Аспантаудың аясы – Жетісу өңірі өнер мен мәдениеттің қайнаған қазаны. Осы киелі мекеннің тал бесігінде тербелген өнер мен руханияттың тұлғалары тарихта өзіндік орындарын алып келе жатыр. Осы тұлғалардың бірі күйші Қожеке Назарұлының дүниеге келгеніне үстіміздегі жылы 200 жыл толып отыр. Домбырасының көмейінен қазақтың төл өнері төгілгер әйгілі күйші Жетісудың төріндегі әйгілі аспантаулардың етегіндегі Қарқарада дүниеге келген. Ел құлағын елең еткізген күйші өз заманында өнермен қатар ел басқаруды да, қол бастауды да, сөз бастауды да өз алдына жақсылап меңгерген тұлға болған. Сол кезеңдегі солақай саясатқа дес бермей, отаршылдыққа бас имей, елін бастап, үдере көшкен беті Текес өзенінің бойына қоныстанған екен. Осылайша ол ел басқару ісіне әкенің тәрбиесінің арқасында ерте араласқан. Қожеке бастаған рулы елдің көшіп келуіне Қытай өкіметі де бейтарап қарамаған. Алғашқыда Қожекеге шен-шекпен беріп, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыруға қолданбақ болады. Қожеке сияқты біртуар тұлға халқының қамына қиянат іске бармай, бірбеткейлігі мен халқына және антына адалдығы жібермейді. Ақыры бойында нағыз қазақтың қайсарлығы қайнаған күйшіні көндіре алмаған Қытай өкіметі оны азаптап өлтіреді. Осындай тұлғаны туған топырағында ұрпақтар алдында дәріптеп, 200 жылдығын дүркіретіп ат шаптырып, қазан қайнатып, Алты алаштың ұрпағының басын қосып атап өту үшін дайындық жұмыстары басталып кетті. Аталмыш тұлға туралы құнды жазбалар қалдыру үшін ел ішін арнайы ғылыми-экспедициялық топ аралап, қараша жұрттың ішінен күйші туралы деректер жинастыруды жүргізуде. Өткен аптада осы топ біздің ауданға келіп, аудан ақсақалдарымен және тұрғындармен кездесу өткізді. Филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы бастаған топ әуелі кездесуге келген мақсаттарын айта келе ақсақалдар мен қатысушыларды тыңдады. Аудандық мәдениет үйінің өнер қызметкері, күйші Бақытқан Жұмақадыр Қожеке Назарұлының біздің өңірде ұмыт бола бастаған бірқатар күйлерін Алтай өңірінен арнайы алып келіп, қайта жаңғыртып жатқан жалғыз күйші болып, экспедициялық топтың қоржынын құнды ақпараттармен толықтырып берді.
Қожеке өзі куә болған, өзін толғандырған өмір құбылыстарын күй тілінде баяндап отырған. Бұл күнге дейін Қожекенің жүзге тарта күйі жеткен. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Іле өңірлерінде тартылады. Күйшінің артында қалған ұрпағы мен қалың елі ғасырлар мен жылдардың астында көміліп қалған ұлттық өнер мен тұлғаның тарихын өшіріп алмас үшін ел ішінен құнды мәліметтер мен шығармаларын жинақтап, құжатын қағазға, шығармасын таспаға бастырып, келер ұрпаққа аманат ету мақсатында осындай игі істі иіріміне салып жүрген жайы бар. Ұлылар ұмыт болмай, ел тарихы болашақтың жадында жаңғыра берсін!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТