Әңгімемді шаңырақ сөзінен бастасам. Өйткені шаңырақ киелі ұғымның бастауы. Ол ұғымның түп қазығында отбасы, ел, біртұтас мемлекет деген түсінік жатыр. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымында шаңырақ – қасиетті ұғым. Шаңырақ астында ордалы отбасы бірлікте, бірнеше ұрпақтарымен тату-тәтті өмір сүрген. Қазақта «Шаңырағың шайқалмасын!» – деген керемет тілек айтылып жатады. Бұл тілектің мағынасы өте терең, яғни отбасы бұзылмасын, берекесі кетпесін, ұрпағы өсіп-өнсін дегенді білдіреді. Сондай-ақ атам қазақ өз шаңырағында сырттан келген қонаққа да билік жүргізуге мүмкіндік бермеген, ондай жағдайда «шаңыраққа қара!», – деп ескерткен.
Қазақтың киелі шаңырағы әрқашан шаттықпен, баланың күлкісімен отбасының берекесімен ерекшеленген. Шаңырақтың бейнесі еліміздің мемлекеттік елтаңбасында өзінің лайықты орнын алған. Қазақтың дархан даласын мекендеген ұлыстар бір шаңырақты көтеріп тұрған уықтар іспетті. Барлық ұлыстар бір отбасының мүшелеріндей өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, қазақ халқымен бірге тату өмір сүруде. Ортақ шаңырағымыз – «Қазақстан» деген мемлекетте әр этностың өзінің орны бөлек. Бәрінің құқы тең, мүмкіндігі де бірдей, жағдай бәріне теңдей жасалған. Бәріміз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін бірлікте өмір сүреміз. Біздің басты байлығымыз – мызғымас бірлігіміз. Біріккенді жау алмайды. Құдай бізді берекелі бірлігімізден ажыратпасын деген тілеумен өмір сүріп келеміз. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудегі мақсат та халықтар достығын паш ету, өзге ұлттардың алғысы мен ризашылығын есту. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қарашаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын кең көлемде атап өтеді. Бұл мерекенің өз деңгейінде өтуіне мұрындық болып жүрген – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады. Қазіргі біздің филиалдың басты ұстанымы да осы. Этносаралық қатынастарды одан әрі дамыту.
Қазақстан деген байтақ еліміз ең алдымен бір шаңырақ астына көптеген этнос өкілдерін жинастырып, оларды бауырына басып, өздерінің салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын жоғалтпауына жағдай жасап отырған бірден-бір мемлекет. Қазақстан халқы Ассамблеясы деген ұйым да бізде ғана. Оның мақсаты – әр этностан құралған мемлекеттегі достық, бірлік, тыныштықты сақтау. Бір шаңырақ астында егеменді еліміздің көсегесін көгерту. Ассамблея – ұлттар достығының институты. Оны сан саққа жүгіртіп, әрқилы пікір айтушылар да кездесіп қалады арамызда. Бірақ бұл ұйымның мақсат, мүддесі халықтар достығына сызат түсірмеу.
Қоғамдық келісім кеңестері өмірімізге енгелі біраз болды. Олардың құрамында аналар кеңесі, қоғамдық медиаторлар, ақсақалдар кеңестері бар. Біздің облыста этностық қарым-қатынастарды жақсарту мақсатында қоғамдық келісім кеңестердің филиалдары құрылған болатын. Соның аудандағы филалын басқару жұмысы маған жүктелген-ді. Қазір штатымызда бес маман, сарапшыларымыз бар. Үйдегі, шаңырақтағы жұмысты үйлестіретін ана болғандықтан біз жұмысымызды аналар мектебінен бастадық. Аудандағы 33 мектептің жанынан аналар кеңестерін құрдық. Ол кеңес мектеп пен ата-аналардың қарым-қатынастарын жақсартып, балалармен байланысты күшейту үшін жасақталды. Кез келген тәрбие отбасынан, балабақшадан және мектептен бастау алады десек, біздің ұйымның негізгі жұмысы жастармен жақсы байланыс қалыптастыру.
Ассамблеяның жоспарына сай «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты шара өтті. Ол аудан орталығында ғана емес Сүмбе, Ақтам, Қырғызсай, Ават, Қалжат ауылдарындағы аналар кеңестерінің қолдауымен жүзеге асты. Аталмыш ауылдардағы көпті көрген, көп балалы, абыройлы аналармен кездесу өткізіп, олардың өмірлік өнегелерін сол ауылдағы жастарға насихаттадық. Келіндер сайысы да жоғары деңгейде өтті. Мұнда тек тамақ әзірлеу немесе сәлем салу ғана емес, жалпы бүгінгі қоғамдағы нағыз келіннің қандай болуы керектігін көрсетуге тырыстық. Жұмысы бар, үйінде ата-енесі, шиеттей балалы-шағалы шаңырақтағы келіндердің бейнесін жинақтадық. Ондай әдепті, білімді келіндер көп екен. «Бақытты ана – бақытты отбасы» жобасы бойынша тәлім, тәрбие беретін аналардың әңгімесі тыңдалды. Ауданымызға қоғам қайраткерлерін шақырдық. Этносаралық қатынастарды дамыту мен патриоттық тәрбие мәселелері көтерілді. Политехникалық колледж жастары арасында бес кездесу өткіздік. Онда қазіргі жастарды мазалайтын нәрселер, саясатқа көзқарастары, Отанды сүю, жастар арасындағы достық сияқты тақырыптар қаузалды. «Аяжан» медициналық колледж студенттерімен мемлекеттік рәміздерге арналған шара өтті. Онда әр балаға Гимнның, Елтаңбаның, Көк Тудың мәні мен қасиетін түсіндірдік. Мектеп қабырғасынан шыққан балалар үшін тың дүние болмаса да оның құрметтелуі, дәріптелуі жайында маңызды сұхбат жасадық. Ассамблея жастары қоғамдық бірлестігіне мүше қабылдадық. Олар ендігі жерде аудандағы кез келген ұлтаралық татулық, ынтымақтастыққа қатысты шаралардың басы-қасында болады.
1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен барша аудан халқын құттықтаймын. Бәріміздің көксегеніміз – егемен еліміз іргесінің сетінемеуі, шаңырағымыздың шайқалмауы, бірлігіміздің бүлінбеуі. Ылайым дәл қазіргідей жайма-шуақ, бақуатты елдің бақытты тұрғындары болайық. Бірлік мерекесі құтты болсын!
Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің Ұйғыр аудандық
филиалының жетекшісі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы