Күні кеше ғана ашылуын атап өтіп, лентасын қиып, ауданның ақсақалдары мен зиялы қауымынан, жалпы халықтан оң бата алған “Өрлеу” интелектуалды өнер-білім орталығы бірден өрге қарай қадам жасады. Өздері өнер-білімге баулып отырған бүлдіршіндерін Алатаудың баурайындағы Алмақалаға алғашқы байқаулардың біріне баптап қосып, қанжығаларын майлап қайтты. “BALBULAQ” балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен V Республикалық “Көктем шуағы” атты балалар байқауына “Өрлеу” өнер-білім орталығының бүлдіршіндері “Хореография”, “Актерлық шеберлік”, “Бейнелеу өнері” номинациялары бойынша сайысқа түсіп, бақ сынады. Республикамыздың әр өңірінен үкілеген үміт арқалап келген жас өрендер бұл байқауда тамаша өнерлерін ортаға салды. Осындай тартысты ортада өздерінің бойындағы табиғи дарындары мен “Өрлеудің” қабырғасында жинаған тәжірибелерін ұштастырып, таланттарын паш ете білген біздің балдырғандар Хореография жанры бойынша “NAZ” би ансамблі мен актерлық шеберлік номинациясы бойынша “Жас дарын” үйірмесі тағы бір БАС ЖҮЛДЕНІ иеленді. Ал «бейнелеу өнері» номинациясы бойынша «Балапан» тобынан Болат Асқар, «Бүлдіршін тобынан» Жәнібекқызы Раяна, «Жоғары топтан» Қанатбекқызы Алиналар 1 орынды еншілеп қайтты. Бұл “Өрлеу” интелектуалды өнер-білім орталығының жаңа сипатта ашылғалы бері үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қарай жасаған алғашқы әрі кішкентай ғана сенімді қадамы деп білеміз. Өнер-білім ордасының қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жас буын осындай намысты додаға түсіп, өзінің бойындағы дарыны мен талантына деген сенімін одан әрі нықтап, қызығушылығын одан әрі арттыра түсетіндігі айқын дүние. Енді ғана жұмысын бастап жатқан ұстаздар мен әкімші топ аз ғана уақыт арасында маңдай тер мен табан ақының нәтижесін көріп, төбесі көкке жетіп қуанып жатқан жайы бар! Бұл орталықты әлі алда талай табыстардың шыңы мен жетістіктердің асқары күтіп тұрғандығы айқын. Сол биіктерді оңай еңсеріп, білім мен өнерді ұштастыра отырып, еш қиындықсыз бағындырады деген сенімдеміз!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