Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін тарих қойнауындағы «ақтаңдақ» болып келген кезеңдер біртіндеп ашыла бастады.
1930 жылдардағы қуғын-сүргін жылдары әкем Алғазыұлы Шарғын да сондай зобалаңға тап болды. Бай манаптарды тап ретінде жою науқаны кезінде амалсыздан Қытай ауып кете барды.
Әкесі Алғазы Ұйғыр ауданы Тиірмен ауылында ауқатты байлардың бірі болған. Елге мейірімді, қайырымды еді. 72 жасқа дейін баласы болмай, кейінгі әйелі Оңласынмен Райымбек бабаның басына келіп түнеп, Алладан бала сұраған. Осыдан кейін тілегі қабыл болып, екі бала дүниеге келген екен.
Әкемнің шешесі түсінде бірі құйрығы ұзын, ал бірі қысқа екі жұлдыз көрген екен. Сонда екі баласының бірінің өмірі ұзын, бірі қысқа болды. Інісі Арғын өмірден ерте кетті.
Әкем Шарғын Алғазыұлы 1903 жылы 20 мамырда Тиірмен ауылы Ұйғыр ауданы Алматы облысында дүниеге келді. Жас кезінде Додабаев Мақсұт деген кісінің мектебінде білім алған. Ол кісі ел арасында атағы шыққан әнші, жыршы кісі болған екен.
«Мен әдебиетке жасымнан құмар едім. Ақын жазушылардың кітаптарын көптеп оқып, айтыстарын жаттап, халыққа айтып беруші едім. Өз ақылыммен жүрдім, жақсылардан үлгі-өнеге алдым, кітаптарды көп оқыдым. Ақылшым кітап болды», — дейтін әкем Шарғын.
Расында біздің бала кезімізде үй тола кітап болушы еді, есімде қалғаны Абай Құананбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды тағы басқа ақын, жазушылардың араб тілінде жазылған кітаптары еді. Әкемнің кей өлеңдері алаштықтармен үндес еді. Мысалы, Тәңірге жалбарыну деген өлеңінде:
«Тәңірім жоқтан бар ғып жер жараттың,
Үстіне жер бетіне ел жараттың.
Әлемде бәрін бірдей тең жаратып,
Қалайша біз қазақты кем жараттың», – деп ел тәуелісіздігін армандайтын.
Әкем өлең жазуды 10 жасынан бастаған екен. Алғашқы өлеңін ауылдағы бір қыдырмашы кісіге әзіл түрінде жазыпты:
«Бар екен бұл шарада мықты бай шал,
Құдайым, шу дегенде Мықтыбайды
Кешке дейін зыр қағып, тыным бермес
Жігіттер, көріп қалсаң Мықтыбайды
Ұстадағы, ақырын көгендей сал».
Әкем жастайынан өлеңге құмар болып өскен. Қытай жерінде жүргенде басынан біраз қиыншылықтар өтті. Ол жақтағы қазақтар білім-ғылымнан кенжелеп қалған екен. Сондықтан да ағартушылық қызметпен айналысты. Елді ұйымдастырып, мектеп ашып, халықты сауаттандыруға көңіл бөлді, жастарды білім алуға үндеді.
«Жас ұрпағым ғылымнан
Сендер кейін қалмағын.
Құлшынбаған талаппен,
Менше тістер бармағын.
Көзін ашқан көп ойдың,
Ұзын сөзі Абайдың,
Мағынасына ой бөліп,
Қайта-қайта қараймын», – деп халықты білім алуға шақырды.
Мені бастауыш сыныпта көбінесе үйде әкем оқытты. Өлең кітаптарды көшіртіп, оқытып өзі тыңдап жатушы еді. Мүмкін мені әдебиетке баулығысы келді ма екен?! Алайда маған сандар сырын меңгеріп, математик болу бұйырыпты.
Әкем елдің мәселесін шешуге барғанда мені қасынан қалдырмайтын. Кейде айтыс, той-жиындарға да бірге алып баратын. Сондағысы мені көрсін, білсін, ойына түйсін дегені болу керек. Әкем кейіннен аудандық оқу бөлімі меңгерушісі, Мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жайлаудағы елге Қарағайдан сахна жасатып, қойылымдар ұйымдастырушы еді. Қыз Жібек, Алпамыс батыр туралы қойылымдары сол бала кезден есте қалған еді.
Қытай жерінде Таңжарық Жолдыұлы, Дәулеткелді Қосболатұлы қатарлы зиялылармен танысып араласады. Таңжарық екеуі ондағы қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосады. Бұл кездегі басты тақырып сол кездегі жағдайға сай береке-бірлікке, білім мен өнер алуға, ұлт азаттық қозғалысқа арналған болатын. Бұл тақырыптар өзінің бала кездегі үлгі алған, ұстаз түтқан Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды алаш азаматтары салған жолдың заңды жалғасы еді.
Әкем туған халқының болашақ тағдыры жайлы толғақты ой кешіп, қазақтың әріде жатқан азаттық рухын өлеңімен саналарына құя білді. 1951 жылдары Қытай коммунистік партиясы келгеннен кейін сан түрлі шараларды ойлап тауып, әрбір жан өмір мен өлімнің арасында қалды. Бұл алапат әкемізді де іліп әкетті. Қытай түрмесінде қамалды.
