Басты бет Көкжиек БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН КАПИТАЛ

БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН КАПИТАЛ

0
614

Бүгінгі таңда аудан бойынша 33 мектепте 11604 оқушының 4750-і қазақ тілінде,  3166-ы орыс тілінде, 3688-і ұйғыр тілінде білім алуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 қаулысымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы бойынша жасалған жоспарды басшылыққа ала отырып барлық білім беру мекемелерінде оқушылардың білімге толық қолжетімділігі қамтамасыз етілген. Әрбір оқушының зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі принципі негізінде 117 оқушы жекелеп үйде оқытылады. Білім  беру мекемелерінің білім сапасы 63,9 пайызды, үлгерімі  100 пайызды құрайды, яғни үлгермейтін  оқушы  жоқ.

2022-2023 оқу жылында аудан бойынша  11 сыныпты 649 түлек аяқтады. Оның ішінде  35 түлек «Алтын белгі», 64 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Биылғы оқу жылында барлық аудандық оқуларға 456 оқушы, ғылыми зерттеу байқаулары мен жалпы пәндер олимпиадаларына 2000-ға жуық оқушы қатысты. Оқулар бойынша облыстық кезеңнен 47 оқушы,  республикалық кезеңнен 17 оқушы 1,2,3 орындарға ие болса, ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардан 84 оқушы облыстық, республикалық кезеңнің жеңімпаздары атанды. Жеке  адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту мақсатында мектеп оқушылары арасында жыл ішінде түрлі байқаулар мен конкурстар ұйымдастырылып отырады. Атап айтсақ  «Абай» оқулары, «Жыр алыбы – Жамбыл», «Дана халықтың дара перзенті» атты аудандық жас ақындар айтысы, «Ә.Кекілбаев оқулары», «Қадыр оқулары», «Мұқағали Мақатаев оқулары», «Ілияс оқулары», «Мағжан Жұмабаев оқулары», «Айбергенов әлемі», «Яссауитану» атты әдеби өнер бәйгесі, «Абай, Шәкәрім оқулары», «Тіл – құндылық» атты республикалық байқау, «АЙҒАНАТ» олимпиадасы, «1000 бала» олимпиадасы, «Жарқын болашақ» олимпиадасы, «Пушкин оқулары» өткізілді.

9 оқушы «Зерде» ғылыми зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезең жеңімпаздары атанса, 8 оқушы 8-11 сынып оқушыларына арналған облыстық ғылыми жоба конкурсының жеңімпаздары, 4 оқушы пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары, «Ұлттың ұлы тұлғасы» атты қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған сырттай арнау-жырлар облыстық байқауында 7 жеңімпаз, 4 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған олимпиаданың облыстық кезеңінің жүлдегерлері, 5 оқушы «KazRoboSport-2023» чемпионатының облыстық кезеңінің жеңімпаздары, 3 оқушы «Жыл оқушысы» облыстық конкурстың жүлдегерлері атанды. Олардың ішінде «Жыл оқушысы» байқауының республикалық кезеңіне өтіп, «Алғыс хатпен» марапатталған А.Розыбакиев атындағы орта мектебінің оқушысы Муралбек Елдиярды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің  ұйымдастыруымен мектеп  оқушылары арасында өткізілген «Менің қаламымдағы музей»  атты республикалық  ғылыми  жоба  байқауының бас жүлде иегері Ақтам орта мектебінің 6 сынып оқушысы Жұман Елдана Ерғаниқызын, республикалық «Тіл – құндылық» байқауының жеңімпаздары М.Жалилов атындағы орта мектебінің оқушысы Айерке Қалиеваны, №1 мектеп-лицейінің  оқушысы Шахинур Галитжанованы, Ясмина Савутованы ерекше атауға  болады. Аса дарынды балалардың бойындағы қабілеттерін аша білген, оларға жол көрсеткен ұстаздың еңбегі екендігі даусыз. Сондықтан жыл бойы оқушыларды білім нәрімен сусындатып, олардың қабілет-қарымдарын анықтап, әртүрлі байқауларда топ жарғызған мұғалімдер қауымына алғысымыз шексіз.

Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің оқушылары аудан намысын тек Республикада ғана емес Халықаралық ғылыми зерттеу байқауында қорғады. 2023 жылдың наурыз айында Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы Халықаралық математика және механика бойынша ғылыми зерттеу байқауының жүлделі ІІІ орын иегері 11 сынып оқушысы Қанат Аянатты және 2023 жылдың мамыр айында Стамбул қаласында өткен  Абай оқуынан халықаралық байқауда бас жүлде алған 1 сынып оқушысы Маратұлы Бексұлтанды, халықаралық «Топжарған» байқауында бас жүлде  иегері атанған Мұхамеджан Камиланы мақтанышымыз деп айта аламыз.

Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің, «Дарынды балалар – Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші» атты облыстық дарынды балалармен кездесуіне Абай атындағы мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушылары Таңатар Айзере, Нұрманбекұлы Бағжан қатысып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің «Алғыс хаты» және ақшалай 100000 теңгелік сыйақымен марапатталды.

Дарынды оқушыларымыздың әрі қарай білімдерін дамытуына үлес қосып жүрген талантты ұстаздарымыз да биылғы оқу жылында жоғары нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда жыл ішінде облыстық, республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларға 30-дан аса педагог қатысып, 17 педагог облыстық кезеңнің, 11 педагог республикалық байқаудың жеңімпаздары атанды.

2022-2023 оқу жылының ішінде білім сапасын көтеру мақсатында білім бөлімінің қызметкерлері барлығы 156 сабаққа қатысып, мұғалімдерге әдістемелік көмектер көрсетті. Өткен оқу жылы тың бастамалар мен жаңашылдыққа толы болды. Білімді ұрпақ елдің болашағы болғандықтан оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Сондықтан мұғалімнің білімі биік, мәдениеті жоғары, өресі ұлағатты болғанда оның нәтижесі де бағалы болмақ. Жұмыс болған жерде кемшіліктер жүретіні заңдылық. Оны да болдырмаудың жолдарын әркез қарастырып, шешуді заң аясында жүзеге асырып келеміз. Жыл  ішінде білім сапасындағы олқылықтардың орнын толтыру жұмыстарын зерделеу мақсатында аудан мектептеріне  4 рет  мониторинг жүргізілді. Аудандық білім бөлімінің 2023 жылғы жылдық жоспарына сәйкес  2023 жылдың 3-7 сәуір аралығында аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде білім сапасындағы олқылықтардың орнын толтыру және мектепішілік бақылау жұмыстары жүзеге асты. «Мемлекеттік қызмет көрсету» бойынша жұмыс істеу деңгейі, мектеп құжаттамасының  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 382 бұйрығына сәйкес жүргізілуі, мектеп оқушыларын сапалы теңестірілген тамақтандырумен қамтамасыз етудің 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру жұмыстары бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстары да өз деңгейінде өтті. Зерделеу  қорытындысы алқа мәжілісінде қаралып, тиісті шаралар қабылданды.

Педагогтердің әлеуетін арттыру арқылы білім сапасын көтеру мақсатында жыл ішінде 56 іс-тәжірибе тарату семинары, 2 форум өткізілді.

