АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ…

0
894

Кісілік тұлғамен өлше­не­ді. Байтақ тарихымызды тұл­ғалар құрайды. Бір қазаққа ғана емес, әлемге аяулы ұл болған аса көрнекті жазушымыз, ұстазымыз Мұх­тар Омарханұлы Әуезов Абайды әлемге танытты. «Абай жолы» романы арқылы Мұхтар Әуезовтің өзінің бағы жанды. Жазушы ретінде, ұстаз, тарихшы ретінде Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінде ойып тұрып шыңынан орын алды. Әрине пікір алуандығы, әркімнің өз көзқарасы бар деген сияқты Мұхтар Әуезовтің де кейіпкерлерін бейнелегенде, мәселен Құнанбайдың қаталдығын, қатыгездігін, озбырлығын сынап жатқандар да бар. Құнанбайдан Абайдың бейнесі алдыға шығып кеткен, бірақ Құнанбайдың арқасында, соның тәжірибесі мен тәлімі, қаны арқылы Абай Абай болды деп топшылайтындар да көп. Не десекте «Абай жолы» әр қазақтың бойтұмары секілді, басына жаттанып жататын киелі кітабына айналғаны рас.

Абай – данышпан. ХХ ғасырда қазақ халқының басында қиын жағдай болатынын сезгендей тағдырдың өзі қатал сынап, қазақ болып қалуына ақыл, ерекше күш қосатын адамды жіберді. Абай – сол жомарт тағдырдың өкілі. Ол – ұлы ақын, ұлы ойшыл, ұлы ұстаз. Ал Мұхтар Әуезов – қазақтың маңдайына бұйырған ұлы тұлғасы. Біздің бағымызға Абайды, Мұхтарды, Алаш арыстарын берді Тәңір. Олардан тарайтын ұрпақтары саусақпен санарлықтай ғана десек қателесе қоймаспыз. Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовті ел-жұрты мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде таниды. Асылдың сынығы деп баға береміз. Ол халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты.

Биыл асылдың сынығы Мұрат Мұхтарұлы 80 жасқа толды. Мұрат Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитованың ұлы. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірген. Қызметтік жолында басшы да, депутат та, елші де болған. Сондай-ақ, ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын асық», «Тарлан» сыйлығының лауреаты. «Времен связущая нит», «Иппокрен», «Уйти, чтобы вернуть» еңбектерінің авторы. Бірнеше жыл Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде айтарлықтай жұмыс атқарды. Еліміздің ғылымын, көркем әдебиетін, кино өнері мен телевизиясын дамытуға елеулі үлес қосты. «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысы мен «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі. Ұлы Жібек жолын зерттеу мен дамытуға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның қола медалімен марапатталған. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы қорды басқарады. Жақсы әкенің баласы атану да кез келгеннің басына қонатын бақ емес. Мұхтарды, ұлы тұлғаның ұлы деген атты көтеру үшін де ақыл, парасат, рухани білім керек. Бұл тұрғыдан Мұрат Әуезов әке атына кір келтірген жоқ. Әкесі туралы оның  өз ойымен бөліссек. «Ол – ұлы ұстаз. Қазақ халқы үшін ғана емес, балаларына, отбасына ұстаз бола білді. Әпкем Ләйлә Мұхтарқызы көрнекті тарихшы ғалым, өте үлкен білімнің иесі болса, бауырым Ернар – дүниежүзіне атағы шыққан үлкен ғалым-орнитолог. Құстың қарашағын зерттеген. Өзіміз де осал емеспіз. Соның бәріне, бала тәрбиесіне әкем Мұхтар ерекше мән берді», – деп мақтанышпен айтады. «1949 жылы наурыз айында Алматыға келдік, сол жылы күзде Алматыдағы қазақ мектебіне 1 сыныпқа бардым. 4 сыныпқа барғанда орыс мектебіне ауысуға тура келді. Әкем әріп таныған күннен бастап қазақ әдебиеті, тарихымен танысуыма ден қойды. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев туралы мен мектеп қабырғасында жүрген кезде әкем мен анамнан естідім. Анам ақынжанды еді. Мағжан, Ілиястар ұсталып кеткен соң да олардың шығармаларын көзінің қарашығындай қорғады, кешкісін бізге есік-терезені жауып Мағжанның шығармаларын оқып беретін еді», – дейді ата-анасы жайында әңгімесінде. Әкемнің үлкен көрегендігі – мені қазақ мектебіне бергені. Алғашқы үшінші сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқығанмын. Ол кезде Алматыда небәрі екі-ақ қазақ мектебі болған, №18 ұлдар мектебі, №12 қыздар мектебі. Сол кезеңде бірде-бір бастық «ұлтшыл» деген атқа ие болып қалмайын деген қорқынышпен балаларын қазақ мектебіне бермеді. Алайда қазақ мектебінде мамандардың тапшылығынан орыс мектебінде оқитын балалардан менің білімім төмендеу болды. Сондықтан ата-анам ақылдасып, мені төртінші сыныптан бастап орыс сыныбына ауыстыруға шешім қабылдады. Ол үшін әкем маған арнайы мұғалім жалдап, орыс, ағылшын тілдерін жеке оқытты. Әкемнің осындай қамқорлығының арқасында мен төртінші сыныпта орысша оқуға еш қиналмай кірісіп кеттім. Сонымен, келесі жылы №39 орыс мектебіне бардым. Біз кішкентайымыздан табиғатқа көп шығатынбыз. Әкем балаларын өзімен қатар алып жүрді. Ол кісі балаларының тәрбиесіне үлкен мән берді. Үлкен әпкеміз Ләйлә МГУ-дың ­тарих факультетін бітіріп, өте мықты ғалым болды. «Абай жолы» романының тарихи негіздері» деген диссертация қорғап, кітап шығарды. Ернарымыз табиғатты өте қатты жақсы көруші еді. Оқыған кітаптарының бәрі аң-құс, табиғатқа байланысты болды. Ол мылтықты, оқ-дәрінің иісін жақсы көруші еді. Алыстан көруге көзі де өткір. Дуадақ атып, арқар аулайтын. Бір күні Ернармен бірге тауға шығып, суық тиіп қалғаны бар. Мұным әкеме ұнамай, мені дәрігерге қаратты, туберкулез ауруының алғашқы белгілері бар екен. Ал әкем туберкулездің не екенін жақсы білген, оның кейіпкерлерінің көбі, Абайдың Әбіш, Мағаш балалары осы туберкулезден көз жұмған. Сондықтан болар менде алғашқы белгілері байқалысымен-ақ әкем денсаулығыма қатты мән берді. Тез арада емдетуге шешім қабылдап, анам екеумізді Бурабайға жіберді. Әкемнің сол кезде маған жазған хаттары бар. Ол хаттарында «Күздігүні далада көп жүретін қорықтық (сондай қойшылар істеп ішетін сүт тамақ болады, тәтең айтып берер) ішіп, қыза бөртіп семіретін жас қойшылар болады. Дәл сондай боп келсең деп күтемін» дейтін.

