Басты бет Заң және қоғам ҚОЛЫ ТАЗАНЫҢ – АРЫ ТАЗА

ҚОЛЫ ТАЗАНЫҢ – АРЫ ТАЗА

0
884

    Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі еститін жаңалығымыз – парамен ұсталыпты, мемлекет қаржысына қол салыпты, жемқорлыққа жол беріпті. Кейде жаның түршігеді. Қолында билігі бар азаматтардың осындай өрескел әрекетке барғандарына ұяласың. Жеткілікті жалақысы бар, мемлекеттік қызметші деген дардай аты бар адамдардың осындай теріс қылықтарын естігенде, әрине, қысыласың. Өзім мемлекеттік қызметшімін. Жұмысымыз қаржыға байланысты. Қолма-қол болмаса да бюджеттің қаржысын мақсатты жеріне дұрыс жетуін қадағалайтын мекемеде қызмет атқарамын. Басшылық тарапынан әркез сыбайластыққа жол бермеңіздер деген насихатпен жұмысымызды бастаймыз. Мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеміз. Бірақ оған тоқтау болмай жатқандығы өкінішті. Сыбайлас жемқорлық лауазымды тұлғалардың, шенеуніктердің, саяси қайраткерлердің, пара үшін сатылуы немесе оңай олжаға кенелгісі келген биліктегілердің қызмет бабын асыра пайдалануы деп түсінеміз.

Әрбір адам өзіне жүктелген міндетті жақсы түсінуі керек. Қолы таза адамның ары да таза болады. Оның теріс әрекетке баруға ұяты жібермейді. Дегенмен оңай жолмен байығысы келетіндер пендешілігі жеңіп кейде қолды қомақты қаржыға сұға салады. Оның ақыры жақсылықпен бітпейтіндігін біле тұра жаман жолға түседі. Сыбайлас жемқорлық ел дамуына кедергі келтіреді. Бұл жемқорлықтың қоғам үшін, адамзат үшін келтіретін ең басты зияны. Алайда, сыбайлас жемқорлықтың залалы тек мемлекеттің дамуына тосқауыл болып қана қоймайды. Қоғамда мұндай кеселдің орнығуы, қалыпты жағдайға айналуына азаматтардың болашаққа деген сенімін әлсіретеді. Барлық мәселенің жең ұшынан жалғасып шешілетінін, коррупцияның етек жайғанын күнделікті көріп, біліп жүрген халықтың билікке қатысты көзқарасы төмендейді.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған уақыттан бері сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Біздің еліміз тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін мемелекеттер арасында бірінші болып жемқорлыққа қарсы заң қабылдады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы бұл заң 1998 жылы қабылданып, елдегі ашықтықты қамтамасыз етуге, жемқорлыққа тыйым салуды мақсат етті. Әрине, заман алға жылжыған сайын заңдардың да жаңарып, толықтырулар мен өзгерістер енгізуді талап ететіні рас. Қазақстандағы заңдарды ізгілендіру, қылмысқа жаза тағайындаудан гөрі, қылмыстың алдын алудың мықты тетіктерін енгізу бағытында қолға алған ауқымды іс-шараларының нәтижесінде 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы заң қолданысқа енгізілді. Бұл заң кеселдің салдарымен емес, себебімен күресуге бағытталып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.

Сондай-ақ қоғамда кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Әрине сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі – халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бірлесе атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық. Қолы таза адамның ары да таза болмақ.

Гульфиза ЗАИРОВА,

аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…