Басты бет Мәдениет және руханият ТЕАТР КӨБЕЙСЕ, ТҮРМЕ АЗАЯДЫ

ТЕАТР КӨБЕЙСЕ, ТҮРМЕ АЗАЯДЫ

0
354

Шерағамның дәл осындай сөзі бар. Бірақ нарықтың қыспағына қысылған тұста осы сөзді естен шығарып алдық. Соңғы отыз жылдың ішінде кезіндегі жергілікті жұрттың көзайымына ай­налған, өнер десе ішкен асын жерге қоятын талантты өнерпаздары мен жасындай жарқылдаған Асанәлісі мен Торғындары бар халық театрларының есіктеріне қара құлпы салынды. Тіпті республикалық деңгейдегі академиялық театрлар санасатын талай тарландардың өнер ордасы тіршілігін тоқтатты. Ауылдағы ағайынның да жалғыз рухани ордасы болған мәдениет ошақтарының қабырғалары қақырап, шаңырағы ортасына түсер жағдайға жетіп, ойран болды. Есесіне елірген ұрпақ пен өнерден алыс жасөспірімдер көбейді.

Біз тәуелсіздік алып, шекарамызды бекіттік. Бірақ ақпараттық кеңістікті бекіте алмадық. Осы тұста жан-жақтан ағылған шетелдік мультфильмдер, фильмдер бұрынғы театрларды алмастырды. Қатыгездік мен арзан ойын-күлкіге тәрбиелейтін жаттың дүниелері жас ұрпақтың санасын улады, аздырды, ақыры тоздырды. Нәтижесінде қатыгез ұрпақ, дүбәра бала өсті. Есірткіге еліткен, шылымға шырмалған, ащы суға алданған жандар жетілді. Бұл қылмыс әлемінің де әбігеріне айналды. Бір-бірімен байланысты, бір-бірімен шынжырдай шырмалған өмір осылай жалғаса берді. Көрерменнің талғамы таязданды. Рухани азығы азайды. Санасы арзан дүниеге жақын болды. Осылайша балалар бала кезінен руханиятқа, әдебиетке, өнерге жақын болмаса, кейін одан қатыгез адам шығуы мүмкін деп дабыл қаққан өнерсүйер қауымның айтқан болжамы орындалды.

Осындай олқылықтың орнын толтыруды да бірнеше жыл бұрын өнердің шын жанашыры болған жандар қолға алды. Алматы облысында да бірнеше халық театрлары есіктерін қайта ашып, өз өнепаздарының басын бір арнаға тоғыстыруды бастады. Осынлай игі істің басында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Асқар Наймантаев тұрды. Асқар Әбдіғалымұлы әп дегеннен Райымбек, Ұйғыр аудандарынан «Хантәңірі», «Қарадала» халық театрларын ашып, өнер­ге сусаған жұртшылықты бір сер­­пілтіп тастаған еді. Бала кезінде әке­сі Әбдіғалым Наймантаев «На­рын­қол» халық театрында режис­сер болып еңбек етсе, анасы Ра­фия Райжанова сол халық теат­рының әртісі болған. Осындай отбасыдан шыққан Асқар ағамыз өнердің шын жанашыры екенін дәлелдеп, шабылып жүріп театр ашты. Олардың репертуарларының тағаммен таңдалуына да өзі ықпал етті. Ондағы өнерпаздар кәсіби әртіс болмаса да бойларында бар өнерлерін баптап, сахнаға шығарып, шын бәйгенің ортасына тастады. Нәтижесі де жаман емес. Тіпті мақтануға тұрарлық деңгейге жетті. Бүгінде Асқар ағамның бастамасынан соң-ақ Алматы облысының қалған аудандарында да театрлар ашылып, өз көрерменін топтастыра бастаған. Бүгінде сол театрлардың репертуарын қалыптастыру, кәсіби шеберліктерін арттыру, зама­науи сахналық үрдісті нығайту мен дамыту, сондай-ақ театрдың шығармашылық ізденістерін ынталандыру және кеңейту мақсатында халық театрлары гастроль ұйымдастырып, көрші аудандар мен ауылдарға спектакль мен концерттік бағдарламаларын ұсынып, тәжірибе алмасып, түрлі семинарлар ұйымдастыруда. Жуырда Ұйғыр ауданында осы Алматы облысының барлық аудандарындағы 10 халық театрының басын қосқан «Заманауи Қазақстандағы – ұлт руханияты» атты облыстық семинар өтті. Семинардың мақсаты – «Халықтық» атағы бар және жаңадан құрылған театрлардың өзара байланысын дамыту, өнер ұжымының кәсіби деңгейін арттыру, көрермендерге тың дүниелерді ұсыну. Қарадаланың төсінде өткен шеберлік сағатына Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің ұстазы, сахна сайысының, пантомима өнерінің ұстазы Ернар Тіленшиев, театр және кино гримінің маманы Аида Шайзадалар келді. Сонымен қатар ҚР Мәдениет қайраткерлері, актер Мұхаметжан Мырзакеев, Әділхан Қабышевтар да осы ортадан табылды.

