Басты бет Мәдениет және руханият ҰЛТТЫҢ ТІЛІ МЕН ҮНІ – ДОМБЫРА

ҰЛТТЫҢ ТІЛІ МЕН ҮНІ – ДОМБЫРА

0
724

Қазақ даласы ерлік пен батырлық, дін мен салт-дәстүр, білім мен ғылымды қосқанда өнерге де өте бай киелі мекен. Әсіресе ұлттық өнер мен ұлттық аспаптардың әлемді таңғалдыра алатын қасиетті үні мен тереңге тартқан ғасырлық, тіпті дәуірлік тарихы бар. Оның ішінде исі қазақтың егіз ұғымына айналған домбыраны төрткүл әлем таниды. Домбыраны көрсетсең қазақты, қазақты айтсаң домбыра еске түсетін қазақтың тарихында ойып тұрып орын алатын киелі аспапқа айналды. Ұлттық кодтың айқын тетігі болған бұл ұлттық аспапты келер ұрпақтың санасына сіңдіріп, бүгінгі күні кешегі бабалардың сазы мен қазақ даласының үнін осы домбыраның көмейінде күмбірлету үшін осыдан 5 жыл бұрын ұлттық домбыра күні деген айтулы мерекені атап өтуді ел болып бастап кеттік. Сол уақыттан бері жыл сайын атап өтіліп келе жатқан бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі де салмақты болып келе жатыр.

Ағымдағы жылдың 30 маусым күні ұлттық домбыра күні мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өткізілді. Шараға аудан басшылығы мен бөлім, мекеме қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ауданның тұрғындары мен қонақтары қатысты. Қос ішекті ұлттық аспаптың  тарихи құны мен қазақ елінің ұлттық өнеріндегі ойып тұрып алатын орнын айқындап, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықты қаз-қалпында аманаттап беру үшін мерекелердің қатары «Ұлттық домбыра» күні деп аталатын ерекше күнмен толығыса түскенін баршамыз білеміз. Күнтізбеден орын алған бұл мерекені айшықтай түсу үшін, мерекенің мағынасын қалың көрерменге жеткізе түсу үшін шараның басы сахналық театрландырылған қойылыммен басталды. Оразбек Бадықовтың “Қанжар мен Домбыра” және “Қарақұм трагедиясы” пьесасының желісі бойынша Асқар Наймантаевтың дайындаған шағын сахналық қойылымын ауданымыздың “Қарадала” халықтық театры тамаша ойнап шықты. Қазақ даласы көрген қанды қасіреттің бәрін домбыра да көрген. Бұл ұлттық аспаптың қос ішегінде қазақтың талай зар-мұңы мен қайғы-қасіреті күй боп төгілді. Көмейінде кешегі тағдыр тауқыметінің ащы зары мұңды әуен боп шертілген. Осының барлығы қойылымда көрерменнің көз алдынан өткізілді. Әсерлі сәттен соң бастау алған шараның құттықтау сөзі аудан әкімі Шухрат Нурахуновқа ұсынылды. Тәуелсіз Қазақ елі үшін, ұлттық өнер мен ел тарихы үшін орны бөлек мерекемен барша халықты шын жүректен құттықтады. Әрі қарай шара ауданның өнерпаздарының дайындаған концерттік нөмірлерімен жалғасын тапты. Шарғын Алғазыұлы атындағы жыр-терме мектебі оқушыларының орындауында халық әні «Домбыра» шырқалып, «Жазерке» халықтық ұлт аспаптар ансамблі бишілерінің дайындаған «Домбыра» биі де көпшілікке тарту етілді. Аудан домбырашыларынан құрылған оркестрдің орындауындағы Құрманғазы Сағырбайұлының  «Балбырауын» күйі көрерменнің көңілінен шықты. Жалпы домбыраны дәріптейтін ән де, би де, күй де сахна төрінде дәл осы мерекеде орындалды.

Бүгінде домбыра ұстаған жас буынның қатары көбейіп, домбыраға деген ұрпақтың қызығушылығының арта түсуі көкейге ерекше қуаныш ұялатуда. Аймақтарда түрлі домбыра үйірмелері жұмыс істеп, қос ішекті ұлттық аспаптың көмейінде күйді күмбірлетудің кәсіби әдісі жас өнерпаздардың бойына сіңдірілуде. Домбыраның ішегінде шертілген күй мен көмейінен төгілген саз қазақ даласында Мәңгілік әуелесін. Ұлттың үні мен тіліне айналған домбыра тәуелсіз елмен бірге ғұмырлы болсын, мәңгілік болсын!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…