Басты бет Көкжиек ТАЛАБЫ ТАЛАНТПЕН ҰШТАСҚАН

ТАЛАБЫ ТАЛАНТПЕН ҰШТАСҚАН

0
153

Жаратушы ием жақсы көрген пендесіне жақсылықты да, сынақты да үйіп-төгіп беретіні бар. Соны көтерген жан өзін бақытты сезінуі бек мүмкін. Әрине оған білімі мен іскерлігі, парасаты мен ары алдындағы тазалығы қосылса. Тыным таппай еңбектеніп жүретін, шаршауды білмейтін жандар болады. Олар өздерінің мойындарына алған міндеттерін тап-тұйнақтай етіп орындағанша жандары тыншымайды. Өздері емес айналасындағы адамдарды да әбігерге түсіріп, қимыл-әрекетке араластырады. Қоғам сондай адамдармен ілгері басатыны даусыз.

Абай атындағы мектеп-гимназиясында Надиям Аликжанқызы Мусаева деген ағылшын тілінің мұғалімі бар. Жай мұғалім деуге аузымыз бармайды. Жоғары интеллектуалды, биік парасатты, әр баланың санасына өз пәнін сіңіру жолындағы кез келген қиындықтарды еңсере алатын батыл шешім қабылдайтын ерекше жан. Бұл жай мақтау, мадақтау немесе жақсаттану емес, Надиямның шынайы ұстаздың келбеті. Өзі жинақы жүретін жан шәкірттерінен де соны талап етеді. Әр сабағында оқушыларына бірдеңе берсем деген ниеттен танып көрмеген қызбен сұхбаттасудың сәті түсті. Ағылшын тіліне деген қызығушылығы қай сыныптан басталғандығын естігенде таңырқап қалдым. Әкесінің әпкесі Фарида Авакриқызы Шонжыдағы мақтаулы ұстаздардың бірі еді марқұм. Сол кісінің ықпалымен екінші сыныптан бастап ағылшын тілін үйрене бастаған. Апайының талабымен тілді меңгеріп қана қоймай оны тереңінен теріп, әрі қарай өрістету керектігін де санасына сіңірген. Бүгінде апайының сол кездегі мұғалімдік бейнесін өзіне үлгі, өнеге ететіндігін, соған ұқсағысы келетіндігін жасырмады.

Надиям Аликжанқызы Шонжыдағы №1 орта мектебін жақсы бағаларға тамамдаған соң Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіне екі шет тілі қытай және ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түседі. Өзінің бойындағы қабілеті мен алғырлығынан шығар екі тілдің емле, ережелерін меңгеріп шығады. Алматы қаласындағы №153 мектеп гимназиясында педагогтік еңбек жолын бастайды. Сонан соң №155 мектепте ағылшын тілінен дәріс береді. Сенбі, жексенбі күндері аудармашылықпен айналысқан. Аудармашылықтан қолы босағанда КИМЭП тің кітапханасында әкімші ретінде қосымша жұмыс атқарып, оның да қыр-сырын игереді. Ағылшын тіліне қызыққандығы соншалықты сол тілдегі әдебиеттерді, әртүрлі әдістемелік мақалаларды іздеп жүріп оқитын халге жетеді. Тіл үйренгісі келетін адамдарға оны түсіндіруден еш жалықпайтындығын да айтты. Шетелдерге шыққанда тілден қиналмайтындығын түсіндік. Тек ағылшын тілінде емес, қытайша, түрікше, өзінің ана тілі ұйғырша, білім алған орысша, мемлекеттік тіл қазақшаны емін-еркін сөйлеп тұрғандығының куәсі болдық. Таңғалыстық. Өзге тілдің бәрін тіл, өз тіліңді құрметте деген Қадыр ағамның сөзі қалай дәл айтылған демеске лажың жоқ. Осындай адамның біздің жанымызда жүргеніне шыны керек қуандық. Сабақтан қолы қалт еткенде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп ағылшын тілінен арнайы курс өткізеді екен. Бүгінде алпысқа жуық адамға тіл үйретумен жүрген қыздың таланты мен талабы, ынтасы мен жігері маған да мотивация бергендей болды. Ұйғырдың ұлттық тағамдарын дайындаудағы шеберлігін, самса, самбуза пісіруде өзіндік ерекшелігін бұрыннан білетінмін. Бірақ мамандығына деген махаббаты мен шәкірттеріне деген қамқорлығы бүгін маған қатты әсер етті. Өзі әдістемелік жоба әзірлеп, оны облыс деңгейінде әріптестеріне тәжірибе ретінде ұсынғаны да мақтауға тұрарлық іс. Сол жоба үшін арнайы мақтау қағазын алыпты. Педагог-сарапшылықтан педагог-зерттеушілікке өтуге дайындалып жүргендігін де әңгіме арасында тіліне тиек етті. Алғыр оқушыларын облыстық, республикалық жарыстарға дайындаудан да шаршамайтындығын білдірді. Жақында ғана 6 сынып оқушылары Әмина Мұқаметқали мен Айман Тойғазы облыста ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Алдар көсе» мультфильмін ағылшын тіліне аударып, дубляж жасаған. Шикілеу тұстары болғандығын да жасырмады. «Екінші орын алдық. Дайындық аздау болып қалды. Алдағы уақытта оны толықтырып, әрлеп республикаға шығарамыз, Гран-приді жеңіп аламыз», – дегендегі сенімділігіне таңырқай қарадым, көз жанарынан ерекше ұшқынды байқадым. Жеңілуді білмейтін жандар қатарынан екендігін тағы бір рет дәлелдеді.

Дүниеге моншақтай екі қызды әкеліп, олардың тамағы, киімі, сабағына да уақыт тауып жүрген кейіпкеріміздің әр қимылы мен әрекетіне, сөзі мен қимылына қарап, аузым ашылды. Әр адам дәл Надиямдай жауапты, білімді болса, онда жаңа Қазақстанның жасалатындығына еш дауым болмас еді деген ой жетегінде отырдым. Бес шәкірті шетелдің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алып, қазір елімізге оралыпты. Олар үшін де мақтау естігендігін айтты. Білім және ғылым министрінің қолынан алғыс хат та алыпты. Тынымсыз еңбектің жемісі мәуелі баққа айналары хақ. Надиямның да шәкірттері оның есімін биік шоқыға шығаратындығына кәміл сендім. Өйткені оның бойынан өз ісіне деген аса биік жауапкершілікті, адамдарға деген адалдықты аңғардым.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…