Басты бет Денсаулық НАҒЫЗ ДӘРІГЕР

НАҒЫЗ ДӘРІГЕР

0
322

Алысты жақын етіп отырған темір тұлпарлар кейде ажалға апарар арбадай елестейді. Жүйіткіген көлік пен қара жол талай тарланның өмірін қиған, талай отбасының ойранын шығарған, талай жанның жанына айықпас жара салған. Бірақ сондай сәттерде ғайыптан пайда болып, көрер жарығыңды ұзартуға септігін тигізетін жандар да кездеседі. Осыдан біраз уақыт бұрын бір журналист ағамыздың «Қыдыр ата. Ол бар ма?» деген мақаласын оқып едік. Көлік қағып, жаны мұрнының ұшына келген бауырына қайдан пайда болғаны белгісіз бір дәрігердің алғашқы көмек көрсетіп, жанының аман қалуына бірден-бір себепші болған жанды іздегенін, ол жанның антына адал дәрігер екенін білгенде расымен жақсы адамдар ортада жүр ғой дегенбіз. Дегенбіз де қойғанбыз.

5 қазан күні Алматы облысы Кеген ауданы Саты ауылы аумағында «Қайыңды-Саты» таулы автожолында жол апаты болып, салдарынан бір адам қаза тауып, 34 адам түрлі дене жарақатын алғанын естігенбіз. Бетпе-бет соқтығысқан көліктерден адамдардың алған жарақаттары да жеңіл болмайтыны айқын. Оған жан-жақтан білікті дәрігерлер, мамандар, жедел жәрдем көліктері тартылды. Осы оқиғаның бір куәгерімен кездейсоқ тілдесіп қалдық. Есімі – Әсем Мырзаханқызы. Үш жылдан бері сол Саты ауылында жұмыс істейді екен. Алыс-жақыннан, шетелден келген қонақтарға біздің тұма тарихымыз бен тамаша табиғатымызды таныстыратын қыздың алғырлығы мен аңғарымпаздығына тәнті болдық. Әңгіме арасында өздеріне көмек қолын созған дәрігерлер жайында сұрадым. Сонда Әсемнің айтқаны: «Басқаны білмеймін, өзіме алғашқы көмек көрсетіп, жанымның аман қалуына, ауыр жағдайға түсіп кетпеуіме бір аға қатты көмектесті. Тіпті ауылда жарақат таңатын жабдықтардың жоқтығына қарамастан өз көлігіндегі құралдарын әкеліп, менің басымның жарақатын тауып, тігіп, ары қарайғы жағдайымды қадағалап, тіпті өз қолымен Жалаңаш ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға әкеліп жатқызды. Атын да сұрамаппын. Тек білетінім Шонжы ауылында жұмыс істейтін дәрігер кісі екен. Шынымды айтсам, сол ағаға айтар алғысым шексіз. Менің аман қалуым бірінші Алланың, екінші сол кісінің арқасы. Ол кісі болмағанда менің жағдайымның қалай болары белгісіз еді», — деп ағынан жарылды. Шонжыда еңбек етеді деген соң елең еттік. Кім екен деп көңіліміз жай таппай іздей бастадық. Таптық та. Ұйғыр аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары болып еңбек етіп жүрген Қаныш ағамыз екен. Кәдімгі ауданға абыройлы, елге сыйлы, білікті маман хирург Оңғайбай Қаныш Кәдірбекұлы. Алып ұшып ағамызға бардық. Мән-жайды білгіміз келді. Көмектесуге арнайы барған шығар деп ұқтық. Әліпті бақсақ, олай емес екен.

Сол күні Қаныш ағамыз жол түсіп түскі мезгілде Кеген ауданына барған екен.   «Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі Уәли», — дейді ғой атам қазақ. Қаныш ағамыз сол жерге Әсемдей жандарға көмек қолын созуға барған Қыдырдай елестеді маған.  Саты ауылынан жолай өтіп бара жатқанда жол көлік оқиғасының болғанын естиді. Біраз жүрген соң, жаны жай таппай кері бұрылуға ниеттенеді. Екі бірдей автобус соғылса, ондағы жарақат алған адамдар да аз емес шығар деген ой санасынан шықпай қояды. Олар ана жақта қиналып жатқанда менің жайбарақат кете бергенім болмас деп барған шаруасын ысырып кері айналады. Бірден Саты ауылындағы ФАП-қа барады. Мейірбикенің бір қыздың басын таңып жатқанын байқайды. Бірақ саулаған қан тоқтамаған. Маман ретінде алғашқы шағын хирургиялық көмек көрсетілуі қажеттігін аңғарады. Бірден зардап шегушіні қарап, басының жарақат алған жерін тауып, тігеді. Үлкен аурухана болмаған соң қажетті құралдардың да толық болмасы анық. Өзімен бірге ұдайы жанында жүретін медициналық қажетті заттар салынған стерильді қорабын әкеп, қызға алғашқы көмек көрсетеді. Ол кезде жедел жәрдем көліктері басқа жарақат алғандарды Жалаңаш ауылындағы дәрігерлік амбулатория апарып жатқан. Қаныш Кәдірбекұлы науқасты көлігіне салып, 40 шақырыпм жердегі амбулаторияға апарады. Онда да түрлі жағдайда түскен науқастар. Бірі жеңіл, бір ауыр жарақат алған. Ақ халаттылар саны да санаулы. Бірден қарап тұрмай білек сыбана кірісіп кетеді. Ең әуелі жанына бір мейірбикені алып, ондағы ауруларға сұрыптау жүргізіп, кімге қаншалқты деңгейде ем қажет екенін анықтап, сол ауылдағы әріптестеріне үлкен көмек қолын созады. Ол кезде Райымбек ауданы мен Кегеннен анестезиологтар мен хиругтар келіп жеткен. Ота жасалатын ауыр науқастарға дер кезінде ота жасалды. Орташа, жеңіл жарақат алғандар да алғашқы көмекті алды. Шетелден келген ерлі-зайыпты үндіс азаматтарына да барынша көмек көрсетілді. Міне, осы аласапыранның бел ортасында Қаныш ағамыз 5-6 сағат бойы жүреді.

«Шынымды айтсам, кері қайтпасқа дәтім шыдамады. Адам ретінде де, дәрігер ретінде де. Көңілімде тыныштық орнамай қойды. Ана жақта көмек қажет ететін жандар жатқанда, мен мына жақта өз жұмысыммен жүргенім жарамас деп шештім. Ал Жалаңашқа барғанда бұл әрекетіме қуандым. Өйткені ондағы жағдай шынымен ауыр еді. Дәл осындай көп адамның жарақат алып, бірден ауруханаға түсуімен бірінші рет бетпе бет келдім. Өте қиын», — дейді Қаныш ағамыз.

Қаныш ағамен әңгімелесіп отырып ол кісінің шынмен мамандығын сүйетінін, кез келген сәтте басқа істі ысырып қойып, қолұшын созуға дайын тұратынын аңғардым. Әсемнің ризашылығын естігенде шын қуанғанын жүзінен байқадым. «Амандығын білші, жанындағы қыз туралы да сұрашы. Оның жағдайы қалай екен?» деп бәйек болды да қалды. Осындай алғыстан марқаятынын айтты. Өйткені ол үшін өзі емдеген жанның ризашылығы маңызды. Әрине, дәрігер болу кез келген адамның қолынан келер. Бірақ нағыз дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Антына адалдық дегенді Қаныш Кәдірбекұлына қарап мен енді түсінгендеймін.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…