Басты бет Мәдениет және руханият ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚҰЛАГЕРІ

ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚҰЛАГЕРІ

0
1,327

Өмір – адам үшін жаратқанның тамаша сыйы мен сыны. Адам пендешілікке ауысып атақ-абырой, шен-шекпен, бақыр-байлық, дүние-думанда да қанағат қадір екенін ұмытып, у ішеді де, естен танады. Басқа қонған бақ пен қолда бардың бағасын білмей тағы да у ішеді де, сары уайымға салынады.

Жаратқанның тағы да бір пендесіне киған тамаша сыйы әркімге әр түрлі қасиет жібереді. Иә, осылардың бірі де бірегейі – ақындық қасиет. Ақындық қасиетті Алласы береді, ақынды  анасы туады. Әр жазушының, ақынның, қыл-қалам иесінің туындысында өз заманының жай күйі бейнеленеді. Көбіне шындықты көркем әдебиеттен іздейміз, бізге әдебиеттегі шындық қымбат. Тарихты бұрмалағысы келетіндер әдебиетті, сал-санамызды, дәстүрімізді бұзуға, бұруға шамасы келе қоймайды. Шет елде тұрса да, ақын, жазушыларымыз өз елінің, өз ұлтының, яғни қазақ әдебиетін жасаушылар.

Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – шығармашылығымен халық арасына кең танымал, үлкен жүректі абыз ақын Шарғын Алғазыұлы.

Кешегі Абай, Шәкәрім, Мағжандардың жолын жалғаушы, қазақтың қара өлеңінің майын тамызған, өзіндік айтар үні бар адуынды ақын.

Дүние бес-ақ күндік бел шешетін,

Бір күні қара жерге тығыларсың,

немесе

Көрсетіп бір күн алдын, бір күн артын,

Дүние, неге сонша құбыласың?

немесе

Қолымның жазып кеткен ізі қалсын,

Артымда ұлым барсың, қызым барсың,– деп, жүрек үнін арттағы ұрпағына аманатқа қалдырғандай, өмірдің адам үшін сый және сын екеніне тағы бір көз жеткізгендей.

Сұңқардың қанатының қағуына,

Үні жетпес шуылдап көп қарғаның,

немесе

Аспаннан түскен жанды көргенім жоқ,

Барлығың адамзатсың ұлысың бір, – деп күллі адам баласына ой тастайды, азыққа ақиқат жол ұсынады.

Шарғын ақын – Көдек Байшығанұлының үлгісін алған, ол кісіні аға, пір тұтқан үлкен жүректі адам. Қазақ халқының басынан өткізген қиыншылығы, қияметі аз ба, бәрі де адам қолынан жасалған сойқан, соғыс тағы басқалар. Сол зұлматтың біразын бастан өткізген ақын да қудалау көріп елін, жерін тастап, шет елге жұртпен бірге ауып, онда да әділетсіздіктің уын ішеді. 1934 жылы Албан тайпасының бір топ атқамінер азаматтары жазықсыз қамауға алынып, қиын-қыстау кезең туғандағы ақын толғанысы:

Іші – алтын, сырты – күміс ақ пейілдің,

Іштері шерлі болып кір байланып.

Бұл күнде бара жатыр азаматтың,

Жігері жаси түсіп құмға айналып.

Немесе өзіне-өзі жау болып, айдап салғанға аруақтанып жүрген сатқындарға:

Әр жерде қоқиланып құдай шықты,

Жаратқан өз алдына құдай қалып.

Өз елін өзі тонап жүрген жауыз,

Жаны ашып, елі-жұртын, қорғай ма анық, – деп күйінеді, сатқындыққа шүйіледі.

«Елмен қоштасу» өлеңінде:

Қош болғын көріскенше, туған жұртым,

У мен өрт ішім толған, сыртым – бүтін.

Талайы мендей зарлап кеткен шығар,

Кім туар дүниенің ұстап кілтін?

Әркімнің туған жері мекендеген

Аман бол, туыс-туған, елім-жұртым, – деп тағдырдың жазғанына көнеді және сол уақыттың уын жұртымен бірге ішіп, қағазға түсіреді.

Қытайдан өтіп, 1958 жылы шілде айында елге, туып-өскен жерге оралғандағы ақын сағынышы толғауға ұласады:

Әжемнің шығып-едім Сымтасына,

Оранған әжем шәлі, шың басына.

Еріксіз көзімнен жас ыршып кетті,

Анамдай көз жіберсем тұлғасына.

Орманы қатпар биік тау-тастары,

Тұрғандай куә болып бір ғасырға.

Жолдысай, Жіңішкенің заңғарынан,

Шықтым да дүрбі салдым қыр басына.

Тел емген екі енесін мен бір қозың,

Екі ана аздық еткен бір басына.

Аяқты апыл-тапыл басқан жерім,

Аунағам, топырағына бір жасымда, – деп жүрегі бардың жүрегін елжірете, езілте жырлайды, ары қарай:

Шығады ел болған соң әркімнен-ақ,

Өзінің Жібегі мен Төлегені,

немесе:

Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,

Өлеңге Мақсұт ақын шебер еді.

Жинаса бір том кітап болар еді,

Халықтың аузында жүр көп өлеңі, – дей келе, атын естігенмен өлеңдері, өсиеті жарыққа шықпай, яғни басылмай ел аузында айтылып жүрген Мақсұт ақынды да ұрпаққа үлгі етуге, аманатқа тастайды.

Ойы орман, қыры киік шалқар өзен,

Жер қайда Диірменнің алқабындай.

Терегі теректінің төгіліп тұр,

Тізілген ілікпенің заттарындай.

