Басты бет Иман ИСЛАМ – ИГІЛІКТІҢ БАСЫ

ИСЛАМ – ИГІЛІКТІҢ БАСЫ

0
2,377

Барлық   мақтау   бүкіл   әлемнің   иесі   Аллаға   тән.   Сәлем   әрі        салауат   бүкіл   әлемге   қамқорлық   ретінде   жіберілген   әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммед саллаллаһу алайһи  уәссалламға  Аллаһтың игілігі һәм салауаттары болсын! Менің дінім – Ислам! Кітабым – Құран! Жаратушым Алла! Пайғамбарым – Мұхаммед! Біз бес уақыт құлшылығы түгел, бес парызы асыл атадан осылай тәрбие көріп өскен ұрпақпыз! Сондықтан жазарымды дәл осылай бисмилләмен бастадым.

Барша адамзат баласына тән игіліктер мен баға жетпес  құндылықтардың бірі – дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтың, сабырлылықтың, төзімділіктің, жалпы барша жақсылық атаулыға бағыт сілтер бағдаршам. Дін қоғамның ең негізгі рухани қазығы болып тұруы тиіс. Дін арқылы қоғам тәрбиеленуі керек. Біздің қоғамда салтанат құрған хақ дініміз Ислам нағыз тазалықтың, мейірімнің, шынайылық пен сенімнің діні. Қазақ даласына Ислам діні келгелі бірқатар сүрлеу-соқпақтардан өткендігі айқын. Қантөгіс шайқастар мен жаугершілік заман, зұлмат соғыс, билік жүйелерінің өзгеруі біздің Исламды еліміз көрген езгіге бірге салып, соққыға бірге жыққандығын тарих дәлелдейді.  Қазақ даласында бірінен соң бірі болған қанды, қайғылы жылдар өркениетпен бірге дінімізді сансыратты. Тәуелсіздікке дейінгі қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің кезеңіндегі ширек ғасырда Ислам дінінің тынысы тіптен тарылып, тұншықтырылды. Қоғамнан аластатылды. Бүтіндей бір ұрпақ дінсіз өсті. Дінді санадан сүртіп, жүректен жуып тастауға жүйелі жұмыс жүргізілді. Алайда ол дәуірдің де құлдырайтын кезі келіп, жарты құрлықты құшағына қысып, уысына ұстаған Кеңестік үкімет ыдырап,  бірқатар елдер өз алдына шаңырақ құрып, егемендігін алды. Біз де тәуелсіз ел болып, көкжиектен еркіндіктің таңы арайлап атты. Бұл еркіндік ең әуелі тілдің, мәдениеттің, әдебиеттің, өркениеттің, салт-дәстүрдің және діннің еркіндігі болатын. Осылайша біз өзімізді құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнаттық. Қасиетті тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қоғамның өзге де салаларымен қатар дін де алға қарай қадам басып келе жатыр. Алайда бүгінгі күнде дінге қатысты мәселе күн тәртібінен түспейтін өзекті сауалдардың біріне айналды.

Енді дін мен қоғамның ортасына түскен қара дақтың тақырыбын тарқатпай тұрып, еліміздегі Ислам діні туралы азды-көпті мағлұмат айта өтейік. Ислам дініне 1436 жыл болса, қазақ жеріне келгендігіне тура 1356 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары Имам Ағзам мазһабы бойынша амал-әрекет жасайды. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың дін даңғылында сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы.

Әбу Ханафи мазһабына негізделген Ислам діні халқымыздың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен бірге біте қайнасып кеткен үлкен құндылықтарымыз болып табылады. Дәстүрімізбен дос, салтымызбен сырлас, ғұрпымызбен ғұмырлас, болмысымызға жақын Әбу Ханафи мазһабына негізделген Ислам дінін бүгінгі қазақ қоғамынан, жалпы адамзаттан не алыстатып бара жатыр? Бұл толғандырар сауалдың жауабы әртүрлі және артында тұрған үрей мен уайымы одан да қорқынышты. Дәл осы дәстүрлі дінімізді өзімізге жат көрсетіп жатқан түрлі діни ағымдардың елімізге көптеп еніп жатқандығын жасырын емес. Жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақ секілді болған түрлі кереғар көзқарастағы діни ағымдар халықты дін тұрғысынан адасуға әкеліп соғып жатыр. Оның ішінде еліктегіш келетін, бойында әлі қызуы басылмаған, әр нәрсеге құмартып тұрған жас буынның санасын тез улап жатқандығын күнделікті көріп жүрміз.

Осы орайда діннен терең білім жоқ, қарапайым халықтың көзқарасымен алып, сан түрлі ағымдардың ара жігін ажыратпай-ақ, қоғамға кереғар тұрған діни бағыт пен арнасынан адаспай ағып бара жатқан діни тура жолды жалпы барынша түсінікті етіп қарастырайықшы. Біздің алдымызда Ислам бүгінде үлкен екі қырымен көрініп тұр десек, оның бір жағында – балақты келтелеу, сақалды беталды жіберу, жүзінен мейірім емес, ашу, ыза көрінген суық түсті түсініксіз киінген адамдар. Олардың ұстанымында ғасырлар бойы атадан қанымызға сіңген, анадан бойымызға дарыған дәстүрлерімізді жоққа шығару, жеті нан салғызбау, батадан соң, дұға жасалған соң бет сипамау, көпшіліктен бөлектену, қыз балаға қаршадайынан оранып, арабтың дәстүрлі киімін киюді міндеттеу деген сынды адамды қоғамға қарсы қоятын шектеулермен өмір сүру міндеттелген. Намаз оқымаған адамның барлығы олар үшін кәпір саналады. Ең сорақысы сол, тіпті намаз оқымаса, ата-анасын да кәпір санап, адам құрлы көрмейтіндігіне қоғам болып қынжылғанбыз. Өзімшілдік мінез бойды кернеген өзгеден өзін жоғары санайтын менменшіл жандар. «Біздікі ғана дұрыс, қалғандары барлығы адасып жүр» деген тар сенімге байланған топ. Осындай топтардың арқасында бүгінде қоғамда мектептегі хиджап мәселесі де белең алып тұрғандығы жасырын емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі» делінген. Осы орайда қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынандай аят келтірілген: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер». Мінеки, бүгінгі қоғамда заңмен талап етілген мемлекеттің билігіне қарсы әрекет ететін, көпшіліктен бөлектеніп бүлік салатын жандар да осындай топтардың қатарынан екендігін көріп көзіміз жеткен.  Енді осы айтылғандардан бір жылулық немесе мейірім сезіне алдыңыз ба?

Ал енді екінші қырынан нені көреміз? Ақ дидарынан күлкі мен иман нұры төгілген сақалы жасына жарасатын ақсақал аталар, ақ кимешегі парасат пен парқына тұрарлық үйлесім тапқан апалар, қолына құманын ұстап, үлкенді сыйлаған жастар, ұяты мен арын ақ ормалдың астына жасырған қыз-келіншектер. Ата дәстүрін ардақтап, ананың ақылын тыңдаған, әкенің тәрбиесін бойына жинаған берекелі қоғамды көреміз. Өзінің білгенін үйретіп, білмегенін өзгеден сұрап, сын айтса дұрыс қабылдап, қатесін көрсетсе, түзетуге асығатын аталы елдің тәрбиелі ұрпақтарын көреміз. Бұл біздің бүгінгі өмірдегі нағыз бірлік пен татулыққа, мейірім мен әділеттілікке алып баратын дәстүрлерімізбен біте қайнасқан кіршіксіз тұнық Ислам дініміз.

Дәл осы екі қырынан қарап жалпы ұғыммен ара жігін ажыратқан бүгінгі Исламның бірінші айтылған қырын таңдасақ, болашағымыз қасірет болатындығы айқын. Ал екінші айтылған діннің тағы бір қыры ол – өзімізге бағзыдан таныс, болмысымыз бен салт-санамызға жақын атадан аманат болып келе жатқан Ислам діні. Біз сол ата-бабаның дінінен адасып қалмауымыз керек. Нағыз исламның етегінен мықтап ұстауымыз қажет. Ал осы орайда өскелең ұрпақ, жас буын жат ағымдарға ілесіп, деструктивті діни ағымдардың жетегіне жүріп, адасып кетпес үшін не істеуіміз керек деген заңды сауал туындайды. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген ескертпе нақылды дана халқымыз тегін айтпаған екен. Мәселенің барлығы бесіктен басталатын тәрбиеде жатқандығы айқын. Әке баланы қаршадайынан қолынан жетектеп жүріп, ата-бабасының жатқан жерін көрсетіп, өлгенге құран бағыштауды үйретіп, дұға жасап, бата беріп, бет сипап, Алладан алақан жайып сұрап, сақал өсірудің жөн-жосығын үйретіп, салт-дәстүрден аттамауды, ата-анаға қандай жағдай болса да күрсініп сөйлемеуді, тағысын тағы санасына сіңдіре берсе, бойына дарыта берсе, ол адам қатарына қосылғанда біздің шынайы саф Исламның, дәстүрлі дініміздің шеңберінен ешқайда шықпайды. Тәрбиенің іргетасын балаға мықтап қалау керектігін естен шығармағанымыз абзал. Қоғамның маңызды бір бөлігі болып тұрған діннің бітім болмысы толық болуына, оның ішінде еліміздегі ең негізгі дін —  Исламның ел болашағын қасіретке емес, игілікке алып баратын дін ретінде ортамызда орнығып қалуына әрқайсысымыз аталық тәрбиемен, аналық мейіріммен атсалысуымыз керек!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…