Наурыз  айының 24 күні «Педагогтің кәсіби құзіреттілігі-нәтижелі білім беру негізі» атты педагогтер форумы ашық алаң форматында өтті. Форумның негізгі бөлімінде «Назарбаев зияткерлік мектептері», ДББҰ Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Б.Қ.Асубаев, Сулейман Демирель Университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Ж.Т.Қайыңбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық Университетінің «Академик Т.С.Сыдықов атындағы Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ж.Е.Сманқұлова, «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы»АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының әдіснама және педагогикалық инновация кафедрасының аға оқытушысы Л.Ж.Орманбекова, Алматы облыстық жас дарын орталығының, шеберлік білім беру бөлімінің басшысы Қ.О.Сүлейменова және аудан мектептерінен 350 педагог қатысты. Форумда ғалымдар өз тәжірибелерімен бөліссе, мұғалімдер көптеген сұрақтарына жауаптар алды. Аудандық деңгейде атақтары дардай адамдардың арнайы ат басын бұрып, үлкен шараға қатысқандарының өзі үлкен мәртебе болды. Форумның екінші бөлімінде Шонжы ауылындағы барлық мектептерде 20 тәжірибелік алаңға 2000-ға жуық педагог қатысып, пәндік құзіреттіліктерін арттырды. Іс-әрекеттегі зерттеу үдерісіне негізделген «Зерттеуші мұғалім» жобасы аясында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Б.Қ.Асубаев, тренер А.Алимовпен бірлікте «Үлгерімі төмен оқушылардың білім сапасын арттыру» тақырыбында зерттеу жүргізілді.

Педагогтердің пәндік құзіреттіліктерін арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық Университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушыларымен бірлікте география, биология, химия пәндерінен қиын есептерді шығару бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілді. Аудан мұғалімдері осы бағытта аталған білім ордаларының оқытушыларымен бірлесе кітап шығарды. Бұл өте тиімді бастама болды. Ғылыми атақтары бар адамдармен бірлесе жұмыс істеудің өзі табысқа жетелейтіні анық. Бұл дәстүр жалғасын табады.

Жыл бойы білім берудегі озық тәжірибелерді тарату арқылы білім сапасын арттыру, білікті педагогтерді анықтау мақсатында 22 мектепте ашық есік күндері өтті.  Ашық есік күндерінде педагогтер білім сапасын арттырудағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, сабақтар, шеберлік сыныптар мен коучингтер көрсетті. Әрине әр мектеп шама-шарқыларынша дайындалып, жақсы дүниелерін көрсетуге тырысты. Бұл бастама да білім саласында жүрген жандарға серпіліс берді десек артық айтқандық бола қоймас.

Өскелең  ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді, оның жетістіктеріне, мәдениетіне құрметпен қарауға, елін мақтан тұтуға тәрбиелеу, барлық жастарды біріктіру мақсатында мектеп оқушылары арасында  әскери-патриоттық клубтар құру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Бұл бағытта да жаңашыл қадамға бардық. Ақпан айында алғашқы лекте «Жас шекарашы», «Полицияның жас көмекшісі» клубтарына аудан мектептерінен 100 ге тарта оқушы қабылданса, аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Жас сарбаз – Ұлы Дала ұланы» тақырыбындағы әскери-патриоттық іс-шарасына аудан мектептерінен 200-ден  аса оқушы қатысты. Бұл шараға да елге танымал, атақтары бар әскерилер мен қоғам белсенділері шақырылды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Нагуманов Марат Серәліұлы, республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Мейірбек Оразұлы Меңдіғалиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, «Ұлттық құрылтай» мүшесі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Нурумов Шаһимардан Усаинұлы қатысып, өздерінің өмірлік тәжірибелерінен әңгімелер айтып, жас патриоттарға ізгі-тілектерін арнады.

Наурыз айында ауданның 12 мектебінен 230-ға жуық оқушы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері атанды. Бүгінде ауданымызда «Жас Сарбаз», «Жас Шекарашы», «Полицияның жас көмекшісі», «Жас Ұлан», «Жас өрт сөндірушілер», «Жас құтқарушы» клубтарына 587 оқушы мүшеміз бар. Аталмыш шаралардың мақсаты жастарды Отанына, атамекеніне деген махаббат пен патриотизм рухында, бір ғана Отанымыз Қазақстанның патриоттары болуға тәрбиелеу болып табылады.

12 сәуір күні республика бойынша тұңғыш рет Шонжы ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен  I-дәрежелі  «Айбын» орденімен марапатталған, «Жыл адамы» байқауында «Алтын адам» премиясының лауреаты атанған  Асқар Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» сыныбы ашылды. Бұл шараға Қазақстан Республикасының сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Юрий Викторович Ильин бейнеүндеу үндеу жолдады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Төтенше  жағдайлар  министрлігінің  өртке  қарсы  қызмет  комитетінің  төрағасы, азаматтық қорғау генерал-майоры Дербесов Нұрболат Бекболатұлы және батырдың жұбайы Забикулина Анель Ерғалиқызы, атасы Ерғали Қабанбаев, досы Бірлес Абылай Бахытбекұлы және Алматы облысы ТЖД басшысының өкілдері шараның құрметті қонағы болды. Салтанатты жиында «Даңқ  бұрышы» ашылып, Асқардың азаматтық келбеті мен ерлігі паш етілді. Аталған жоба бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлеріне үлгі болғандығын мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы өз сөзінде ауданымыз туралы ерекше атап өткендігі біз үшін зор мәртебе.

Тек қана біліммен емес спорт жарыстарында да оқушыларымыз біраз белестерді бағындырды. Оқушыларымыз облыстық жарыста волейболдан 9-11 сынып ұлдар кұрама командасы ІІ орын иеленсе, баскетболдан 9-11 сынып қыздар құрама командасы І орынды иеленіп, республикалық жарысқа қатысып қайтты.

«Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында» 362 бала қосымша біліммен қамтылуда. Бұл көрсеткіш аудан оқушыларының 3,1% құрайды. Мамыр айында аудандық мәдениет үйінде шығармашылық орталықтың ұл-қыздары «Өнерге қанат қаққандар» атты жылдық есеп беру концертін өткізді. Концертке Жамбыл өнер мектебінің директоры, Қарғалы шығармашылық орталығының директоры, Ұзынағаш өнер мектебінің директоры, «Жас Ұлан» оқушылар үйінің директоры, Кеген өнер мектебінің директоры, Шелек музыкалық мектебінің директоры қатысып, жоғары баға берді.

Балалар демалысы, оқу-сауықтару лагеріне 2022 жыл бойынша жалпы саны 300 бала қамтылса, биылғы жылы тағы 300 бала және «Қазақстан халқына» қорынан 140 балаға лагерьге жолдама берілді. 2450 оқушы өлкетану, тарихи мұражайларға экскурсия жасайды. Жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін спорттық сауықтыру лагерьлеріне, туристік жорықтарға және тілдік лагерьлерге тарту тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Ауданда 49 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Онда 2250 бала қамтылған. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 96%, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 99% ды құрайды, 2023 жылға бюджеттен 100 жаңа орын ашу үшін 60 миллион 416 мың теңге бөлінген. Биылғы оқу жылы табысты аяқталды. Жазғы демалысты тиімді өткізіп, жаңа оқу жылына жаңа күш-жігермен келсек деген ниетіміз бар.

Білім – болашаққа салынған капитал. Қазақстандық білім беру жүйесінде күн сайын жаңалықтар болып жатыр. Жаңартулармен толығып отыр. Басты мақсат – дамыған мемлекеттердің білім жүйесімен тереземізді тең ету. Білім беруді жаңғырту – бүгінгі заманның талабы. Болашақ мамандардың сауатты, білімді болуы білім ошақтарындағы дұрыс оқытудың нәтижесіне байланысты. Білім жүйесіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені, бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Білімсіз оқушыдан жақсы маман шықпайтыны тағы белгілі. Сондықтан, білім беру саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі шаралар, жаңашыл бастамалар осы олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Ал білім саласының мамандары бар білімдері мен тәжірибелерін ұрпақ санасына жаңашылдық пен ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып жеткізгенде нақты нәтиже болары анық. Біздің аудандық білім бөлімінің жыл бойы атқарған жұмыстары осының нәтижесі.

Қарлығаш ДИҚАНБАЙ,

аудандық білім бөлімінің бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…