Шараның шымылдығын ашқан Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев семинарға келушілерге сәттілік тілеп, аудандық деңгейде өнер көрсетіп жүрген халық театрлары ұжымдарының өнер үшін жасап жүрген ұшан-теңіз жанкешті еңбектеріне табыс тіледі. Мұнан соң аты аңызға айналған театр саңлағы Тұңғышбай Жаманқұлов абырой-атақ үшін емес, киелі сахна үшін, жүректің шынайылығын халыққа жеткізу үшін жүрген Алматы облысының әр ауданынан жиналған сахна тарландарына алғысын жеткізді.

«Осы уақытқа дейін биліктің бишігін ұстағандар өнерге арзан көзқараспен қарады. Бірақ өнер адамдары өкпешіл емеспіз ғой. Әнімізді айттық, өнерімізді көрсеттік. Өнер жүректен шығады. Әрине, қолдауды қажет етеді. Бірақ қолдаусыз өнер өлмейді. Халық өлтірмейді. Дегенмен соңғы жылдары өнер ордалары жабылды, сатылды. Аянышты күйге түсті. Өз аулыма барған сайын кезінде кереметтей салынған мәдениет сарайының тас-талқан болғанына қарап жүрегім ауырады. Оны біз нәубет деп есептеуіміз керек. Ол мәдениет ошақтарына кезінде ауылдың жас-кәрісі жиналатын. Кәсіби әртістер келіп концерттерін қоятын. Халықтың басын жинайтын қасиетті орын. Осы нәубеттен шығудың бір жолы халық театрларының қайта жандануы болды. Олар ешкімнің қолдауынсыз, ақырындап өздері бас көтере бастады. Бұрынғы жабылғандары қайта ашылды. Сол бірқатар театрлардың басында менің шәкіртім Асқар жүрді. Біз енді міне, сол театрларға көңіл бөлуіміз керек. Оларға штаттар бөліп, сахналық костюмдер мен декорацияларының жаңаруына күш салуымыз керек. Бұған мемлекет тарапынан көңіл бөлінгенде ғана алға басады», — деп Тұңғышбай ағамыз бізбен біраз ойын бөлісті.

Бұл күн әр аудан, қаладан келген халық театрлары үшін ерекше есте қаларлық күн болды. Кәсіби мамандардың ақыл-кеңесін тыңдады. Сахнаның талай сырымен танысты. Қазақстан Республикасының халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали аудандық театрлардың жетекшілері мен режиссерлерін бөліп алып, сан сұраққа жауап беріп, театрлардың репертуар саясатын, пъесамен жұмыс істеу тәсілдерін үйретіп, заманауи театр келбеті мен пішініне бірге отырып талдау жасап, біраз ақпараттармен қанықтырды. Бір топты сахна сайысы маманы Ернар Бейсенбек қолма қол төбелестен бастап қару-жарақ құралдарын сахна сайысында қолдану, техникалық қауіпсіздік ережелерін, әйгілі Джеки Чанның «сайыс хоеографиясы» дегені не екенін түсіндірді. Ал гримдеудің кәсіби маманы Аида Шайзада болса театр, кино әртістеріне гримді қалай қолданудың құпияларымен бөлісті.

Бір күнге созылған семинардың қорытындысында келген қонақтар мен театр ұжымдары марапатталды. Аталмыш шараны ұйымдастырушы Асқар Наймантаев ағамыз Алматы облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылғы орталығына алғысын білдіріп, өнермен өмірін мәнді етіп отырған әр жанға ризашылығын жеткізді.

Иә, бір риза боларлығы соңғы жыдары мәдениетке сусаған өңірлерде сең қозғалып, театрлар ашыла бастады. Енді тек соны әлсіретіп алмай, халық театрларының жағдайының жақсаруына ықпал жасалса оң болар еді. Әр ауданда халық театрларына штаттар ашылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталып, декорациялары жаңғырып отырса, ел ішінен жарқ еткен ауылдың өнерлі жастары қанатын кеңге жайып, қайрат-жігермен театрлардың өрісінің кеңеюіне үлес қосарына сенім мол. Тек қолдаудан кемшін болмаса болғаны…

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…