Батаменен ел көгерер
Аптаның басы жағымды жаңалықпен басталды деуге болады. Шонжыдағы №2 мешітке ағылған жұртта қисап болмады. Облыс деңгейінде өтетін бата беру сайысына бақтарын сынап келген жандар бір-бірімен қауқылдасып, амандық-саулық сұрасып, алдын ала әзірленген орындықтардың алдыңғы қатарына жайғасты. Сыртта әрі-бері өткен адамдардың «Не болып жатыр?» деп топтасып тұрғандарын да көзіміз көрді. Мешітте тек ізгілікті шара мен игі бастамалар болатындығын түсіндіріп тұрған имамдар да кездесті.
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ұйымдастырылған бұл шараның жүргізу тізгігін қолына алған Бахтияр Нұрқасымбай амандық-саулық сұрасқан соң «Бата» сөзіне кеңінен тоқталды. Ең қастерлі құндылығымыз – батаның айтар ойы терең, ниеті түзу, сөзі нәрлі, көпке тигізер шапағаты мол болуы керек. Бата беру – ықылым заманнан бері келе жатқан қасиетті өнер. Шынайы ниетпен берген бата қабыл болады дейді. Сондықтан қазыналы қариялар үй иесі және тұрмыс құрған қызға, отау құрған екі жасқа, отан қорғайтын батырға, жолға шыққан жолаушыға қол жайып батасын берген. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші тілеген игі жақсылық пен сәттілік әрбір жанға рухани азық болған.
Бата беру – қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі. Бата – бастағалы тұрған істің қасиетті тұмары. Сондықтан сөз қадірін ұғынған халқымыз ежелден есті сөзге мән беріп, «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» деп кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Иә, батада айтылған әрбір аталы сөзді ынтымақ пен ырысқа, жақсылық пен берекеге ырымдаған. Қазақ көбіне елге елеулі, халыққа қалаулы қадірлі қарт пен абыз аналардың батасын алуға тырысқан, ал қазір періште деп баладан бата алатын болғанымызды тіліне тиек етті. Жарысты бастамас бұрын құран оқылсын деген ниетін жеткізіп, Кіші Ақсу ауылдық мешітінің имамы Мұратқа сөз кезегін берді. Құран оқылып, бата берілген соң Бахтияр баламыз алыстан ат арылтып келген қонақтармен және бәйгеге төрелік ететін әділқазылар алқасымен таныстырды. Олар – Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы, ҚМДБ заңгері Дәулетияр Сағитжан, Талғар ауданының құрметті азаматы, ақын, сазгер Қамнұр Тәлімұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітовтер. Байқаудың шарттарын да түсіндіріп өтті. 2 тақырып бойынша бата айтуға 35 балдан, сонымен бірге киім үлгісіне 50 балл берілетіндігін ескертті. Алғашқы сөзді облыстың бас имамы Мадияр Тағайбайұлына берді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы жоспарымен ислам және ізгі қоғам аясында осындай шараны өткізу үшін аудандарыңызға келіп қалдық. Батаның қасиеті мен қадірін ұғатын қазақ халқы үшін бұл байқау ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, салтымызды дәріптеу болып табылады. Мақсатымыз – ел арасына батаның түрлерін насихаттау. Сондықтан барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, жеңімпаз атаныңыздар», – деген ақжарма тілегін ақтарды. Жеребе арқылы әр ауданның намысын қорғап келген жандар өз кезектерін белгілеп алды. Қарасай ауданынан келген ақсақалымыз Марат Қағазбаев, Іле ауданынан Қайратдин Қылышбаев, Еңбекшіқазақтан Барат Әлиәкпар, Райымбектен Бірлік Әбілқайыр, Ұйғырдан Жәнет Керімқұловтар бақ сынасатын болып, кезектерін алды. Жас мөлшерлері әрқилы, атқаратын қызметтері де әртүрлі болғанымен діттегендері бір бағытқа тоғысқандықтан, әділқазылар берген арнайы тақырыптарға арналған баталар басталып кетті.
