлығын адам ретінде жаныңмен жақсы көр деп тәрбиені бойымызға сіңдіруінің өзі біздің асыл дініміз исалмда жатқан құндылықтар. Осындай тамаша дәстүрлі дініміздің сыры мен сыйын жоғалтып алмай оның дұрыс дәріптелуіне, келешек ұрпақ мың тарауға бөлінген теріс ағымның шырмауына шатасып, адасушылыққа кетпеуі үшін асыл дініміздің бүгінгі қоғамда мықтап салатанат құрып, тереңге тамыр тартуына Сіз бен Біз осы сәттен шынайы атсалысуымыз қажет. Алла тағала елімізді мың бір пәледен, жүз бір жаладан есен қылып, дәстүрлі дінімізге қуат беріп, адастырушылардың арамза пиғылынан аулақ қылса екен деп дұға етемін.
Бақтияр АХМЕТОВ