Басты бет Басты ақпарат АСПАНТАУ — АҒА !

АСПАНТАУ — АҒА !

0
1,600

АСПАНТАУ — АҒА !

(Нұрлан Оразалиннің 70 жылдық мерейтойына арналған інілік ізгі тілек)

Арқасы аспан тірегін алып таулардың иығы кең, қиыры шексіз. Бар қазақты бауырына басқан қалпы, болашағына көз тастап, басына бұлт үйірілсе де тәкәппар мінезінен айнымайды. Байсал тартып тұрғанда да рухы – асқақ! Асқақтығымен қоймай алыстаған сайын сағындырып, жақындаған сайын табындырып қояды. Иә, ол – Аспантау ғой… Сол — Аспантауға айналған алыптарымыздың қатарына қосылған, бір дәуірді бір дәуірге жалғап, ғасыр түгілі мың жылдықтар тоғысында да толғау-толғау ой-дүниесімен дүр қалпын сақтаған, әдебиетіміздің ғана емес, ұлт руханиятының қазіргі арқа сүйер, ақылшы ағасы, Қарадаланың қара нары, Ол – Нұрлан Мірқасымұлы Оразалин!
Қоғамдағы қомақты шаруалары мен қопарып істеген қызметтерін былай қойғанда, Қазақстан Жазушылар одағын жиырма жылдан аса басқарып келеді. «Басқарып келеді» деген – баршылықтың басында отыру ғой. Ал, Нұрлан аға қарашаңырақтың жар басында тұрған шағында келді. Ол кезде арқауын тартып, алтын қазығын босатпай аман сақтап қалудың өзі – ерлікке пара-пар еңбек еді. Соған қарамастан алмағайып уақытта мойнына ауыр жүк артып, алыптардың аманатын арқалап, әдебиеттің ар ісінің алдында адал болудың аппақ жолын көрсетті.
90 жылдарда әдебиетке апыл-тапыл басып келген біздердей жәутең-көз толқынды топ-тобымызбен Одаққа мүшелікке қабылдады. Одақ төрағасының батасын алып, бізден кейін қалам ұстаған қазіргі жастар да қара көрсетіп қалды.
Артқан сенімін ақтай алдық па жоқ па? Оны Бақыт емес, уақыт айтсын…
Абыздыққа қадам басқан шағында – еткен еңбек, төккен терін біз айтпағанда кім айтады? – деген лепес-лебізім ғой.

Ақар-шақар дүниенің арасында жүрсе де ағаның ақындық рухы асқақтамаса, аласарып көрген емес;
«Аспа!
Таспа!
Астамсыма!
Орғыма!
Байқамасаң, тіршілігің – тор мына.
Адамдардан алғыс алу – шын бақыт,
Ала жіпті аттау, бірақ, зор күнә…» – дейді, Тәңіртаудың тамырында бүлкілдеген тәлім-үн!
«Атын айтып Қазақ пенен Құдайдың,
Кең даламның амандығын сұраймын!…»
Бұл – Аспантаудың алып жүрегі аунап түскенде айтылар, аппақ арман-тілек емес
пе?
Анарысты қайта түлетіп, Елсау бидің қасиетін күзетіп, Майқының «түгел сөзімен» ойыңды түзетіп, Тоныкөктің рухымен бойыңды түзетіп, Қорқыттың қобызымен «өлместің емін» іздетіп, Асанқайғының арманымен жерұйығыңды тербетіп, ашынғанда Абайды сөйлетіп, ақтарылғанда Махамбетті тебірентіп, Алаштың арыстарын аспанға өрлетіп, Мұхтар, Ғабиттердің ғибратын, Қасым, Мұқағалилардың ұлағатын көрген ақын-жүректің басқаша толғануы мүмкін емес!..
«Мен жыласам – көлім үшін жыладым,
Мен құласам – шөлім үшін құладым.
Мен қамықсам — ұрпақ үшін қамықтым.
Мен қайғырсам… жерім үшін қайғырдым.
Мен қуансам – ғалам үшін қуандым.
Мен жұбансам – өзім үшін жұбандым.
Мен өртенсем… елім үшін өртендім…»
Ақын, дараматург, қоғам қайраткері –– Нұрлан ағаның осы бір ақ жарыла айтқан ақиқаты – «азаматтық позициясының айқындауыш күші…», адалдығының алға ұстаған аппақ туы!
Алапат күшін ауыздықтап, аппақ туын желбіретіп жетпістің ауылына алқынбай келген ағаның мерейтойы – әлем әдебиетінің назарын аударған ұлт әдебиетінің тойы!
Бағыңды жандыртар, барыңды салдыртар, ұлтыңды ұлықтап, рухыңды жаңғыртар Ердің тойы-Елдің тойы мерейлі болсын!


Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ,
ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…