Алғашқы болып Қарасайдан келген Марат атамыз шықты ортаға. Ол кісіге түскені – Сапар батасы. Яғни сапарға аттанарда берілетін бата айтуы керек. Марат ағаның ұлттық киімі өзіне жарасқан, бата беруі де ерекше болды. Бір сөзінен жаңылыспады. Кез келген тақырыпты жақсы білетінін, оның ішінде батаның түрлеріне терең бойлағандығын бірден байқатты. Сөз саптауы мықты, айтар ойын іркіп қалмайтындығын білдірді. Өзіне берілген тапсырманы толық орындап шықты. Іле ауданынан келген Қайратдин ағамыз ас батасын берсе, жерлесіміз Жәнет ағамыз тұсаукесерге және халық қалаулылары-депутаттарға бата берді. Еңбекшіқазақтан келген Барат ағамызға жарапазан бата мен игі бастамалар тақырыбы түсті. Райымбектік Бірлік Әбілқайыр шенді, шекпенділерге беретін бата мен наурыз-бата беруі керек еді. Шенділерге, әкімдерге бата бермейтіндігін ашық айтқан ағамыз наурыз батасын төкпеледі.
Әрине дайындық шикілеу болып көрінді. Тақырыптардан ауытқып жатқандар да болды. Ең бастысы батаның түрлерінің көптігіне көзіміз жетті. Ел алдына шығып жауыр болған жаттанды сөздерден бөлек заманауи тілмен, жаңаша сөз қолданушылардың көптігі қуантты. Әділқазылар алқасы ақылдасу үшін басқа бөлмеге кеткен тұста Балқаш ауданынан келген Нұрдәулет имам «Дұғаның қасиеті» тақырыбында уағыз айтты. Уағыз айтушының сөзі жүрекке жетіп жатса, онда тыңдаушының да белгілі бір нәтижеге қол жеткізгені деп білеміз. Нұрдәулет имамның әңгімесі бәрімізді сергітіп, серпілтіп тастады. Бата мен дұғаның еш айырмасы жоқтығын, дұға, тілеу арқылы қаншама адам Құдайдың жақсылығына бөленгендігін нақты мысалдармен әңгімеледі. Бір сәт Алланың хақтығына көзіміз жетіп, іштей жақсы тілеу тіледік.
Бата жарысының қорытындысы шығатын уақыт та жетті. Іле ауданынан келген Қайратдин, Райымбектен келген Бірлік Әбілқайыр, Ұйғыр ауданынан қатысқан Орынбасар Ыбырайымдар ынталандыру сыйлығына ие болысты. Бас жүлде және 150000 теңгеге Қарасайдан келген Марат атамыз лайықты деп танылды. Екінші орын Барат Әлиәкпар атамызға 100000 теңге бұйырды, үшінші орынға Жәнет Керімқұлов ағамыз 70000 теңгеге ие болды. Республикалық жарысқа жолдаманы қарасайлық Марат атамыз алды. Алматы облысының намысын да осы кісі қорғайтын болады.
Аталар мектебі – тәрбие негізі
Келген қонақтардың түскі ас-суын берген соң ауданның барлық ауылдарының имамдары, басқа да шақырылған адамдар аудандық мәдениет үйінде бас қосты. Мұнда «Аталар мектебі – тәрбие негізі» атты тақырыпта семинар болды. Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов аталмыш тақырыпта баяндама оқыды. Халқымыздың ата заманнан келе жатқан ұлттық мұрасының бірі ұлттық салт-дәстүр негізінде адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу. Ұлттық дүние таным негіздерін қалыптастыру. Бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді балаларға ұғындыру, сол сөздерден өнеге алуға баулу. Әжелер, аналар мектептері белгілі бір деңгейде қалыптасып қалды десек те, аталар мектебінің кенжелеу қалып отырғаны жасырын еместігін айта келе Мадияр Тағайбайұлы әр ауылда аталар мектебін ұйымдастырып, оның жұмысын жандандыру үшін бүгінде көптеген шаралардың қолға алынып жатқандығын, соның жарқын бір дәлелі осы семинар екендігін тіліне тиек етті. Қазақтың дүниетанымында ата институтының орны айрықша екендігін түсіндіріп өтті. Талғар ауданынан келген ақын, сазгер Қамнұр Тәлімұлы ақсақалдардың қоғамдағы орны, мәртебесі жайлы сөз қозғады. Ауданның құрметті азаматы, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов жалпы аталар мектебінің қандай болуы керектігін өзінің пайымымен түсіндірді.
Семинарда тағылымды, маңызды мәселелер қаралды. Имамдардың уағыздарына ұйып, батагөйлердің батасына қанығып, аталардың ақ тілектерін арқалап екі шараның нүктесін қойдық. Бірақ одан алған әсеріміздің ұзақ уақытқа дейін жадымызда жаңғырып, санамызда сақталатынына шүбәміз жоқ.
Баян МАМЫРБАЕВА