Мамытқан Құдайбергеновты ауданда, аудан емес-ау облыс, республикада танымайтындар кемде-кем. Өзінің ұстаздығы мен ақындығы бір төбе болса, шәкірт баулудағы шеберлігі бір төбе. Бүгінде елге танымал азулы, арқалы ақын Бақыт Беделхан өзімнің ұстазым деп жеткен жетістігі, шыққан шыңы үшін қашанда Мамытқан ұстазын мақтан ететіндігі ақын-ағайдың білімі мен көрегендігінен болар. Мамытқан Әбенұлының мұғалімдік жолы ерекше. Оның сабағын тыңдаған, одан дәріс алған баланың бәрі де ағайларын ауыздарынан тастамайды. Алысқа бармай-ақ өзімнің баламды мысал келтірейін. Әдебиетке онша құлқы жоқ, жалпы пәндерге қызығушылығы шамалы оқушы болды. Бірақ спорттың түбін түсіретін. Сол балам әдебиет сабағынан соң кәдімгідей ақын, жазушылар туралы әңгіме айтатын болды. Мұхтар Мағауин неге елден кетіп қалды деген сұрақтар қойып, мені таңғалдырды. Қазір өзі де мұғалімдік жолда жүргендіктен болар ауылға келген сайын Мамытқан ағасын сұрайды. Ағайының сабақ беру әдісін айтып отырады. Осы жолы келгенде Абай жолының төрт томдығын алып кетті оқуға. Мамытқан ағайдың еңбегінің нәтижесі деп түсіндім. Іштей ағайға алғыс айттым.
Мамытқан Әбенұлы 13 мамырда 70 деген жастың желкесіне шығып, мерейлі жасын тойламақшы. Әр шәкіртін жалғызым деп үкілеп отыратын ақын-ағайды осы айтулы күнімен құттықтаймыз. Әр адамның дара жолы болады деп жатамыз. Дей тұрғанмен оны мәнді, мазмұнды жүріп-өту пейіл, ниетпен қоса білім мен мінезге де байланысты екендігі даусыз. Мамытқан аға жақсы мұғалім болып қана қоймады, дарынды балалардың бойындағы талаптарын ұштап, оларды өнер жолына баулуда тамаша еңбек үлгісін көрсете білді. Оның жарқын дәлелі – Бақыт Беделхан. Сүйікті оқушыларының бірі бүгінде аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімін басқарып отырған – Ақжол Нұрдәулетұлы. Ұстаздық жолын жалғастырған Дана Сапарова, Бақытгүл Тыштыбаева, Кәмшат Исаева, Ақмарал Құдайбергеновалар жақсы мұғалім деген атты арқалап жүр. Осының бәрі ұстанымы мықты ұстаздың өнегесі, үлгісі.
Мамытқан Әденұлы – 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1978 жылы оны ойдағыдай аяқтайды. Институт қабырғасында жүрген кезінде негізін Сәкен Сейфуллин салып кеткен «Жас қанат» әдебиет үйірмесінде жетекшілік етіп, сол тұстағы өнерге талаптары бар жастармен кездесулер, әртүрлі шаралар өткізіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін де шыңдай түседі. Сол кездері институттың «Педагог» газетінде өлеңдері үзбей басылып тұрды.
Академик Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметов, Ғабит Мүсірепов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев сияқты ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырып, олардың өмірімен, шығармашылығымен студенттерді таныстырудағы еңбегі ерен. Нағыз өнер қырандарының қолын алып, олармен емен-жарқын араласқан ағамыз өз шәкірттеріне сол күндердің естеліктерін майын тамызып тұрып әңгімелеп, атақты адамдардың өміржолдарын айтудан еш жалыққан емес. 1975 жылы республикалық жас ақындар мен жазушылардың Ү слетіне қатысып, жас ақындар мүшәйрасында өлең оқуға жолдама алған. Атақтары жер жарып тұрған ақындар Қалижан Бекқожин, Жәрдем Тілеков, Аян Нысаналиндер сол кездері Мамытқан Әбенұлының өлеңдеріне жақсы бағаларын берген.
№2 Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектепте ұстаздық ете жүріп, «Жас қанат» әдебиет үйірмесін, облыста бірінші болып «Айтыс» мектебін ұйымдастырып, көптеген дарынды шәкірттердің талантын шыңдады. №4 Шонжы орта мектебінде директор болды. Тек басшы ретінде ғана емес жылт еткен таланты бар балаларды әрі қарай шығармашылық жолына жетелеуде де ерекшеленді. Айтыс мектебінің түлегі Бақыт Беделхан Абайдың 150 жылдығына арналған аудандық айтыста бас жүлдені жеңіп алып сыйлыққа жүйрік ат мінгенде бөрігін аспанға атып қуанған да осы кісі. Бердібек Соқпақбаевтың 70 жылдығына арналған Нарынқолда өткен облыстық ақындар айтысында Бақыт шәкірті тағы да бас бәйгені жеңіп алып республикаға жолдама алады. Ақындықтың әліппесін танытқан ағасының әлпештеуімен қазір еліміздегі ең танымал ақынға айналды. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары. Міне ұстаз ретінде мақтана алатындай деңгейге шыққан Мамытқан Әбенұлы шығармашылыққа жақын балаларды тәрбиелеуде әлі де еңбектен қол үзбей келеді. «Өрлеу» өнер-білім орталығында оқушыларды өлеңге баулып жүр. Жақында ғана шәкірті Бағдар Асқарбек облыстық жыр мүшәйрасында жүлделі екінші орынды иеленіп келді.
Мамытқан Әбенұлы өмірлік серігі Зылиха апай екеуі – өмірге төрт перзент әкеліп, оларды заманға лайықты тәрбиелеп, бүгінде немере қолынан май жеп отырған бақытты шаңырақтың иелері. Зылиха апайымыз да ағамыздың шығармашылығына дем беріп, оның өнер жолындағы құлшыныстарын демеп отырған салиқалы әже. Үйдің берекесі, отбасының ұйытқысы болған апайдың мәпелеуінің арқасында ақын-ағайымыз жетпіс деген жасқа жігітше шауып жетті. Әлі тың, бергенінен берері көп. «Көкемарал», «Кең дүние» жинақтарының авторы, «Албан – Жарты ата» тарихи танымдық кітабы мен «Сағанай жұпары» өлеңдер жинағы оқырманға жол тартты.
Қазақстан Республикасының білім озаты, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, ауданның құрметті азаматы атақтарын маңдай тері, табанақысымен иеленген мерейтой иесіне шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіңіз жанып, өміріңіз тек жақсылықтарға толы болсын демекпіз.
Баян МАМЫРБАЕВА