Басты бет Спорт Дала спорты дәріптелді

Дала спорты дәріптелді

0
1,418

Биылғы жыл жарқын жақсылықтар мен ерекше естеліктер, ауқымды шаралармен дүбірлеген думанды тойлармен ауданымыздың тарихында қалатын жыл болып тұр. Оның айқын дәлелі жыл басынан бері осы қасиетті өңірде өткізіліп жатқан облыстық мәдени, спорттық шаралар. Күні кеше Ұлы Жібек жолының бойында бабалардың тұлпарының дүбірі, домбырасының күмбірі қалған дархан даланың төсінде құмай тазыны жүгіртіп, садақ атып, теңге іліп, жамбыны нысанаға алып, көкпар тартып, думандатып ұлттық спорт ойындары мен ат спортынан облыстық үлкен шара өткізілген болатын.

Осындай кезекті спорттық шараның тағы бірі Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерей тойына орай «Толағай» алыптар сайысы Алматы облысының ашық турнирінің өткізілуі біздің өңірге бұйырған екен!Соңғы жылдары ел ішінде дәстүрлі түрде өткізіле бастаған нағыз қазақтың даласына сай ұлттық болмысымыз бен көне спорт түрлерін дәріптейтін аталмыш шараның өтуіне Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болды. Ал «Толағай – Алыптар сайысы» жобасының авторы, қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының және әлемнің рекордшысы, түйе көтерген палуан Темір Дәулетбақұлы Спатаев дәстүрлі дала спортының жаңғыруына тер төгіп жүрген жан. Шараның ашылу салтанатына Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Елеусізова Бота Серікқызы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы, облыстық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының жетекшісі Ержан Айдарханов арнайы қатысты. Аудан әкімінің алғы сөзімен ашылған шараның алғашқы бөлігінде облыстан келген арнайы алғыс хаттар аудан әкімі Шухрат Нурахуновқа, аудан әкімінің орынбасары Кадыржан Бағбаевқа және аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының жетекшісі Айдос Нақыбаевқа басқарма басшылары тарапынан ұсынылды. Ізгі шара ауданымыздың беделді ақсақалдары Мұқатай қарияның жылы лебізі мен  аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жәнет Сәдіұлының бәтуәлі батасымен басталды.

 

Ашық турнирге еліміздің әр өңірінен келген 20 ға жуық спортшы бақ сынасты. Шараның ережесі мен талаптарына сәйкес алыптарға салмағы10 келі тартатын найзаны қашықтыққа лақтыру, 141 келі салмағы бар тасты көтеріп қашықтыққа жүріп өту, үстінде жарты тонна жүгі бар ағаш арбаны құм үстімен тарту, 100 келі болатын бөренені иыққа алып отырып-тұру, қалың темірді жылдам уақыт ішінде майыстыру сынды ауыр әрі қатал талаптар қойылды. “Күш атасын танымас” деген халық даналығы осы сайыста да өз дәлелін тапқандай болды. Спортшылар жоғарыда аталған талаптар бойынша нағыз түйепалуандарға сай күш пен мінез, таңқалдырарлық нәтиже көрсете білді. Жалпы жарыс қорытындысы бойынша Жетісу облысынан келген Берсанов Ибрагим жеңіс тұғырының бірінші орнын иеленіп, жарыстың белбеуін тағып, 500 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Түркістан облысынан келген Мақұлбеков Азамат екінші орынға табан тіреп, 300 мың теңге қаржылай сыйлықты қоржынға басты. Алматы облысының Іле ауданының намыс туын желбіретіп келген Инкин Евгений 3 орынды еншілеп, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Басқа да қатысушылар жарыстың естелік медалімен марапатталды.

Қазақ даласында темірден түйін түйіп, тау көтерген талайлаған  түйепалуандар мен толағайлар тарихта қалған. Балуан-Шолақ, Қажымұқан секілді алып бабаларымыздың жолын жалғастырып, ерлігін үлгі етер осындай сайыстың бүгінгі таңда қайта жаңғырып жатқандығы дүйім жұрт үшін жағымды жаңалық. Осындай алыптар сайысынан аты аңызға айналатын спортшылар шығып, кешегі ел тарихындағы толағайлардың ізін басатын, тұлпарының дүбірі даланы шайқаған батыр бабалардың ұрпағы деген атқа лайық болатын алыптардың қатары көбейе берсін!

Ақжол Нұрдәулетұлы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…