Басты бет Мәдениет және руханият БІРІҢЕ-БІРІҢ БӘЛЕ ТЕРМЕ, ҚАЗАҚ!

БІРІҢЕ-БІРІҢ БӘЛЕ ТЕРМЕ, ҚАЗАҚ!

0
1,289

Қазақтың қасиетті төрінің бірі Қарадалада кіндік қаны тамып, шалғынды Шалкөде жайлауымен аттас ауылдың маңындағы бақилар мекенінен мәңгілік орын еткен Шарғын Алғазыұлының соңында сарқылмас өзен, тартылмас бұлақтай рухани қазынасы қалды. Абай атамның «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегеніндей, «өлең – сөздің патшасы» арқылы есімі елімен бірге жасап келеді.

Туғанына 120 жыл толып отырған жыр дүлдүлін бала кезімізде көзіміз көрді. Есейе келе қолымызға қалам алып, қара өлеңге олжа салар тұста ақын атамыздың ақық жырларын жанымызға азық еттік. Талбесігі Қарадалада тербелген ақынның жер бесігі Шалкөде топырағынан тұрақ тапты. Осы екі аралықта тағдыр тақтасына жазылған ғұмыр-дариясының бір бөлігі арғы бетте өтті. Ел басына екіталай күн туған заманда ауа көшкен жұртпен бірге Қытайға да кетті. Кеңес өкіметі тұсында ауыл мектебінде оқыған. Орысша білім алып, тіл меңгерген. Онысы шекара асып, шетел барғанда кәдесіне жарады. Оқығаны мен тоқығанының арқасында ұстаздық қылды. Мектеп басқарды, ауданда лауазымды қызмет атқарды. Мәдениет саласына да із қалдырды. Саясат сахнасына да көтеріліп, облыстық деңгейде білікті маман болды.

Осындай жетістікке жете тұра, Шарғын ақынның өмір жолын тақтайдай бұдырсыз өтті дей алмаймыз. Халқына адал, антына берік асқақ рухты ақынның алдынан небір ор қазылды. Жауапқа тартты, жаза кесті, абақтыға жапты. Тағдырына жазылған сынаққа сынбады, күресе жүріп өзін шыңдады. Өткен ғасырдың 58-жылы арғы беттен өтіп, қасиетті Отанына оралды. Өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, ұрпағына өнеге болатын өсиетін жазып қалдырды. Кестелі сөзі жауһар жырға айналып, жылжыған жылдармен жалғасып келеді.

Бір өлеңі – бір әлем! Осы тұста ақылы дария қария бабамның отыз бесте от кеудесін тулатқан бір өлеңінің төңірегінде ой толғағанды жөн көріп отырмын.

Әлқисса, желіде тұрып жұлқынып, тұлпар боларын білдірген құлындай бесігінде-ақ бұлқынып, есі кіргеннен сөз өнеріне ынтық болған Шарғын атам не депті?! Саралап көрсем қорғасын ойлары санаға салмақ саларлықтай екен. Даналық ойдан дән іздеген ақылы дария терең көл, айтқаны інжу кемеңгер қария былай дейді:
Ежелден бауырмашыл ер де – қазақ,

Алып күш, қазыналы кең де – қазақ.

Биік шың тұнығынан ұшқан қыран,

Қонбаған саз балшықты жерге, қазақ.

Дәл осы жұп-жұмыр бір шумақтан тектілігінің тамырын тереңге салған, болмысы бөлек ұлт екеніміз аңғарылмай ма? Қанына сіңген бауырмашылдық қасиеті бір-біріне ғана емес, жатты да жатырқамай құшағына басқан даласындай дарқан ел екеніміз сезілмей ме? Жұртының асқақ рухын асқар шыңнан түлеп ұшқан қыранға балағаны да бекер емес-ау. Бақаның мекені болған саз-балшықты жерден жырақ қону қыранға тән тектілік болса, осы мінез қазағымның қанында да бары рас. «Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық» деп өзін қанаттының ішіндегі қырағы қыранға теңегеннен болар, тәуелсіздігіміздің басты нышанының бірі – Көк байрағымызда күн астында қанатын кеңге жайған қыранның бейнеленгені.

Зерделеп үңіле түссеңіз, бір шумақтың өзінен мың сан ой туындатуға болады. Осылай тебірене келіп, ғасырлар қойнауында қалған баба тарихына зер салсақ, тұлпардың жүйрігін мініп, ит жүгіртіп, бүркіт баптаған, осынау ұлы даланың ең шұрайлы жерін жанға рахат қоныс, малға жайлы өріс еткен ел едік деп мақтануға болады. Бірақ «едік» деген екі ұшты ой қауашағыма неге оралып отыр? Айтпағымның аражігін алдағы шумақтарды оқығанда өзіңіз-ақ ажыратып аласыз.

Бірақ менің өзімнің көруімше,

Оңбаған бір мінез бар сенде, қазақ.

«Қазақ» десем айтамын өз атамды,

Болып жүрген бір іс бар елге мазақ.

Отыз бестегі ақынның жанын оттай қарыған ол қандай оңбаған мінез? Елге мазақ қыларлықтай не қылық?! Оқып отырып ойланып қалдым. Өлең жазылған өткен ғасырдың отыз сегізінші жылы емес, бүгінгі қоғамды көріп, жаны ауыра жырлап отырған Шарғын ақын елестеп кетті көз алдыма. Құдай-ау, мына өлең жазылғалы ғасырға жуық уақыт өтіпті. Содан бері мінез-құлқымызда еш өзгеріс болмағаны ма? Бір-бірімен жыланша арбасып, итше ырылдасқан қазақ сол мінезінен әлі арылмаған ба? Үш бірдей перзентіміз айға ұшып, аспан мен жердің арасын жалғап, әлемді аузына қаратқан жетістікке жете отырып, бір-біріміздің омыртқамызды опырып жатқанымыз қалай? Санмен сөйлеген сәнге айналған заман болды ғой. Осы өлең жазылғалы бергі 85 жылда санамызда еш сілкініс болмағаны ма? «Қарадай түңіліп не көрінді?» десеңіз, оқып көріңіз атамның жырын:
Жаудан жаман аңдиды бірін-бірі,

Өз қолымен тығады көрге қазақ.

Таласаң өзіңді-өзің адамдық па,

Біріңе-бірің бәле терме, қазақ.

Әлемді алақандағыдай көрсететін әлеуметтік желіні заманымыздың жетістігі деп қуана қабылдадық. Ал сол әлем-жәлем әлемжелінің бетінде не болмай жатыр?! Айтқан сайын айызы қанғандай бірінің бетін бірі айғыздауда. Қолына қару берсең арланбай атып, пышақ ұстатсаң аянбай сұға салатындай жауласқан, дауласқан жұрт. Шарғын атам айтқандай: «Жаудан жаман аңдиды бірін-бірі». Адамдықтан аттап, бірін-бірі талап, бірінің артынан бірі бәле іздеп, қолынан келсе көрге бір-ақ апарып тығуға дайын. Кемеңгерім-ай, ақылы дария терең көлім-ай! Ғасыр бұрынғы көңіліңді алаңдатқан қазағыңның бойындағы кертартпа мінездің мына қоғамда да айна қатесіз қайталанып жатқанын көрмейсіз бе?!
Күндейсің жаудан бетер арпалысып,

Жақсың болса, көре алмай өле жаздап.

Рухы биік ұлт болу үшін тұтастық керек екенін білсек те, кенеше жабысқан жаман әдеттен арыла алмай келеміз. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп бабаларымыз бірліктің туын көтеріп кетіп еді. Жүзге бөлінген «айналайын» болып қалды. Ендігі жерде дінге бөлініп, сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп барамыз. Дін ұстанғаны – арабқұл, шала қазағы – орысқұл, сақал қойғаны – уахабис, бейнамазы – тәңіршіл, билігі – жемқор, биі – парақор болып, бірлігің былай қалып, шашылған құмалақтай күйге түстік. Шарғын атамның өлеңімен мен де сауалды төтесінен қояйын:

Өздеріңе салайын ойлаңдаршы,

Осы қылық өзіңе жөн бе, қазақ?!

Әрине, жөн емес! Осынау жер бетіндегі жыбырлаған жаратылыстың ішіндегі ақыл иесі – адамзат қауымы емеспіз бе? Сан түрлі ұлт пен ұлыстың ішінде бабасы тұлпарына доңыз басқан шөпті жегізбеген, анасы сәбиін тазаланып алмай емізбеген тектілігіміз қайда?! Осылай мылтықсыз майдан заманының құрбаны болып, құрдымға құлай береміз бе? Бұдан шығар жол қайда? Темірқазығымыз қайсы?! Алыстан іздемейік. Оған да сара жолды Шарғын атам көрсетіп тұр екен, ағайын! Ең әуелі:

Өзіңнен шыққан адал азаматтың,

Артынан бәле жауып, терме, қазақ! Жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйыса алмай жатуымыздың басты себебі – осы. Бірінің мақтағанын бірі даттайды. Бірінің ақтағаны, енді біріне жақпайды. «Аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп жүрміз. Атамның айтқан ақылын тыңдайықшы бір сәт:

Жоқ ондайдың керегі тегі бізге,

Таста да, келсейші бір жөнге, қазақ!

Бір уақыт бабадан қалған даналық ойдан дән іздеп көрейікші. Жөнге келейікші! Жол бастар көшбасшымыз да, бағытымызды айқындар темірқазығымыз да айтылып тұр ғой. Бабаларымыздың осындай аманатына адалдықпен қарап, қалдырған өсиетін оқып, санамызға тоқып, амалымызға айналдыратын болсақ, алауыздыққа ауыздық болмай ма?! Бізді бақытқа жеткізетін де, тағдырдың сынынан сүріндірмей өткізетін де осы – жол. Қасиетті Қарадалада өсіпөнген, Шалкөде деп аталатын шалғынды жайлаудың төсін емген қазақтың қарапайым шалының бірі Шарғын Алғазыұлының айтқан өсиеті. Сонда ғана тәуелсіздігі тұғырлы, ұрпағы ғұмырлы, бірлігі бекем ел боламыз, ағайын! Санаға салмақ салған қорғасын ойды Шарғын атамның жауһар жырымен түйіндейін:

Өріне өнер-білім серме құлаш,

«Алма піс, аузыма түс» деме қазақ.

«Ынтымақ – ырыс алды» деген мәтел,

Бірін – жау, біреуін – жат көрме, қазақ!

Жұматай ОCПАНҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері

 

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…