Басты бет Саясат ҚОҒАМНЫҢ ҚУАТ ТІРЕГІ – ОТБАСЫ

ҚОҒАМНЫҢ ҚУАТ ТІРЕГІ – ОТБАСЫ

0
1,275

Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны ерекше. Комиссия бірнеше жылдан бері отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп келеді.

Жаһандық дәуірде салт-дәстүрімізден, тілімізден, дінімізден ажырап қалмай, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру, нығайта түсу мақсатында ұлттық құндылыққа негізделген «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы іске асырылып келеді. Жоба отбасы құндылықтарын сақтауға, ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін арттыруға, ата-аналар институтының жұмысын үйлестіруге және тәрбие жүйесін қалыптастыруға бағытталған. «Өркендеудің» ұлттық тәрбие мек­теп­тері, атап айтқанда, «Ата мектебі», «Әке мектебі», «Аға мектебі», «Әже мек­тебі», «Ана мектебі», «Жеңге мек­те­бі» сияқты ұлттық тәрбиеге қатысы бар мектептердің дәл қазір берер пайдасы ұшан-теңіз. Оның бәрі құрғақ сөзбен, ақыл айтумен шектелмеуі керек. Бала ата-анасына қарап бой түзейді, ортасына қарай ой түзейді. Сондықтан бұрындары үлкендеріміз балаларының жақсы ортаға түсуін Жаратушыдан сұрап отыратын. Егер балаңыз білімді, мәдениетті, ойлы ортаға түссе, ол да соған қарай бейімделеді. Керісінше нашар балалармен дос болып, бұзақылыққа, еркелікке бой алдырса жаман, жат қылықтарға еліктей бастайды. Тәрбие – тал бесіктен. Отбасында баламызға қандай тәрбие көрсетсек, ол үлкейгенде соның жемісін көрсетеді. Яғни балаға сәби кезінен бастап тәрбие беретін, қоғамға бейімдейтін, бағыт-бағдар ұсынатын отбасы екендігінде дау болмаса керек. Отбасы бала үшін өмір мектебі, онда алғаш рет қарым-қатынас түрлеріне үйренеді, қоршаған ортамен танысады, мінез-құлық нормаларын меңгереді, адамгершілік қасиеттері қалыптасады және дамиды. Сондықтан да келер ұрпақты тәрбиелей отырып, оларды өмір жолында кездесетін қиыншылықтарға қарсы тұра білуге үйрете білу керек.  Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды, оларға қарап бой түзейді, үлгі алады. Балалық шағында отбасында алған, меңгерілген қасиеттер бала бойында өмір бойы сақталады.

Жас адамды саналы, есті, мәдениетті, сергек етіп тәрбиелеу – отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы. Яғни, балаларды тәрбиелеу тек ата-ананың жеке ісі емес, бұған барлық қоғам қызығушылық танытуы керек. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді». Олай болса егемен  еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен бастау алып, оқу тәрбие орындарында тәрбиеленген саналы ұрпақтың қолында.

Бұл мәселе еліміздің Заңдарында да көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының Ата Заңында «Біздің мемлекеттің ең басты байлығы, қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осыған сәйкес елімізде адам және оның өмірі үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Ата заңымызға сүйенсек «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінген. Мемлекеттің бұл саясатын жүзеге асыру үшін бізге ауызбірлік пен тәрбие керек.

Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстай білу керек, жағымды, жағымсыз мінез құлықтарды байқайды. Кейде жағымсыз мінез-құлықтарды бойына сіңіріп, дағдыға айналдырып жатқан балаларды байқауға болады. Бізде арнайы кәмелетке толмаған жасөспірімдер істері жөніндегі комиссия бар. Сонда қаралатын мәселелерге байланысты кейде жаның түршігеді. Мектеп жасындағы қыз балалардың жүкті болып қалуы да қазір қалыпты дағдыға айналып бара жатқаны қынжылтады. Аналардың өз балаларынан безінгендері, әкелердің араққа салынып бала тәрбиесіне мән бермейтін жағдайлары қоғамда әлі де көптеп демесек де кездесіп отырғаны шындық. Олардың тәртібін, мәселесін бір комиссияда қарап реттей салу мүмкін емес. Оған жан-жақты талдау жасалып, сарапталып, екі тараптың жағдайлары толықтай зерттелген соң ғана нақты шешім шығарылады. Бірақ бұл да келеңсіздіктерден арылта қояды деуге болмайды. Комиссияның миссиясы – баланың қамқорлықсыз, назардан тыс қалмауы. Олардың сабаққа дер кезінде барып, қатарластарынан қалмауын қадағалау.

Қазір балаларды ешкімнен кем қылмаймыз деген ұстаныммен отбасында баланың талап-тілегін бұлжытпай орындау, шектен тыс қамқорлық көрсету белең алып барады. Өз бетінше  шешім қабылдауға, әрекет етуге мүмкіндік бермейміз. Сондықтан бала өз орнын таба алмай, қиындыққа тап болып жатады. Қыңырлыққа, қарсыласуға үйренеді. Бұл да – өмірдің шындығы. Тағы бір фактор кей жағдайларда, кейбір ата-ана баласының әр қадамын тұрақты, қатаң бақылауға алады. Оның жүріс-тұрысы, әрбір адымын есепке алып отырады. Осының нәтижесінде бала ата-ананың торына түсіп, өз бетімен іс-әрекет жасау мүмкіндігінен шектеледі. Бұл да дұрыс емес. Баланың жүрек қалауы мен қолынан келетін ісіне қарай бағыттап, қолдап отырған дұрыс. Егер бар мүмкіндіктерді шектей берсек солқылдақ мінезге ұрынған бала өз-өзіне қол жұмсаудан да тайынбайды. Қазіргі балалардың өмірге қарсылықтарының бір көрінісі болып қалған суицид те азаймай тұр. Сәл қиындыққа ұшыраса болды, өзіне қол жұмсай салады. Жасыратыны жоқ, қоғамда көзге ұрып­ тұрған буллинг, суицид мәселелері алаң­дау­шылық тудырмай қоймайды. Бұған ұлттық тәрбиені уыстан шығарып алуы­мыздың, ұстаз бен оқушы, ата-ана ара­сындағы үшжақты байланыстың берік болмауының да кері әсері тиіп жат­қаны анық. Отбасын қоғамның қуаты, тірегі деп атаймыз. Отбасында балаға, оның қалауына қарай дұрыс әңгіме өрбітіліп, ата-ана өз өнегесімен баланың дұрыс қалыптасуына, дұрыс жолды таңдауына мұрындық болғанда одан жақсы азамат шығады.

Отбасылық тәрбие беру – күрделі және көп қырлы жүйе. Әке мен шешесінің отбасындағы келеңсіз іс-әрекеттері балаға әсер етпей қоймайды. Баланың жүйке жүйесі бұзылады. Денсаулығы нашарлайды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін мұғалім, сынып жетекшісі, бүкіл педагогикалық ұжым ата-аналармен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлесе отырып жұмыс атқаруы керек. Өйткені, бала тәрбиесіндегі теріс әдет-дағдылар ата-ананың қамқорсыздығынан, қадағалаусыздығынан, мейірімсіздіктен туады. Осындай тәрбиенің сәтсіздіктерінен «Тәрбиесі қиын»  балалар пайда болады. Ол бала  мектепке де, өз сыныптастарына да түрлі кедергілер келтіреді, ең алдымен өзі жапа шегеді.

Отбасындағы ұрыс-керіс баланың жүйкесін тоздырады. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Ата-аналар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі, қыры мен сырын дүние жұмбақтарын танытып, тағылым талғамға, әдептілікке баулуға тиіс. Себебі, ата-ананың күнделікті өмір тіршілігіндегі еңбегі, адамның бейнелері, жақсы мінез-құлқы, дұрыс қарым-қатынасы – балаға үлгі. Баланың алдында барынша сабырлы әрі ұстамды болуға тырысу керек, ата-ана өзі үлгі бола отырып, баласын сабырлылыққа тәрбиелейді. Әрбір ата-ана – өз баласы үшін-басты тұлға. Сондықтанда да кез келген бала алдымен үлгіні ата-анасынан алады. Бала әкеден ақыл, анадан мейір алады. Ата-ана баласымен пікірлесуде бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорламай, мейірімді, табиғи, жылы ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбие де табысқа жетеді, өйткені, жақсы сөз жан семіртеді.

Еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақты азаматтық пен имандылыққа баулу – тәрбиенің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдар ұлттық тәрбиеге де мән бергендері жөн. Бұл саладағы күш-жігер алдымен бүлдіршіндерді отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталады. «Отан» деген ұғым балаға дүние есігін ашқан үйі, ата-анасы, ағайын туыстары, туған жері, кең-байтақ даласы, тау-тасы, өзен-көлі, сылдырап аққан мөлдір бұлағы бейнесінде қабылданып, ең қасиетті де құдіретті алтын бесігі ретінде үйретуге тиіспіз. Бірақ сондай тәрбиені өзіміз дұрыс беріп жүрміз бе?  – деген сұрақ әркез толғандырады. Отаншыл болу үшін, атамекеніне адал қызмет атқару үшін әр адам өзінің міндетіне адалдық танытуы тиіс. Осы тұста қазіргі әскерге баратын науқанның өте солғын жүріп жатқандығын айтар едім. Баланың саны жеткілікті болғанымен, әскерге барғысы келетін жігіттердің аз болып тұрғаны өкінішті. Денсаулығы жарап тұрғандарының өзі әскерден қашып жүргендеріне шыны керек ұяламыз. Зіңгіттей жігіттердің әскери борыштарын өтеуден жалтарып, сылтау іздеп, бір жылдық әскери қызметке бармаудың жолдарын қарастыратындарына кейде күлкің келсе, кейде жылағың келеді. Бұрындары екі жылға шалғайға, тіпті теңіз флотына баратындар үш жылға кететін. Мыңдаған шақырымдарды артқа тастап, туған ауылынан сыртқа шығып көрмеген жігіттеріміз кете беретін. Ресейдің Сібірі бар ма, Магаданы бар ма, көз көрмеген, құлақ естімеген жерлерге бауырларымыз, ағаларымыз барып әскери борыштарын өтеп қайтатын. Оларды туған ауылдағы жерлестері құрметпен қарсы алатын. Той жасайтын. Қазір соның бәрі ертегі сияқты естіледі. Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу, ұлтжанды жастарды қалыптастыру – біздің міндетіміз.

Осы тұста қазақ зиялыларының бірегейі  М.Жұмабаевтың мынадай бір айтқан сөзімен ойымды қорытындыласам: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн». Менің де тілегім осы.

Қадыржан БАҒБАЕВ,

аудан әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…