Әкеміз мамандық таңдауға үлкен мән берді. Мен №39 мектепті 1958-59 жылы бітірдім. Әкем менімен жиі әңгімелесетін. «Кім боласың? Ойланайық, ақылдасайық» деп отыратын. Ол кезде астрономия сәнде болатын. Алғашқыда астроном боламын деп жүрдім де, емтихан тапсырар кезде ойымды өзгерттім. Маған гуманитарлық сала жақын екенін, әдебиет, тарих, ­географияны қалайтынымды түсіндім. ­Ойымды әкеме айтып ем, ол аз-кем ойланды­ да: «балам гуманитарлық сала жеңілдеу көрінуі мүмкін. Бірақ ол теңіз сияқты терең, бойласаң батып кетуің мүмкін. Оның толқындары бар, ол жерде­ өзіңді еркін сезінуің керек. Сонда ғана сен нағыз маман бола аласың» деді. Мен бәріне дайын екенімді жеткіздім. Мамандық таңдайтын жылы Мәскеу университетінде Шығыстану факультеті жаңадан ашылған болатын. Өзі ара-тұра сол университетте лекция оқып тұрушы еді. Онда қытай тілі, араб тілі, бұлардан басқа корей, вьетнам тілдері бар екен. Соған Қазақстаннан баруға бірінші рет мүмкіндік туды. Әкемнің тілегі араб тілі болды. Мен осы жерде емтиханды жақсы тапсырғанмын. Сол жаққа барғанда араб тілін оқуға болмайды дейді. Араб тілінде оқу үшін мектепте ағылшын тілінде оқу керек екен, мен неміс тілінде оқығанмын. Сонымен мені вьетнам тіліне ұсыныпты. Әкем ректорға хат жіберіп, араб тілі болмаса қытай тіліне ауыстырылсын деп өтініш айтыпты. Маған «қытай тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар» деді. Өйткені 1957 жылы Ш.Уәлихановтың еңбектері бірінші рет бес томдық болып шыққан, сонда Шоқанның Қытайға барғаны, бәрі бар. Ол бес томдықты шығаруға менің әпкем Ләйлә Мұхтарқызы мен әкеміздің досы Марғұланның тікелей қатысы болған. Шығыстану факультетін бітірген соң, әкем мені Қытайдың мықты оқу орындарының біріне оқытуды жоспарлап еді, өкінішке қарай, оған жетпей өмірден озды», – деп еске алады.

1963 жылдан бастап «Жас тұлпар» ұйымын ұйымдастырған Мұрат Әуезов. Ол әкесінің аманаты, өсиеті деп қабылдаған. Дүниежүзілік әдебиет институтында аспирантурада оқи жүріп, «Жас тұлпар» ұйымымен айналысты. «Жас тұлпар» қанатын кеңге жая берді. Жан-жақтағы қазақ студенттері ғана емес, аспиранттары, басқалары қосылған бұл ұйымда кіл зиялылар, олардың ұрпақтары бас қосты деуге болады. Мақаш Тәтімовтің әкесі репрессияға ұшыраған, өзі қазақ мектебін бітірген. Сондай саналы жас жігіт. Ең бірінші болып ашаршылық пен демография тақырыбына үңілген осы Мақаш болды. Сонымен, «Жас тұлпар» үлкен қоғамдық қозғалысқа айналды. Аспиранттар жүйелі түрде лекциялар оқып, қазақтың тарихынан білетінін бөлісті, өйткені бізге жаңа тарих керек болды. Біздің түсінігімізде бұрынғы тарих отаршыл саясаттың жемісі еді. Сержан Ақынжанов Отырар туралы айтып берген, Алтай Аманжолов көне түркілер туралы зерттеулер жүргізді. Ол кезде тың өлкесінде бір ғана қазақ газеті болды, оның өзі орыс тілінен сөзбе-сөз аударма. Міне, сондайларға «Жас тұлпар» қарсы шықты.

Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан ақылы: «Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры – осы ұлтжандылықта. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал». Мұрат Әуезовтің түрлі философиялық ой-пікірлері мен тұжырымдамалары бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Асылдың сынығы ретінде ол кісінің әрбір сөзі мен ісі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…