Біз жас ұрпаққа ұдайы кешегі батыр бабалардың сара жолын, олардың көзсіз ерлігі мен елін, жерін қорғаудағы қаһармандығын, ұрпағы үшін жанын қиған батырлығын үлгі етеміз. Сондай ұлы халықтың ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз. Кейде сол бабалардың ұрпағының жасық, ез болып бара жатқанын айтып қынжыламыз. Жоқ, бұл қате пікір дер едім. Себебі біздің қоғамда жаумен жаға жыртыспаса да, қолына қару алып, ұрысқа аттанбаса да бейбіт күнде ерлік жасап, батыр атанып жүрген жандар қаншама? Біз оның бірін білсек, бірін білмейміз. Енді бірін бағаламаймыз. Сондай бейбіт күнде бес жанның өмірін арашалап, қызыл жалыннан алып шығып, өз өмірін құрбан еткен батырдің бірі де бірегейі – Асқар Серікұлы Забикулин еді.
Өткен жылдың 16 қарашасында Астанадағы «Қаһармен» тұрғын үй кешенінде қызыл жалын орын алып, бірнеше адам пәтерде қалып қойған болатын. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер арасында Асқар Забикулин 12 қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны арқылы 11 қабатқа түсіп, жанып жатқан пәтердің терезесінен кірген. Сол уақытта пәтерде 5 адам болған. Барлығы аман құтқарылды. Оның бірі – 10 жастағы бала. Өкініштісі сол, адам өміріне араша болған құтқарушының денесінің 80%-ын күйік шалды. Асқар Забикулин төрт күннен кейін 20 қарашада аурухана төсегінде көз жұмды.
Небәрі 28 жастағы Асқардың артында жары, екі қызы қалды. Мемлекет тарапынан Асқар Серікұлының отбасына көмек көрсетілді. Бірақ мәпелеп өсіріп, ер жеткізіп, жақсылығын көремін деп отырған қарт анаға асыл ұл болар кім бар? Тілдері жаңа шығып, әкелеп жүрген қызғалдақтай қыздарға қамқор әке болар жан бар ма? Кеше ғана қол ұстсып, бақытты күндеріміз алда деп жүрген жанға арқа сүйер жарды қайтара аламыз ба? Жоқ. Тек көңілге медеу болары – Асқар Забикулиннің өз қызметіне деген адалдығы мен батылдығы, ержүректігі. Ол шынымен көзсіз ерлік жасады. Жас жанын 5 адамның жолында құрбан етті. Бұл батырлық кез келген жанның қолынан келе бермесі анық.
Осындай қаһармандықпен қаза болған жанның есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназияда І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Асқар Серікұлы Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубының ашылуы өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау генерал – майоры Дербісов Нұрболат Бекболатұлы, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Беспаева Салтанат Дауыспекқызы, Алматы облысы ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Рау Александр Петрович, Асқар Забикулиннің жұбайы Забикулина Анель Ерғалиқызы, қызы Забикулина Адия, Забикулина Анельдің әкесі Кабанбаев Ерғали Амзембекұлы, Асқар Забикулиннің кіші әкесі Жантілеу Оспанов, досы Бірлес Абылай Бахытбекұлы, аудандық мәслихат төрағасы Есжан Нұрәкім Есенбайұлы, аудан әкімінің орынбасары Бағбаев Қадыржан Исаханұлы және басқа да қонақтар қатысты.
Ең әуелі мектепте ашылған даңқ бұрышына келген қонақтар гүл шоқтарын қойды. Асқар Забикулин атындағы арнайы жасалған сыныпқа кіріп, оқушылардың арнау өлеңдерін де тыңдады. Сыныпта Асқар Забикуллиннің жеке жаттары мен суреттері қойылған екен. Осы жерде кішкентай періште Адия Асқарқызының «әкелеп» жылағаны жиналғандардың бәрінің көзіне жас үйірді. Осы уақытқа дейін әкесін іссапарда деп жүрген бүлдіршіннің көңілі әлдебір дүниені сезгендей. Суреттері мен заттарының жанынан шықпай, әкесін іздегені елді еріксіз жылатты.
Салтанатты шарада алғашқы болып аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев сөз алды. Біз осындай ержүрек азаматтарымызды жас ұрпаққа ұлағат етіп, олардың өрлік істерін өнеге етіп, балалардың бойындағы патриотизм рухын асқақтатуымыз керектігін айтып, бұл шараның маңызына тоқталды. Осыдан бірер жыл бұрын Шарын ауылындағы өртте ауыл азаматы Амантай Омаровтың да ерлік көрсеткенін тілге тиек етіп, осындай өр тұлғалы батыр азаматтарды құрметтей білейік деп сөзін қорытты. Асқар Забикулиннің жары Анельге аудан кәсіпкері Масимов Мураттың атынан 500 мың теңге сый-сияпат ұсынды.
Мұнан соң мінбеге көтерілген Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау генерал – майоры Дербісов Нұрболат Бекболатұлы ең әуелі батырды ұлықтап жатқан облыс, аудан басшыларына, білім басқармасы мен білім бөлімі басшыларына шынайы алғысын білдіріп, жастардың Отанға адал қызмет етуіне ықпал ететін осындай шаралардың маңызды екенін айтты. Өз қолымен «Жас өрт сөндірушілер» клубына қабылданған 23 оқушыға куәліктерін табстады. Көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалыны бар өрендер қолдарын көкірек тұсына қоя тұрып ант қабылдады. Нұрболат Бекболатұлы Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатымен облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызын, Абай атындағы мектеп-гимназия директоры Жанаргүл Айтбекқызын, директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Гүлсара Қожанқызын және бастауыш сынып мұғалімі Гүлбақыт Зиналқызын марапаттады.
Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева алты Алаш ардақтаған Асқардай ұл тәрбиелеген ата-ананың бақытты екенін, тек сол бақытты күндерді көздің жасы шайып, қайғыға ұласып жатқанына қынжылды. «Бүгінгі ұстаздар қауымының басты бас ауруына айналған дүниенің бірі – тәрбие мәселесі. Қазір мектеп табалдырығындағы балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Ондағы бала психикасына, тәрбиесіне кері әсер еттін дүниелер ұрпағымызды теріс жолға салуда. Сондықтан осындай ержүрек жандарды жастарға үлгі ету бізге міндет», — деген облыстың бас ұстазы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың сәлемдемесін жолдап, Асқар Забикулиннің отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар Абай атындағы мектеп-гимназияның бірқатар ұстаздарын өз алғыс хатымен марапаттады.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрәкім Есенбайұлы да Асқардың асқар таудай биік тұлғасы жайында сөз қозғап, отбасына амандық тіледі. Батырдың жары Анель бейбіт күннің батыры болған Асқарды құрметтеп, атын дәріптеп жатқан облыс, аудан басшылығына алғысын айтып, тәуелсіз күнде балалардың көз жасы төгілмесе екен деген тілегін жеткізді.
Бұл күн өр рухты батыр Асқардың аты аспандаған тағы бір күн болды. Арқаның төсінде туса да, Алатаудың баурайында атын дәріптеген жандар батырлық, ерлік елге, жерге, руға бөлінбейтінін тағы бір дәлелдегендей болды. Бір қызығы дәл осы күні Астанадағы құтқарушылар саябағында да ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған естелік тақта орнатылып жатты. Бұл шаралар игі істердің ұмыт болмайтындығының анық дәлелі болса керек…
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