Шалшығы Шарбақтының мал ұстайды,

Аңшының аңға құрған қақпанындай.

Міне, осы толғау жолдарынан аңғарып аларымыз көп, не деген шебер суреткерлік?! Бірде бір басы артық дүние көріп тұрғанымыз жоқ.

Әр уақыттың өз суреті, өз бояуы сарғайған сағынышқа айналып, сезім құшағына берілген сәттер жүректегі сарабдал сағыныш жырға ұласқан.  Топырағын  басып жүріп, жердің, елдің қасиетін сезінбейтін пенделер аз ба? Жат жерді жайлап келсе де, өз Отанындай қымбат, өз ошағындай жылылықты ақын жырына арқау етеді.

Әлпештеген-өсірген,

Садағасы кетейін,

Диірменнің тауынан.

Еңіске түсіп келемін,

Сымтастың сұлу бауырынан,

немесе

Ақсақ құзғын бар еді,

Әлі де ешкім атпапты.

Құдіретке таңғалам,

Оны да ие сақтапты.

Не деген тұжырымды теңеу, екінің бірі байқамайтын ақынға тән қабілет. Аллаһ тағаланың шексіз рахымы мен мейірімін есімізге салады, Абайдың сөзін қуаттайды. Ел аузынан біздің құлағымызға жеткен ақынның мына бір әңгімесін айта кетуді жөн көрдік.

Әжеміз атамызға айтқан: «Шарғын, елдің абыз қариясына айналдың, намаз оқып, сәждеге жығылғаның жөн болар» деген ұсынысына, «Сен менің ішімнен не оқып жүргенімді білмейсің» деген көрінеді.

Атамыздың жүрегінде иманы болмаса, Аллаһ – ақиқат, інжу – сөз деп жазбаған болар еді. Қазақтың Абай, Шәкәрім, Мағжандардай мұңын, сырын, жырын жырлаған ақын. Кешегі қара өлеңнің Хантәңірі атанған мұзбалақ Мұқағалидың да үлгі тұтар арқасы, сүйенер сүйеніші болған абыз ақын екендігін ешкім де жоққа шығармайды. Ақын «Өмір» атты өлеңінде:

Қазақтың көрдім шешен сан жүйрігін,

Кең дала, асқақтаған тау биігін.

Өмірдің өтіп талай өткелінен,

Қуанып уақытында, сан күйіндім.

Құмар боп Алатаудың сұлу сусар,

Жатқандай бүлкілдетіп тау бүйірін.

немесе

Өлтіріп, асып дарға жазасына,

Бүйірден найза келіп түйрегенде.

Сұмдықтың, зұлматтың куәсі боп,

Отына кімнің халық күймеп-едің, – деп, бүкіл қазақтың байтақ даласын басып өткен ел-жұрт қайғысын қабырғасы қайыса жырлайды. Ақын халықты бай, кедей деп алаламайды, ақын үшін адам тағдыры қымбат.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзет» деген даналық сөзді қуаттайды. Ұрпағына ұлағатты сөз, астарлы ақиқат, адамдық бейнелі өсиет, өнеге қалдырады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ақынның алдамшы атаққа, шен-шекпенге құмартпаған асыл бейнесі – бүгінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Керісінше, жұрт ішкен уды бірге ішіп, ел мұңын, жұрт қуанышын жырлауы пенделерге ескерту жасайды.

Жасың егде тартқан соң, жасқанасың,

Қарайсың арың сақтап, алды-артыңа.

«Өлмеймін», – деп ешбір жан айта алмайды,

Құдайдың ие емес қой мандатына,

немесе

Өмірдің базарына араласар,

Сыртында жүре бермей ду базардың.

Жемісін білімді ұрпақ жейтін шығар,

Қажамай қырдың қара шырғанағын.

немесе

Ақсұңқар асқар шыңға қанат қағар,

Жапалақ паналайды бұталарды – деуі дәлел.

Шарғын ақын – тек жазба ақын емес, адуынды ақ- тұйғын, суырып салма сұңқар қанатты ақын. Оған куә ақынның  Таңжарықпен,  Нәсілқан,  Күлшархан  жеңгесімен қақтығысын айтсақ та жетіп жатыр.

Ақынның жұрт аузында айтылып бүгінгі біздерге жеткен, жетпеген қаншама құнды дүние еңбектері – ұрпаққа аманат, үлгі ғибадат, асыл қазына.

Атамыздың қазақтың ұлы деп ұялмай көрсете алатын алып, апайтөс балуан дене бітімі, әлі күнге дейін біздің көз алдымызда. Ендеше, біз қалай қазақ алып тумайды деп айта аламыз? Сөз соңында, өзімнің жүрегімнен не бәрі жиырма бестің ар жақ бер жағында жазылған өлеңімнен үзінді келтіре кетсем артық болмас:

Жұлдызымдай көктегі жарық шашып,

Сағынышот сананы қарып-басып.

Шарғын ақын шам жағып кеткен елде,

Өлмейді өлең тұлпардай алып қашып.

Жыр додаға ту тігіп кеткен жерде,

Арманы бар ақынның көк белдерде.

Іздері бар ірінің өткелдерде,

Бұйырмаған былайғы, көп пендеге.

Бабам берген аманат сылқым жырдың,

Асауымен алыстым жұртым білгін.

Уысымнан ырым ғып шығармаймын,

Тастап кеткен қолыма қыл шылбырын, – деп тобықтай сөзде түйін бар, білгендерден түйіп ал, – деп ақынның аузына Алласы салған ақылды аяттай сөзімен нүкте қоялық.

Сәлім ЖУСАНБАЙ,

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…