Басты бет Өңір тынысы Бірлігі бекем Шошанай

Бірлігі бекем Шошанай

0
414

Қасиетті Қарадаланың қойнауында Шошанай деген ауыл бар. Бірлігі бекем, берекесі тасыған, қойнауы құт ауыл бұл. Кіндігінен талай тарландар тараған. Қазақтың маңдайына біткен талай тау тұлғаларына жерік болған бұл топырақ. «Бекжан Тұрыс  туған ауыл» десең-ақ ел елең етіседі.  Бекжандай бекзада тұлғаны, Нүркендей нағыз талантты дүниеге әкелген әйдік топыраққа кие дарыған-ау шамасы.  Себебі ауызбіршілігі мығым. Бұл ауылдағы ағайын үшін алынбайтын қамал жоқ.

Өткен жылдың өзінде ауылдан түлеген түлектер мен тұрғындардың қаражатына қатымхана салды. Онан соң бірер ай ішінде 16 метр биіктікте тутұғыр орнатып, көк туымызды ауылдың кіреберіс тұсында желбіретті. Міне, енді көктем шығысымен бұл ауылдағы ағайын саябақ жасаудың қамына кірісіп кеткен.  2 гектар аумақты қоршап, «Жастар саябағын» жасақтауда. Ауыл азаматтарының айтуынша, заманауи үлгідегі қоршаудың өзіне 5,5 миллион қаражат жұмсалған. Оны да ауыл азаматтары өз қалтасынан шығарған. Енді осы алаңға ағаш отырғызып, жасыл желекпен көмкермек. Балалар ойнайтын арнайы алаңқай жасап, жастардың серуендеп, жасамыстардың демалып, шер тарқасып, әңгіме-дүкен құратын демалыс орнына айналдырмақ бұл маңды. Оның бәрі де, әрине, ауыл азаматтарының бастамасымен қолға алынуда. Жарықтандырып, жолдарына асфальт төсемек.

Жуырда аталмыш саябаққа Шошанай ауылының жас, кәрісі түгел жиналды. Ауылдың аузы дуалы ақсақалдары да, ақ жаулықты аналары да саябақтан табылды. Асарлата жүріп 600 түпке жақын ағаш отырғызды. «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық акция аясында Шошанай ауылындағы саябаққа 35 түп туя, 70 түп терек, 20 түп бұйра тал, 35 түп жылауық тал, 20 түп долана, жалпы саны 180 түп ағаш көшеттерін берген. Сонымен қатар ауданымыздың кәсіпкері, аудандық мәслихат депутаты Алимжан Ашимов 200 түп жеміс ағашын, Шошанай ауылының тумасы Айдынғали Табылдиев 200 түп терек ағашын сыйға тартқан.

Тайлы-тұяғымен жиналған көпшіліктің бірі жер қазып, тыңайтқыштарын төсеп жатса, енді бірі арық қамымен жүр. Қарап отырған жан жоқ. Бірлік пен татулықтың арқасында шошанайлықтар бір күн ішінде 600 түп ағашты бұйым көрмеді. Алғашқы кезде суды өздері тасып құймақшы. Болашақта саябақты көгалдандырып, тамшылап суару әдісін пайдалансақ па деген ниеттері де бар. Тек осы тұста мемлекет тарапынан біраз көмек болса нұр үстіне нұр еді деген тілек-ниеттерін де жеткізіп қалды.

«Ауыл – алтын бесігіміз» деп ауылға көңіл бөлуді мемлекет басшысының өзі тапсырды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Президент сол күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Шыны керек, бұл бастамадан күтеріміз көп және оған бәріміз атсалысуға тиіспіз. Осыны нақ түсінген шошанайлықтар бірден іске кірісті. Жастардың ауылға тұрақтамауының басты себебі – жұмыссыздық пен арнайы демалыс орындарының жоқтығы. Осындай олқылықтың орнын толтыруды шошанайлық ағайындар қолға алды. Бастамасы өте жақсы. Алдағы уақытта ауыл азаматтарына итеріп қоймай, аудан басшылығы тарапынан да саябақтың көркеюіне сүбелі үлес қосылады деген сенім мол.

Түйін:

Аудан көлеміндегі қолға алынған алғашқы игі бастама алдағы уақытта басқа ауылдар тарапынан да жалғасын табады деп ойлаймыз. Себебі ауыл — сіз бен біздің киелі мекеніміз. Ауылды дамыту – мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін дамыту. Кіндігі ауылға байланған қаймана қазақтың қай-қайсысы болмасын тамырынан ажырамауы қажет деп есептейміз.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…