Басты бет Көкжиек ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

0
423

Мұғалімнің мәртебесін көтеру, абыройын асқақтату, қоғамдағы рөлін айқындау деген мәселелер – соңғы кезеңдерде көтеріліп жүрген өзекті сауалдардың бірі. Сондай-ақ бұл жұмыс біртіндеп жүзеге асырылып та келеді. Жалпы ұстаздардың мәртебесін көтеру жұмыстарын әр өңірдің білім саласының басшылары өз құзыры шегінде түрлі әдістермен жүргізу керек деп ойлаймын. Осы орайда біздің ауданның мұғалімдерінің мәртебесін көтеру, еңбектерін елеп, ескеру шаралары тиісті дәрежеде жүргізілуде. Соның ең ауқымдысы өткен аптада өткізілген “The best-2023” педагогикалық фестивалі көпшіліктің көңілінен шығып, қатысушылардың есінде ерекше әсерлермен қалды.

Атауынан бастап ерекшеленген бұл фестивальға аудан басшылығы, ақсақалдар мен үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері және аудандағы мектеп директорлары мен ұстаздары және ең бастысы республика көлеміндегі қонақтар мен өнер жұлдыздары қатысты. Шараның мақсаты – жыл бойы білім саласында тер төгіп, ерінбей еңбек етіп, еселі табысқа жеткен ұстаздар қауымын есте қаларлықтай етіп марапаттау, ел алдында мәртебелерін асқақтату. Осы орайда фестиваль барысында ағымдағы оқу жылы ішінде “Ашық есік күндерін” өткізген мектеп директорлары мен ұжымдары қызыл кілем үстімен жүріп өтіп,  өздерін бірер минут болса да жұлдызды сәтте сезіне алды. Шараны елімізге танымал тележүргізуші  Тахир Сұлтан мен кино актері Нұрқанат Молдахан жүргізді.Аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметжанқызы арнайы ақпараттық баяндамасымен шараның кіріспесін жасап өтті. Ал алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахунов сөйлеп, барша ұстаздар қауымын осындай айтулы күнмен шын жүректен құттықтады. Сонымен қатар, бұндай шара аудан көлемінде тіпті облыс пен республика көлемінде бірінші рет өтіп жатқандығын және бұл жағдай өзін ерекше қуанышқа бөлеп тұрғандығын айқындап өтті. Облысымыздың құрметті азаматы, ауданның беделді ақсақалы Ызғарбек Бектұрсынұлы да мінбеге көтеріліп, тұңғыш рет және ерекше форматта өтіп жатқан шараның шынайы бағасын беріп, мұғалімдерге сәттілік пен толағай табыстар тіледі. Ауданның білім саласы осы оқу жылында шынымен бір серпіліс жасағандығын ерекше атап өтті. Қонақ ретінде шақырылып, ауданға ат басын арнайы бұрған Жәмила Серкебаева да осы шарада өнерін ортаға паш етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қазақтың эстрада өнерінде өзіндік орны айқындалып келе жатқан талантты әнші, актер, түрлі тарихи фильмдерде Алаш ардақтыларының рөлін сомдаған жерлесіміз Әсет Есжан да осы ортада бой көрсетіп, “Дүр қамшысын” айтып арқаландырып, “Қарадалам-ай” әнін орындап, баршамыздың рухымызды бір асқақтатып тастады. Үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген талантты әнші Бахамов Шахмурат та ұйғырша әндерін тарту етіп, ортаны жандырды. Қуаныштары қойынға сыймаған ұстаздар тіпті орындарынан тұрып бой жазып билеп те алды. Айта кетер жәйт “The best-2023” ұстаздар фестивалі қолы ашық жомарт азаматтардың демеушілігімен өтті. Аталмыш демеушілердің қолдауымен жоғарыда аталған еңбегі орасан әр мектеп директорына арнайы қаржылай сыйлықтар да тарту етілді. Шараны жерлесіміз Әсет Есжан “Мен сені сүйемін Қазақстан” атты әнімен қорытындылады. Жанарға қуаныш, санаға серпіліс берген бұл фестиваль ауданның барша ұстаздар қауымына айтып жеткізе алмайтын ерік-жігер мен келесі жылғы оқу жылына деген ынта берді. Мұғалімнің мәртебесі асқақ болып, еңбектері жана берсін демекпіз!

Толғанай ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

Ғ.Садвақасов атындағы Үлкен Ақсу орта мектебінің алды мерекелік көрініске бөленіп, гүлге, …