Күнделікті өмірде дене шынықтыруды сүйетін жандар өте көп. Әлемде және елімізде болып жатқан спорт жаңалықтарын асыға күтіп, Қазақстан спортшыларының тілеуін тілеп, спортқа байланысты кез келген ақпаратқа елеңдей жүретін жанкүйер оқушылар, спортқа қызығушылық танытып жүрген жасөсірімдер саны бізде де артып келеді. Осыншама халықты ұлты мен тіліне, діні мен түр-түсіне бөлмей өзіне ынтызар еткен спорттың мәртебесін ерекше атап кетуге болады. Спорт – адам денсаулығының кепілі, денешынықтыру – бұл қозғалыс, қозғалыс – бұл өмір екенін бәрі біледі. «Тәні саудың – жаны сау» деген сөздің мағынасын түсінетіндер де спорттың қадірін қастерлеп жатады.
Спорт – ең алдымен денсаулық, бәсеке, ұжымдық бірлік. Ал, жеңіске деген ұмтылыс оқушыларымызды алға жетелеп, аянбай еңбек етуге, үнемі алға ұмтылуға, үйренуге, тер төгуге, алға қойған мақсаттарына жетуге баулиды. Сонымен қатар спорт мәртебесі – бәсекеге қабілетті болуға үндейтін нағыз тәрбие көзі. Ең бастысы спорт – бейбіт бәсеке және спорт-саясат, елдің елдігін, ердің ерлігін, рухтың биіктігімен ұлттар достастығын айғақтайтын нышан. Спортта, өнерде ұлт болмайды деген сөз сондықтан айтылса керек. Ауданымызда спорт қозғалысы жақсы дамыған. Мемлекет тарапынан да спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінуде.
Жақында ғана Қырғыз жерінде өткен байрақты бәсекеде біздің ауданның армрестлингтен мықтылары бақтарын сынап қайтты. Спорт мектебінің қол күресінен жаттықтырушысы Нұржан Ахунов өз тәрбиеленушілерін отқа да, суға да салады. Сөйтіп жүріп олардың бойына шымырлықты, бәсекелестікті, намысты орнықтырады. Жығылған күреске тоймас дегендей жеңіліс тапқан шақта да меселдерін қайтармай керісінше жани түседі. Сонда ғана топ алдында сайысқа түсуге бел байлап, жемісті жүлдеден үміт күтесің, – деген қағиданы баланың санасына сынадай қағады. «Қырғызстанның Інжуі» «Жемчужина Кыргызстана» атты VІІ халықаралық спорт фестивалі Ыстықкөлде өтті. Оған біздің ауданның қол күресінен жаттығып жүрген екі жігітіміз барып бақ сынасып қайтты. 65 килограмм салмақта Аян Қунышбекұлы жүлделі екінші орынды иеленіп күмістен алқа тақса, 75 килограммдық салмақта Рамиль Османов қола медальға қол жеткізді. Бұл спорттық фестивальге шетелдерден шақырылған спортшылар өте көп болды. Армрестлингтен біздің шәкірттер қашанда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл жолғы жеңістің құны өзгеше. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұржан Ахунов арнайы алғыс хатпен марапатталды. Жоғары кәсіби шеберлік пен спортты дамытуға қосқан ерекше үлесі және жастарға саламатты өмір салтын насихаттаудағы еңбегі үшін алғыс білдіреміз деген тамаша сөздер жазылған. Нұржан Ахуновтың жаттықтырып жүрген шәкірттері облыс, республика емес халықаралық деңгейде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жолы да сол биігінен төмендеген жоқ. Спортта өзіндік қолтаңбасын қалдырып, бала тәрбиелеуде ерекше өнеге танытып жүрген Нұржанға айтар алғысымыз шексіз.
Жиһангер МӘЖИТОВ,
аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры