Өткен жылы Елбасымыз 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын ұсынды. Оның ішінде балалар саулығы, жасөспірімдердің өсіп, жетілуі басты орындарға қойылған. Қоршаған ортаның тазалығы, қауіпсіздігі, ауаның ластанбауы, сапасыз азық-түліктің болмауы сияқты мәселелер де жақсы көтерілген. Осы бағдарлама аясында жылда балаларды қорғау күніне арналған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Биыл да «Бұл әлемді балаларға сыйлаймыз» атты ұранмен аудандық ауруханада ем қабылдап жатқан балалар бөлімінің бүлдіршіндерімен үлкен мереке өткізілді.
Күн де керемет нұрын шашып, жарқырап, балалардың қуанышына қуаныш қосты. Алаңқайда «Аяжан» медициналық колледжінің студенттері флешмоб көрсетті. Балалар дәрігері Гүлинур Аршидинова балаларды, олардың ата-аналарын мерекелерімен құттықтап, балаларды асфальтқа сурет салудан жарысқа шақырды. «Әлем бала көзімен» атты конкурста сурет салудың шеберлері анықталды. Бірінші орын Данияр, екінші орын Рошан, үшінші орын Мадинаға бұйырды. Ал ән салып, өлең оқудан Гүлсанам мен Ранагүл бас бәйгені қанжыларына байласа, Аружан мен Дияра екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Мерекенің көрігін қыздырып, ажарын аша түскен жүкті аналардың сайысы болды. Балалар кеңесінен Мунира Таипова мен Альфия Даутовалар, балалар бөлімінен Назгүл Омаровалар өнерлерін көрсетіп, балалармен бірге сурет салды. Дәл осы сағатта, осы күні дүние есігін ашқан үш сәбидің аналарына құттықтау жолданып, сыйлықтар табыс етілсе, аудандық аурухананың бас дәрігері Мәншүк Долаева өзінің орынбасарларымен уақыт бөліп, балалар бөлімінде емделіп жатқан бүлдіршіндерге сыйлықтар ұсынып, жүрекжарды ізгі тілегін арнады.
Балалар күніне арналған мереке аудандық ауруханада жоғары деңгейде, балалардың есінде ұзақ уақыт сақталатындай боп өтті. «Жерде бала қуанса, көкте періштелер» деген нақыл сөз бар. Бұл күні балалардың қуанышынде шек болмады. Оны ұйымдастырған аурухана әкімшілігіне, балалар дәрігерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Баян МАМЫРБАЕВА