Басты бет Қазақ елі НАҒЫЗ ШЕКАРАШЫ

НАҒЫЗ ШЕКАРАШЫ

0
252

Отан қорғау деген ұлы мамандық бар. Оған сенің әскери шенің, таңдаған кәсібің немесе басқа міндеттерің жатпайды. Өз отаныңның азаматысың ба, сол отанды қорғауға міндеттісің. Ол сенің жынысыңа, біліміңе еш қатысы жоқ. Ал енді кәсіби түрде шекара күзетінде жүрген әскери қызметкерлер егемен еліміздің шебінен қыл өткізбей, оны көздің қарашығындай қорғау ісінде қырағылық танытып, әскери міндеттерін адал атқарып жүргендіктен біздің ұйқымыз тыныш, аспанымыз ашық.

Шонжыдағы шекара бөлімінде осындай азаматтар кәсіби түрде міндеттерін атқаруда. Тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері, аға лейтенант Қайрашев Жасұлан Еркінұлы өз ісіне мұқият, жауапкершілігі жоғары қызметкерлердің бірі. Кез келген жұмыстың басында идеология тұратыны баяғыдан белгілі. Бұл сырттай жеңіл көрінгенімен аса жауапты іс. Қазіргі жастардың бойына патриоттық сезімді, тәрбие мен тәртіпті қалыптастырып, отаншыл болып шығуларына бірден-бір мұрындық болатын адам да осы идеология бөлімінің мамандары. Жасұланның таңдаған мамандығы – мемлекеттік және жергілікті басқару. Бірақ жүрек қалауы әркез әскери қызметте болғандықтан әскери кафедраны тамамдағаны осы жерде көмегін тигізді. Әскери қызметке келсем немесе келісімшартпен жұмысқа тұрсам деген ниеттері бар жігіттермен қашанда ашық әңгіме құрады, оларға әскери өмірдің қыр-сырын түсіндіреді. Қиындықтарын да жасырмайды. Жас болса да өзіне жүктелген міндетке аса тиянақтылық танытып жүрген нағыз шекарашы. Қазір Шонжы шекара бөліміндегі білгір мамандардың бірі. Қарапайым отбасында тәрбие алған оның әкесі Еркін Қажытайұлы жедел жәрдем жүргізушісі болса, анасы Гүлжан Ескендірқызы балабақшада тәрбиеші. Ата-ана үмітін ақтағандығы болар үйінен жырақта жүрсе де Отанына деген парызын адал атқарып жүргендігі. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылының тумасы Жасұлан біздің өңірде жас сарбаздарға тәрбие беріп, өзінің бойындағы бар жақсы қасиеттерін шекара қызметіне арнап отыр. Біз үшін ол нағыз шекарашы. Отан қорғаушылар күні мерекесімен оны шын жүректен құттықтап, әскери қызметінің табысты болуын тілеймін.

Раушан ЖАНАБАЕВА,

Шонжы шекара бөлімінің қызметкері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

Ел арасында қазір баласын әскерге жіберуге қорқатындар саны артқан. Бойларын үрей билеген.…