Бала кезімде әкемді түрмеде қалай азаптағанын естіп, көріп өстім. Өзі де бір өлеңінде былай деген еді:
«Қытайдың қалдық міне қамауында,
Тұрады екі сақшы қарауылда
Бізді енді, сірә, босатар ма,
Қалған соң бір ілініп, қармағына.
Бірқатар азаматтар атылыпты,
Қарасам сырттан алған хабарыма.
Бір жылдың жүзі болып бара жатыр
Есептеп күн мен айды санауымда.
Түнімен ұйқы көрмей зар иледім
Сүмбемен сабағанда табанымнан.
Айгүл мен Тілеуханыма айттым сәлем
Әкесі кімнің жанында байланып жүр».
Әкем түрмеде жатқанда шешем екеуміз түрмеге де барған едік. Жолықтырмады. Сол кезде шешем үлкен қоршаудың сыртынан аттың үстіне тұрғызып мені түрме ауласына қаратты. Сонда көргенім, әкем түрме ауласында жалаң аяқ, жалаң бас лайды аяқпен илеп жүр екен, екі сақшы қарауылда тұр. Келесі бір барғанда шөп шабуға әкетіпті. Іздеп барсақ алыста шалғымен шөп шапқызып жатыр екен. Сақшылар шешемді жібермеді, мен бір мес қымызды көтеріп, жолығуға бардым. Мені көрді да иегі кемсеңдеп жылап жіберді, бас салып иіскеп, сүйіп жатыр, әбден сағыныпты. Үйден кеткенде алпамсадай ірі денелі жігіт ағасы, шөкімдей шал болыпты да қалыпты. Түрмеде жатып та жазған өлең, қалжыңы ел аузында.
Сол түрмеде Сапронов деген біреу басқарса керек, соған айтқаны:
«Адам емес ит екенсің тақыр анық
Көңіліңе еш еңбегім жақпады анық
Жаман түйе секілді бақырауық
Шаш ал десе аласың басын анық», – деп оның опасыздығын бетіне
басады. Мұны естіген Сапронов көмекшілеріне айтып, тырнағының астына ине тығып, әбден азаптапты. Әкем түрмеде жатқанда біздің отбасымызды ешкіммен жолықтырмай бір сайға оқшаулап тастады. Осындай кезде туысқаның кім, досың кім екені белгілі болады екен. Кейбір жаны ашитын туысқандарымыз бен достары түнделетіп келіп, хал-жағдайымызды сұрап кетеді, басу айтып шыдаңдар деп ақыл береді. Беделхан інім екеумізге бала жоламайды. Ұсталғандар шетінен атылып жатты, кезек әкемдерге де келіп қалған болатын. Қуантарлығы сол кездегі кеңшілік саясатына ілініп, әкемдер екі жылдан кейін босап шықты. Бұдан кейін қайта қызметіне кіріп, шығармашылықпен айналысты, өлеңдері газет бетіне шығып, мектеп оқулықтарына енді. Туған жерден жырақта жүріп, Отанын, туған елін сағынып, бірнеше өлең шығарды. Солардың бірі:
«Бас ием мені өсірген баба тауға,
Анамдай ақ оранған Алатауға.
Айналайын қасиетіңнен елім, жұртым
Шайқаған балапандай алаңында.
Сым тасым бөлек жота, Шоқпар тасым,
Түскендей болып тұрмын отқа басым.
Аңсармын, сағынармын, сарғаярмын,
Сел болып, екі көзден аққан жасым.
Туған жер сендей маған мекен қайда?
Қай жерде қалар екен ғаріп басым…» – деп туған жеріне деген сағынышын өлеңмен басады. 1958 жылы қарашада туған жеріне қайта оралады. Кеңестік заман Қытайдан келгендердің жолын байлайды. Қытайлық, байдың тұқымдары деген ат қояды.
1959 жылы Алматыға келіп сондағы жазушылардан кеңес алып, Ғали Ормановтың кеңесшілігіне бекітіледі. Біраз өлеңдері «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланады. Алайда, бір жылдан кейін, ҰҚК өлеңдерін жариялауға тыйым салды. Бірді-екілі өлеңдері ғана «Советтік шекара» газетіне жарияланып тұрды. Творчестволық адамға бұл оңайға соқпады, деседе өлең жазуын тоқтатпай жастығының астына лақтыра берді.
1990 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін «Көш керуен», «Атамекен» жыр жинақтары шықты. Қалған жазбалары менде сақтаулы тұр. Өлеңдері араб әрпімен жазылғандықтан шетінен кириллицаға аудартудамын.
Әкем 1988 жылы 13 қазанда Шалкөде ауылында (Нарынқол ауданы) қайтыс болды.
Қайтыс болар алдында ғана елмен қоштасу әнін жазып қалдырды:
«Қош болғын қайран туған ел,
Кіндік кесіп туған жер.
Аяулы ұлым, жастарым,
Әзіл күлкі айтысқан,
Інілерім, достарым,
Сенде аман бол, Шалкөде,
Талас пен Шибұт, Қошқарым,
Қош, қош елім, қош елім
Айтарым осы көбіңе-ай,
Ала жүр елім есіңе-ай,
Қойнын міне ашып тұр,
Қара жер, алтын бесік ай», – деп қоштасып мәңгілік мекеніне жол тартты.
Ұлы Тілеухан Шарғынұлы