
Үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде шалғай өңірлердің тұрғындарын қолжетімді және білікті, тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын Алматы қаласынан бастаған болатын. Күні кеше ғана пойыз ауданымыздағы Тасқарасу бекетіне аялдады.
2010 жылдан бастап қолға алынған бұл жобада кесте бойынша «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы биыл 5 желтоқсанға дейін еліміздегі 120-дан астам станцияға аялдап, жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетпек. Сондай-ақ биылғы жылдың ерекшелігі сол, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы бойынша алғаш рет, пойыз жұмысына азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық әрі медиаторлық көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылуда.
Бұл мамандар азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу, т.б. мәселелері бойынша тегін кеңес беретін болады. Сондай-ақ кез келген даулы мәселенің түйінін тарқатып, істі сотқа жеткізбей шешу мәселесінде де медиаторлардың рөлі зор болмақ. Бұл тәжірибе қолға алынғалы бері елімізде медиаторлардың көмегіне арқа сүйеген азаматтар санының жыл сайын артуына байланысты биыл «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына заңгерлер тартылуда. Ауылды жерлерде кәсіби заңгерлер мен медиаторлардың тапшылығын ескерсек, бұл тұрғындар үшін таптырмас көмек болары да сөзсіз.
Жоба үйлестірушісі Үсіпбекова Жанар Жолдасбайқызының айтуынша, «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шыққан 8 күн ішінде 5 станцияға аялдап, 700-ден астам ел азаматтарына дәрігерлік көмек көрсеткен. Терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог сынды кәсіби мамандармен қамтылған пойызда емдік кеңес беру қызметі көрсетіледі. Тіпті кішігірім оталар да жасалады екен. Ал тұрғындардан қандай да бір күрделі ота жасап, емдеуді қажет ететін сырқаттар анықталса, жергілікті ауруханаларға жолдама беріледі.
Пойыз Тасқарасу станциясына 3 мамыр күні таңғы сағат 9-00 шамасында аялдады. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қаныш Оңайбай бастаған атқамінерлер келген қонақтарды қарсы алды. Жылы лебіздерін білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.
Алғашқы күні-ақ дертіне шипа іздеп келген ағайынның қарасы көп болды. Бірі баласын жетелеп келсе, енді бірі қарт анасын ала келген. Әсіресе аудандық орталық ауруханада тапшы отоларинголог, гинеколог, уролог сынды мамандарға сұраныс көп. Ең бастысы бәрі де тегін. Екі күн бойы ауданның кез келген азаматына тегін медициналық көмек көрсетіп, ел алғысын арқалайтын жүрдек пойыздағы ақ халаттылар бұдан әрі Панфилов ауданына жол тартады.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