Басты бет Мәдениет және руханият ЕСТЕЛІКТЕР СЫР ШЕРТЕДІ

ЕСТЕЛІКТЕР СЫР ШЕРТЕДІ

0
1,475

Шарғын Алғазыұлының туылғанына 120 жыл толуына орай «Алаш рухты ақын» атты салтанатты іс-шараның республикалық деңгейде ауданымызда өтетін хабарын естігенде есіме әкем Сәді Керімқұлұлының өрде жүргенде сол кісіден сабақ алдым деп отыратыны түсті. Бала кезімізде ол кісінің Сүмбедегі қызы Қаншайым апамызды іздеп келген сапарларында біздің үйде де талай қонақ болғанын да есіме түсірдім. Өлең оқып, ән-күй тартылған талай отырыстарында шыны әпергенім ойға оралды. Әкемнің інісі Сәдіғали Керімқұлұлының Қаншайым апамызбен сыныптас болғаны, екеуінің бірге ойнап сабақтардан жиі қашып кететін қызықтарын әңгімелеп отырысатын.

Осы жиынның «Жұмыс тобының» мүшесі болғаннан соң сол естеліктерді жиі-жиі еске алатын болдым.

Атамыздың биылғы мерейтойына орай жарық көрген қос томдығын Сағатбек Медеубекұлының  алғы сөзінен: «Кезінде Шарғын Алғазыұлын «Алаш қозғалысына» қатысы бар» деген күдікпен өмірінің соңына дейін кеңестік билік бақылауына алып, шығармалары көзі тірісінде жеке кітап болып жарық көрмеген еді. Болашақта Шарғын Алғазыұлының шығармалары әлі де жиналады, толығады» деген жолдардың әсері ме, әлде …

«Жұмыс тобының» кезекті жиынының соңында Шарғын атамыздың туған жері Диірмендік азамат Мұңдаш ініміз «Жәнет аға, менің түп нағашым Шарапат момайға арнаған дастаны бар менде» деп мына жырды маған жолдаған еді. Соны сіздермен бөлісейін.

ШАРАЙНАЛЫ ШАРАПАТ СҰЛУ

(Дастан)

Тиірмен сенде туып, сенде өскем,

Жерісің ата-баба кіндік кескен.

Нәр алып топырағыңнан есейгенмін,

Бауырыңнан әке менен анам көшкен.

Ойнаған асыр салып кең алқаптың,

Мен басқан жолдарымның торабы өткен.

Не көріп нені сездім бала жаста,

Сол істер осы күнде кетпейді естен.

Дастанын Шарапаттың сөз етемін,

Кешегі көзім көріп бастан кешкен.

Сұлу жоқ Тиірменде Шарапаттай,

Мөлдіреп екі көзі қарақаттай.

Дегендей төрт мүшесі түгел келген,

Арман жоқ өзіңді алған азаматта-ай

Дидарын Шарапаттың көрген адам,

Ауызы ашылушы еді ала қаптай.

Бай еді Тиірменде ұйғыр елі,

Асабай Мамашұлы Әуелғазы.

Бір қаншасы солардан именеді,

Шарапатты балама әперем деп,

Әуелғазы әуелде екіленді.

Басына адамзаттың орнап қалмас,

Бір ұшып, бақыт құсы бір келеді,

Қадірқазы балама әперем деп,

Бөледі екі жаққа іргелі елді.

Жамшидразам, Қадырқазы, Рахмет имам,

Бір жақ болып елді бөліп жасақ жиған.

Ақсудан Азат болыс қалыс болып,

Жағасы Тиірменнің әрең сиған.

Атасы Шарапаттың Балтақын бай,

Одағы ділмар адам айтатындай.

Үй еді берекелі кең дастарқан,

Жадырап барған адам жататындай.

Біртөбе өз алдына жатушы еді,

Кісі емес жөбішенді бататындай.

Ауызынан Шарапаттың балы тамып,

Көрмеген әдепсіз сөз аузына алып.

Қараса дидарына көз тоймайды,

Табиғат сұлулықты қойған жинап,

Тамағы ақмаралдың тамағындай.

Мойыны қызыл алма сабағындай,

Сұлулығын ел аңыз қылушы еді.

Кеше өткен Сейпілмәлік жамалындай,

Байлардың іздегені сауық сайран.

Егестің ру таласы қанат жайған,

Таласып бір қыз үшін соғыс болып.

Бір үлкен ауыл іші болды майдан,

Мамаштың тұқымдары бәрі жуан.

Ішінен бір ауылдың пәле қуған,

Оспан әжі, Нұражы, Әуелқазы.

Шомбалдар бір атадан бәрі туған,

Бас жарылып, қол сынып байлау үшін.

Қан қақсап қайғыменен бетін жуған,

Егес тартыс болып өтті бір жыл бойы.

Егес тартыс төбелес болды соғыс,

Белдегі ұйғыр халқы екі болыс.

Ақсу, Қалжат аталар бес болысы,

Кең байтақ Қарадала ел қонысы.

Созылған кенерлеп тау сілемі,

Кетпен тау асқар биік жер сонысы.

Бас қосты екі болыс бел ұйғыры,

Тиірмен құнарлы жер ұйығы.

Ел күшті ежелден-ақ дейді халық,

Жанжалмен тоқтаттырды ел бұйрығы.

Ел болып екі болыс қалыстады,

Бас тартып екі жағы дидарласты.

Қызымды қаласа еркі деді,

Шешімге келді осылай халық жағы.

Жауабын берді тура қыз барды дағы,

Баруға Қадырқазы баласына,

Қалыстардың тайсалмаса көз алдында.

Қадыр баласы еді Иболла атты,

Одағы жігіт еді парасатты.

Шақырып имамдарын неке қиды,

Сұлуың көрген жанды таңырқатты.

Той жасап неше күн тамашалап,

Қаншама сауық сайран думандатты.

Жаздым мен бұл дастанды көзім көрген,

Бақ қонып жаңа заман өзгерілген.

«Жұмыс тобының» тапсырмасымен Тасқарасу ауылына барған сапарымның бірінде сонда тұратын інім Жәнәділ Сәдіұлының үйіндегі келін – Қалиша Әбутәліпқызы «Аға, үйді жинап жүріп атамның мына кітаптарын тауып алдым. Керекті-керексізін сараларсыз» деп бір топ кітап арқалатқан еді.

Сол кітаптардың бірі Сәуле Мерекееваның әкесі, республикаға белгілі қоғам қайраткері Шарғын атамыздың замандасы Кәрібай Мерекеев жайлы «Сүмбенің сылдырайды бұлақтарын» ақтарып отырып, ақынның төмендегі өлеңін де сіздермен бөліскім келеді.

СҮМБЕГЕ КЕЛІП СЫРТТАН ЖАЗЫП КЕТКЕН АЛҒАЗИЕВ ШАРҒЫННЫҢ ӨЛЕҢІ. ( ҚОЖБАНБЕТ)

Кеп едім Қырғызсайдың Сүмбесіне,

Орнаған таудың биік іргесіне.

Екі Ақсу, Қырғызсаймен шығысында

Темірлік, Шошанайдың желкесінде.

 

Астында жайлауының кер тасы бар,

Ұқсайды мәнерлеген мінбесіне.

Суы сүт, топырағы алтын деген,

Гүл жайнап, күннен күнге гүлденуде.

 

Ең алғаш Кәрібаймен кез боп қалдым,

Дүкеннің Сүмбедегі бөлмесінде.

Жолығып жылы жүзбен амандасты,

Осындай азаматтар өлмесінде.

 

Мінді де Волгасына тартып кетті,

Айналып қалып еді күн бесінге.

Бұрын, соңды сыр алып жүрмеген соң,

Үйіне, көре сала жүр десін бе?

 

Адам деп қадірменді, естуші едім,

Мендағы құмар едім тілдесуге.

Артынан көк Волганың қарап қалдым,

Ат емес, құйрықтан ап мінгесуге.

Нұрқасым келді-дағы кез боп қалды,

Ыңғайлы адам екен бірлесуге.

 

Салынған поселке тұр ойлы-қырлы,

Батқандай болып тұрдым ойға түрлі.

Аңшыдай әр төбеден бір қарадым

Жайнаған жаңа Сүмбе ойда тұрды.

 

Қарасаң кешегімен салыстырып,

Заманы біздің елдің қандай нұрлы.

Өткені жатқан тарих осы елдің,

Жайнаған жаңа Сүмбе ойда тұрды.

 

Жасымнан бірге жүрген жолдас еді,

Білмедім Сәдіқожа қайда жүрді.

Бардық та Көбжанменен амандастық,

Айтысып, сыр бөлісіп қайдағыны.

 

Айналып дүниенің әлеміне

Деп жүріп өтеді өмір әне-міне.

Кезігіп көп адаммен сөйлеспедім

Сәлем айт, Жанғазының Әденіне.

Жол үсті Қатаменен амандастық

Күйеужан, рахмет саған әдебіңе.

Жинастырған Жәнет СӘДІҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…